Спектакль аяқталды. Шымылдық жабылды. Актриса сахнадан ақырын ғана жылжып, бұрылып артына қарады да тұрып қалды... Құлағы шуылдап қоя берді. Жаңа ғана осы аядай жерде қаншама шырғалаң, шырмауық тағдырлардың тартысы, жүректің жасы, жеңу мен жеңілу, етпеттеп құлап, қайта тұру, сыбызғы сезім, сырнай күлкі сылқ-сылқ еткендей ме, махаббат әні... Бірде жаңбыр, кейде нөсер... Найзағай жарқылдап, отша лапылдаған толассыз, ессіз сезімдер тізбегі әлі шуылдасып жатқандай... Спектакль аяқталып, кетіп бара жатқан актриса артына бұрылып қараған сәтте сахнада жан бардай сезінді. Сахна мен актриса бірге ақырын ғана күрсінді... Актриса жымиып: «Кездескенше, менің киелі сахнам...» деп тез-тез басып шығып кетті. Бұл ғажайып күйді кешіп, саналы ғұмырын өнерге арнаған жаны сұлу, терең, талантты актриса Бақыт Арғынғазықызы Исабекова еді.
...Актрисамен кездесуге қала кептелісінен әрең жеттім.
– Өз өмірімді театрсыз елестете алмаймын, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Исабекова. Актрисаның грим жасайтын бөлмесінде алдын ала келіскеніміз бойынша сұрағымды қоя бастадым.
– Бақыт апай, өзіңізбен көптен бері әңгімелессем бе деп едім. Сіз үнемі спектакльге дайындалып жүресіз, одан қалды кино түсіру алаңында боласыз. Кеше кешкісін өзіңіз телефон шалып, ертең спектакльден кейін әңгімелесейік дегенде, шынымды айтсам, қуанғаным соншалық таң атқанша көз ілмедім. Ойлар жетегінде болдым. Сонау бір жылдары Семейдің Абай атындағы театрында жұмыс істеген кезіңізде сомдаған әр кейіпкеріңіз тізбектеліп көз алдымнан өте берді, өте берді...
– Тыңдап отырмын, сұрағыңды қоя бер, – деді актриса жүзі күлімсіреп.
– Астанадағы театрға қалай келген едіңіз?
– Ол кезде Целиноград қаласы болатын. Осы жерде Қазақ театрын ашуға келген қазақтың біртуар азаматы, режиссер Жақып Омаров ағамыз арнайы шақырды. Жолдасым, актер Сәкен Омаров екеуміз екі баламызбен 1990 жылы Семейден қоныс аудардық. Осы театр құрылған алғашқы күннен бастап атсалысып, алғашқы қойылым Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Сәкен Сердәлі рөлін сомдап, мен Ақтоқты рөлінде ойнадым.
– Ең алғаш киелі сахна сізді қалай бауырына басты?
– 1982 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын бітіргеннен кейін, Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрына жол тарттым. Ол кезде Семей театрының бас режиссері, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев еді. Семей театрының бағы жанып, аты дүрілдеп тұрған тамаша кезең болатын. Арнайы диплом болғанымен, тәжірибе аздау. Осы кезде Семей театрының үлкендері ақылдарын айтып, жандарына жақын тартқан кездерін ұмыта алмаймын.
Есмұхан ағамыз өмірде қарапайым, жұмсақ адам болғанымен, сахнада өте қатал адам дер едім. Талабы өте жоғары. Өзінің кәсіпқой режиссерлығымен Семей сахнасында алғаш қойылған «Айман-Шолпан» спектаклінде Шолпанды ойнадым. Сондықтан бұл рөл маған өте ыстық. Семейде көптеген қойылымдарда ойнап, Целиноград жеріне ысылып келген едік.
– Дәстүрлі бір сұрақ болсын. Өнерге құштарлығыңыз қай кезден басталды?
– Әрине бәріміз де бала болдық, ауылда өстік. Семейдің Шұбартау деген жеріне әкем жоғары жақтың нұсқауымен аудандық сот болып барған еді. Әкем заң саласының маманы болғанымен, тарихты да, әншілікті де қатар ұстаған. Қиссаларды жатқа айтатын. Есімде қалғаны үйге өнер адамдары өте көп келетін. Әкем жарықтық домбыра шертетін, ескінің әңгімесін өте көп білетін.
Содан бір күні Семейдің облыстық театры «Қыз Жібек» қойылымымен Шұбартауға келді. Мен баламын ғой, әке-шешеме еріп, «Қыз Жібек» қойылымына барайын. Ертеңінде ыстығым көтеріліп, ауырып жатып қалсам керек. Үшінші күн дегенде мен орнымнан тұрып, әкеме: «Маған сахна жасап бер!» деген екенмін. Содан «Абай театры» деген жазуы бар матаны қораның маңдайшасына іледі. Осыдан бастап, мен кәдімгі «Қыз Жібекпін». Батырды да, сұлуды да өзім ойнаймын. Баланың қылығын қызық көре ме, маңайдағы көрші-қолаң, ұсақ балалар бәрі жиналып, күнде менің «спектакліме» келеді. Мамамның біркиер көйлектерін алып шығамын. Қазіргі тілмен айтқанда сахналық «реквизит» сияқты. Менің өнер сахнасына алғашқы қадамым осылайша ауыл сахнасынан басталған.
– Мектеп бітірген соң Алматыға театр институтына құжат тапсыруға аттандыңыз...
– Бірден әке-шешем өнер саласына баруымды мақұл көрген жоқ. Алматыға медициналық институтқа құжат тапсыруға әкем апарды. Мамам болса, осыдан қызым дәрігерліктен басқа оқуға барса «менен жақсылық күтпеңдер!» деп шығарып салып еді. Алматыға барысымен қазақтың әйгілі скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың үйіне түстік. Ол кісі әкемнің ағасы болып келеді. Өте жақсы адам еді, жарықтық. Әлі есімде, әкем екеуі түнімен әңгімелесіп, елдің-жердің жағдайын сұрасып, қисса айтып, шер тарқатысып еді. Біз демалыс күндері барып қалыппыз. Арада үш күн өткеннен кейін құжат тапсыруға жинала бастадық. Әйткеш аға әкемнен анықтап қайта сұрады. «Мединститутқа» деді әкем қысқа қайырып. Үндемей тұрған менен сұрады. Қайдан бойыма батылдық біткенін білмеймін, «актриса болғым келеді» деп айтып қалдым. Әйткеш аға ойланып, бөлмені кезіп жүрді де «Адамның арманы алдамайды, баланың бағын байлама, қарашы көзі жанып тұр ғой қызымның» деп маған күле қарады. Әкем жарықтық «Ойбай-ау, Әйткеш аға-ау, үйге барғаннан соң, келініңіз мені үйге кіргізбейді ғой» деп күлді. «Ау, Ағаш, уақыттың ағысын қара. Өмірдің ең биігіне арман ғана жетелейді, арман ғана шығарады. Өнерде қасиет бар, кие бар, ал қасиет адамға қанат бітіреді. Ал, қызым, саған батамды бердім. Әкеңді үйге қалдыр да өзің барып, құжатыңды тапсыр», деді. Сөйтіп Әйткеш ағаның батасымен Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының студенті атандым.
– Өнердегі алғашқы ұстаздарыңызды айта кетсеңіз?
– Үлкен өнер оқу орны қабырғасында жүргенде Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева, Гүлжаһан Жанысбаева сынды керемет ұстаздардан сабақ алдым. Олардың білімі, берген тәрбиесі өміріме азық болды.
– Ақмола жеріне табан тіреген кезде қиыншылықтар болған жоқ па?
– Шынымды айтайын, Сәкенім жанымда болғанда, әріптес достарымыз болғанда, қиындықты елемегеніміз де шындық еді. Бағымызға қарай, адам жанының «инженері», сахнаның академигі Жақып Омаровтың қолына түстік. Жақып ағай бізді өзінің достарындай, құрбы-құрдасындай көретін еді. Ол кісі шіркін, нағыз майталман еді ғой, жарықтық. Өте психолог, білімпаз, көреген адам болатын. Бірде әзіл-шыны аралас, театрдың бір актер жігіті: «Жақа, осы біз театрдың әртістеріміз. Ауыл-ауылды мына «Кубаньға» отырып кеземіз де жүреміз. Айлығымыз болса шайлықтан аспайды.
Жатақханада тұрамыз. Бұл не жанкештілік?» десе, Жақып аға ақырын күліп: «Сенің айтып тұрғаныңның бәрі рас, ол ой менде де бар. Театр – халықтың болашағы. Сонау Семей жерінде Ойшілікте, далада киіз үйді тігіп, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғанда Мұхтар Әуезов қазақтың өнерінің болашағына сенім артқан ғой. Әуезов болмасақ та Ақмоланың айналасындағы қазақ көрермендерін сахнаға келтіруге күш салуымыз керек. Ол үшін неге ауылауылды, жер-жерді араламаймыз. Бұл – Ақмола Целиноград болғаннан бері, қымыз сапырылып, домбыра тартылып, ән шырқалмаған, тек орыстың частушкалары ғана шырқалған жер» деп еді. Содан Жақып ағаның ұйымдастыруымен жер-жерде дала сахнасы қойылымдары сахналанды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қазақтың хас батырларының мерейтойлары тойлана бастады. Біздің жігіттер ат құлағында ойнап, дала сахнасында тарихи спектакльдерді бірінен соң бірін қойды. Әрине қазақтың жүрегі даламен егіз. Әр қойылымда ауыл-ауылдан халық көп жиналушы еді.
– Менің білуімше, сіз қазақтың майталман режиссері Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың таңдауымен бірнеше рөл сомдаған екенсіз...
– Иә.
– Қызыңыз Марал кино саласында жақсы жобаларға қатысып жүр. Маралдың әр қадамын қуанышпен бақылап отырамыз.
– Рахмет! Маралтайым осы өнердің саласында жүріп, Тайландқа дейін барып, бірнеше жобалардың басы-қасында болды. Ол өзіне тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіру үстінде. Ұлым Еркебұлан банк саласының қызметкері. Бір қуанарлығым, осы Астананың алғашқы тәуелсіздік күндерінен бастап куәгерлері.
– Сіз кино саласында да еңбек етіп келесіз. Осы уақытқа дейін қанша киноға түстіңіз? Сізге театр саласы қымбат па, әлде кино дұрыс па?
– Әрине, театр саласы...
– Мен сізді білгеннен бері үнемі Фариза апамыздың өлеңдерін оқып жүресіз.
– Фариза апам – құбылыс, қайталанбайтын тұлға. Қазақтың қара өлеңіне Алла берген ырыс-береке дер едім. Ол бүкіл қазақпен жақсы араласқан адам. Өйткені ол кісіні облыс, аудан, ауыл, жалпы қазақ білетін еді ғой. Жаны жайсаң, жастарға қамқорлығын аямаған кісі...
– Фариза апамызбен жақын араластыңыз ба?
– Ол кісімен бір жүздесу, сырласу бір ғұмырға татитын еді ғой. Мен ақын апаммен жақын танысты. Фаризаның «Күйші Дина» пьесасында Жантолы рөлін ойнадым. Жантолы Фариза апамның өзі деп ойлаймын. Әрине бұл менің жеке пікірім. Фариза Оңғарсынованың ақын сіңілілері көп-ақ. Бәрі шетінен оқырмандарын терең жырларымен сусындатып жүрген керемет жандар. Фариза апамыз ешкімді ел-жерге бөлмейтін, талантты ғана сыйлайтын адам еді ғой. Елена Әбдіхалықованың өнері мен таланты неге тұрады?! Ол нағыз Фаризаның жолын қуған сіңлісі деп айтар едім. – Бақыт апай, сіздің режиссерларға көзқарасыңыз қалай?
– Әрине пьесаға жан бітіріп, көрермендерге жеткізетін режиссер. Өз басым ол жағынан бақыттымын. Әзірбайжан Мәмбетов, Кәукен Кенжетаев, Есмұхан Обаев, Жақып Омаров, Болат Ұзақов, Талғат Теменов, Нұрлан Жұманиязов сынды режиссерларға алғысым шексіз.
* * * Біз далаға шықтық. Аспаннан жапалақ-жапалақ қар жауып тұр. Қатарымызда келе жатқан бейтаныс бозбала ұялы телефонмен сөйлесіп келеді. «Жеңеше, мен кездесуге келе жатырмын. А-а, гүл алуды ұмытып кетіппін. Барып ал дейсіз бе, кешігемін ғой, тұрмысқа шық деген ұсыныс айтамын. Сізге осы қыздан артық абысын керегі жоқ». Бізге жігіттің сөзі ап-анық естіліп тұр.
Әсем Астана жылдың төрт мезгілінде де табиғаттың ерекшелігімен салтанат құрады ғой. Жап-жарық қала. Жарқын өмір... Бір кезде актриса жігітке күле қарап: «Айып етпе, балам, дауысың анық, жақсы естіліп тұр бізге, менің Еркебұланымдай бала екенсің, мына гүл сендерге», деп өзінің гүлін ұсынды. «Бұл көрермендердің алғысы, бақытты болыңдар, айналайын!..». Жігіт қуанғанынан жүгіре жөнелді. Қолында гүл. Қар жауып тұр... Аппақ әлем.
Біз қоштастық.
...Аппақ әлемге қарап тұрып актриса не ойлады екен?..
Гүлмира КЕҢЕСБАЕВА