Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев, комитет мүшелері Сәт Тоқпақбаев пен Уәлихан Қоңырбаев Америка Құрама Штаттары Қорғаныс министрлігінің «CAPSTONE» бағдарламасы делегациясының мүшелерімен кездесті.
Комитет хатшысы Виктор Рогалев сөз бастап, әріптестерімен таныстырды. Еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органының қабырғасында араға жыл салып дәстүрге айналған екіжақты ынтымақтастық туралы пікір алмасып отырғандығына ризашылық білдірді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңындағы дайындық барысынан хабардар етті. «200 жылдық тарихы бар АҚШ-тан алар тәжірибеміз бен үйренеріміз көп», – деді депутат.
Биыл еліміз тағы бір атаулы дата – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толғанын атап өтті. Сол кезде бізді бірінші болып қолдап, ядролық сынаққа қарсы мораторий жариялаған Невада штаты болды. Жақында осы тарихи оқиғаға байланысты «Ядросыз әлем үшін» атты үлкен форум өтті. Оған АҚШ-тан конгрессмендер қатысты.
АҚШ делегациясының мүшесі Ричард Нил Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
-----------------------------------------
Суретті түсірген Аманқұл ДҮЙСЕБАЕВ.