• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Желтоқсан, 2017

2018 жылы да ауыл­шару­а­шылық жобаларын қаржы­ландыру жалғасады

547 рет
көрсетілді

Өткен жылы 20 мың жеке және қосалқы шаруашылық қожалықтары 500-ден аса ауылшаруашылық коопера­тивтеріне біріктірілді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қатысуымен құрылған бұл бірлестіктер 25 миллиард теңгеге қаржыландырылды. 

Аграрлық сектордағы кооперацияны тиімді ынталандыру тетіктерінің бірі – жеңілдікпен несиелеу. Осы мақсатта Қор арнайы несие бағдарламаларын әзірледі және іске енгізді. 

– Қор қызметіндегі негіз­гі басымдық – Елба­сы­ның ұсақ тауарлы шаруа­шы­лықтарды біріктіріп, ауылшаруашы­лық кооперациясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орын­дау, – дейді «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров.–Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бо­йынша, сонымен қатар Қор өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 45,7 миллиард теңгеге 12,6 мың несие берді. Қаржыланған жобалар бо­йынша 13 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.  «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын Қор бүгінде көптеген көрсеткіштер бойынша жедел өсуді көрсетіп отыр. Ауыл­ды шағын несиелеудің ең ірі операторы, яғни Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры соңғы бес жыл ішінде жыл сайынғы қаржы­лай көмек көлемін төрт есе ұлғайтты. 

Қазіргі таңда Қордың қаты­­суы­мен құрылған кооператив­тер ауылшаруашылық өнімін жи­науға және дайын­дауға кі­рісті. Олардың бір­қатары өнім­­ді әрі қарай қайта өңдеу­ге, тауарлы сүт тағам­дарын, шұ­жық­тарды, жартылай фабрикаттарды шығаруға да кірісіп кетті.  Қор қаржыландырған ко­о­перативтердің бірі – Қара­ғанды облысының Шет ауда­нындағы «Алға» коопе­ра­тиві. Алғашында құрамында 20 қатысушысы болған бір­лестіктің бүгінде 40-тан астам қатысушысы бар. 

Кооперативке кірген шаруа­­­шылықтар қандай та­бысқа қол жеткізді деген сауал туын­­дайды. Біріншіден, жеңіл­детіл­ген несиелеуге қол жеткізді. Шағын несие ретін­де берілген 82,3 млн теңге 630 ірі қара мал басын сатып алуға жұмсалды. Екін­ші­ден, кооператив ауылда мал соятын бекетті орнатты. Модул­дік жабдықтың жарты сома­сы мемлекеттік субсидия есе­бінен төленіп, қалған жар­тысын кооператив 7 жыл ішін­де қайтарады. Үшіншіден, өнді­ру­шілер өнімді тауарлық зат­тармен сапалы түрде алатын болды. 

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданының «Красный яр» кооперативі өз ауылында құс фермасын ашты. Жеңілдік­пен несиелеу асыл тұқымды қаздарды және өнеркәсіптік инкубаторды сатып алуға мүм­кіндік берді. Ендігі жерде мал соятын және мамықты қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. 

Жалпы, Қордың қолдауы­мен 160 сүт қабылдау бекеті, 70 мал сою бекеті қаржылан­дырылып, бордақылау үшін 100 мың ірі қара мал және 28 мыңнан аса сүтті ірі қара мал сатып алынды, 51 сүт тасы­малдау көлігі мен 42 рефри­же­ратор сатып алынды. Құ­рыл­ған кооперативтер толық жұ­мыс істегенде жыл сайын 67,5 мың тонна сүт, 24 мың тонна ет, 10 мың тонна алма, 15 мың тонна басқа ауылшаруашылық өнімін дайындайтын болады. 

2018 жылы да ауыл­шару­а­шылық жобаларын қаржы­ландыру жалғас­ты­рыл­ады. Бұл орайда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жалпы сомасы 45 млрд теңгеден астам несиелеуді жоспарлап отыр. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»