Таяуда өткен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Саяси мәселелер және әлеуметтік-мәдени тұрақты комиссиясының отырысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің халықаралық келісімдер мен шарттарын жүзеге асыру, бітімгершілік саласындағы қызметін нормативтік қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Санкт-Петербургте кеше болған шараға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов бастаған Парламент депутаттары қатысты. Депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының таяудағы сайлау қорытындыларына, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының биылғы тамыздағы Астана қаласындағы бейресми саммиті шешімдерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
Отырыста А.Бижанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Саяси мәселелер және әлеуметтік-мәдени тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды.
Депутаттар, сондай-ақ ҰҚШҰ ПА жұмыс жоспарының жобасын, комиссияның кезекті отырысын өткізу мерзімін және басқа да мәселелерді талқылады.