Ту – қашан да қасиетті, киелі, мемлекеттік рәміз. Сондықтан жақсысы, жаманы болмайды.
2000 жылы жасыл құрлық Австралияның Сидней қаласында Олимпиада ойындарының алауы тұтанғанда редакциядан бір көк байрақты “Егеменнің” төрт сайыпқыраны көтеріп барған. Олар: Рысбек Сәрсенбай, Еркін Қыдыр, Оңдасын Елубай және Ғалым Сүлеймен.
Олимпиаданың ортасына дейін көңілді күпті қылып, бесін ауып намаздігер болғанда Қазақстан қоржынына алтындар мен күмістер жауды. Қазақтың Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов және Мұқтархан Ділдәбеков секілді оғландары қарсыластарының қабырғаларын сөгіп, финалда айқас салды. Бекзат пен Ермахан Олимпиада жеңімпазы атанды. Желден жүйрік қыз Ольга Шишигина алтыннан алқа тақты.
Сонда осы байрақ олардың иығына жабылып, жеңіс тері сіңген еді.
2003 жылғы Афина Олимпиадасында баһадүр Бақтияр Артаев осы байрақпен атой салды. Ал 2007 жылғы Бейжің олимпиадасына көтеріп бару біздің еншімізге тиген еді. Дзюдошы Асхат Житкеев моңғол Найданмен айқас салып, тұғырға көтерілерде қазақ байрағын сұрады. Лып еткізіп иығына жаптым. Күміс болса да қазақ дзюдо тарихындағы ең жоғары медаль еді бұл. Бүгінде әлем чемпионатын үш мәрте бағындырған Илья Ильин жігіттің жайсаңы. Жұлқа көтеруде қорқытып алады да, серпе көтеруде шексіз қуанышқа бөлейді. Оң қолы шынтақ тұсынан тамыры тартылып қалса да тұла бойы намысқа суарылған жампоз алтынды қарсыластарының қолынан жұлып алды. Көзімен ту іздегенде жаттықтырушылардың арасынан жықпыл тауып, желдей ұшып жеткізіп бердік. Жерлесіміз Олимпиаданың алтынын алып, Қазақстанның даңқын әлемге жайып жатқанда кім біздің жолымызға тосқауыл болады. Илья тершіген бетін байрақ шетімен сүртті. Кубалық қара қабыланды оқсатып, бұла бойы бусанып келе жатқан Бақыт Сәрсекбаев та осы байрақты жамылып, суретке түсті. Жүлдегерге де ырым етіп жаптық.
Бұл байрақ “Егеменнің” атынан Дохада (Катар) және Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарына барған біздің қолымызбен талай асылдарымыздың иығына жабылды. Азия ойындары дегеніңізбен төрт жылда бір рет өтетін бұл спорт жарысы – Азия халықтарының олимпиадасы. Азия атты алып құрлықтың 45 мемлекеті бақ, намыс сынайтын кезеңде Қазақстан Қытай, Жапон және Оңтүстік Корея сияқты әлемге әйгілі мемлекеттерді ғана алдына салып, төрттікті түйіндеп келді. 1,5 миллиардқа жетеғабыл халқы бар Үндістанның өзі Қазақстан асуынан өте алмай мықшыңдап жүргенін көз алдыңызға елестетсеңіз, Отаныңызға деген құрмет еселене түседі.
Батыр, бағландарымыздың Отан мерейін асқақтатқан шағында төбесінде теңіздей толқыған “Егеменнің” бұл байрағының ендігі көтерілер кезі 2012 жылы Лондон Олимпиадасы деп ойлаймыз.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.
___________________
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».