ЭЛЕКТРОЛИЗ ЗАУЫТЫ – ҒАСЫР ЖОБАСЫ
Қазақстан электролиз зауыты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ғасырлық жоба. Зауыттың іске қосылуы қазақстандық өндірістің үлесін арттыруға, елдің экспорттық әлеуетін көтеруге және де өзге де қажетті өндірістер құруға, инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Мұндай жаңа өндірістің құрылуы отандық экономикаға шетелдік инвестиция тарту бойынша мемлекеттік стратегияға сәйкес келді. Әлемдік рынокқа еркін шығудың да көрінісі. Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді модернизациялау заман талабына айналып отыр. Бәсекелестікте өнімділікке қол жеткізу алдыңғы қатарда тұр. Электролиз зауытының өнімі бүгінде әлемдік рынокта сұранысқа ие сапалы тауар болып саналады. Осы екі алып кәсіпорынды «Қазақстан алюминийі» және «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдарын Алмаз Ибрагимов басқарады. Жалпы, зауыт ISO 14000:2005 халықаралық стандарты негізінде қоршаған ортаны қорғау менеджменті бойынша жұмыс істейді. Зауыт аумағында жасыл желек отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде электролиз зауытында 2 200 адам жұмыс істейді. Өндіріске қажетті мамандарды зауыт шетелдерге жіберіп оқытады. Әрбір электролизер-қазандықтан тәулігіне 2400 кило металл өндіріліп шығады. Өнім одан әрі құю цехына жөнелтіліп, онда «Қазақстанда шығарылған» деген белгі соғылады. Әрбір электролизерде газ тазалайтын норвегиялық «Alstom» фирмасының электр сүзгілері жұмыс істеуде.ENRC корпорациясы туралы
ENRC деп аталатын бұл корпорация пайдалы қазбаларды қазып алу және байыту саласындағы жетекші әртараптандырушы компаниялар тобы болып табылады. Яғни, кен қазу, өңдеу, энергетика, көлік және маркетинг кәсіпорындарымен интеграцияланған. Ал, бұл топтың өндірістік активтері негізінен еліміздің аумағында орналасқан. Құрамында Қазхром ТҰК, Жәйрем КБК, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуразиялық энергетика корпорациясы (ЕЭК) және ENRC Logistics сияқты алпауыт кәсіпорындар бар. Басқа активтер, ең алдымен басқа түсті металдар бөлімшелері, негізінен Африкада орналасқан және оның ішінде Central African Mining and Exploration Company (CAMEC) и Chambishi Metals PLC компанияларының мыс пен кобальт активтері және Camrose Resources Limited (Camrose) кәсіпорнының 50,5% үлесі бар. ENRC сондай-ақ Ресейдегі Серов ферроқорытпа зауытына, Bahia Minerals BV (BML) мен Mineração Minas Bahia SA (MIBA), Бразилиядағы темір кенін өндіру жобаларына, Қытайдағы (Туоли) Xinjiang Tuoli Taihang Ferroalloy Company-дің 50%-ына және Онтүстікафрикалық негізгі платина өндірушісі Northam Platinum Limited-тің 14,35% акцияларына иелік етеді. ENRC-де қазіргі уақытта 70 000-нан астам адам жұмыс істейді, оның 65 000-ы Қазақстанда. ENRC FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange Index) тізіміне енеді.2011 жылдың бірінші жартысындағы өндірістік көрсеткіштер
Күрделі шығындар бағдарламасы
Қазақстан электролиз зауыты аясында қуаттылығы жылына 136 мың тонна өнім шығаратын анод зауытының құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2012 жылға жоспарлануда. Зауыт сыртқы жабдықтаушыларға тәуелділікті жойып, алюминий өндірісін жеткілікті анод мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауытты іске қосу шамамен 500 адамға жұмыс орнын ашады. Жобаның сметалық құны – 240 млн. АҚШ доллары.Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы
2011 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша шығындар 257,09 млн. теңге (1,765 млн. АҚШ долларын) құрады, оның ішінде: – ұйымдастыру шаралары: сақтандыру, өтемақы төлеу, қосымша төлемдер, жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, арнайы тамақтандыру және оқыту; – техникалық шаралар: қоршаулар мен қызмет көрсету алаңшаларын құру, қыздырылған қабаттардың жылылықтарын сақтау, вентиляция және аспирациалық жүйелерді жөндеу және қайта жаңғырту. 2011 жылдың сәуір айында еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі KIOSH-2011 бірінші халықаралық конференциясы аясында өткізілген «Сенім» ұлттық салалық сайысында ҚЭЗ «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» атанды.Дерек пен дәйек
• 1997 ж. 7 маусым – Президент Нұрсұлтан Назарбаев алюминий зауытының аумағында зауыт құрылысы басталуының нышаны болатын капсула салды. • 2002 ж. желтоқсан – ел Үкіметі Павлодар қаласында электролиз зауытын салу туралы қаулы қабылдады. • 2005 ж. 14 мамыр – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ бас корпусының алғашқы іргетасы қаланды. • 2007 ж. 12 желтоқсан – Президент Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың бірінші кезегін іске қосты. • 2009 ж. наурыз – анод зауытының құрылысы басталды. • 2010 ж. 24 маусым – Президент Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың екінші кезегін іске қосты. • Алюминий өндірісі – 124 мың тонна (Н1* 2010: 103 мың тонна, 20,4% ұлғаю). _______________________ * H1 – бірінші жартыжылдықТұрғын үй бағдарламасы
2011 жылғы бірінші жартыжылдықта 145 пәтерлі үйдің құрылысына жұмсалған шығындар 443,4 млн. теңге (3 млн. АҚШ долларын) құрады. Тұрғын үйді тапсыру желтоқсан айына Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту мерейтойына жоспарланған.Әлеуметтік бағдарламалар
2011 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалған шығындар 41,4 млн. теңге (283,4 мың АҚШ долларын) құрады, оның ішінде: – әлеуметтік пакет шығындары; – әлеуметтік салаға жұмсалған шығындар.Экологиялық бағдарлама
2011 жылғы бірінші жартыжылдықта қоршаған ортаны қорғау және сақтау шараларына жұмсалған жалпы шығындар 50,2 млн. теңге (343,83 мың АҚШ долларын) құрады, оның ішінде 2011 жылы: – қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер; – табиғат қорғау инвестициялары мен шаралары.ЖАҢА ЗАУЫТ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Облыс орталығынан 13 шақырымдай, 190 га аумақты алып жатқан жерде «Қазақстан электролиз зауыты» деп аталатын жаңа алып зауыт салынады дегенде 2005 жылы Елбасының өзі келіп, бос жатқан далаға қазық қағып кеткен болатын. 2007 жылы желтоқсан айында 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін жоғары қуаттылығы бар алып зауыттың алғашқы кезегі іске қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы 12 желтоқсанда облыс орталығында салынған Қазақстан электролиз зауытының бірінші кезегін іске қосу салтанатында сөйлеген сөзінде “Қазақстанның жеке өзінің алюминийін шығару менің арманым еді. Бұл сіздердің де армандарыңыз болатын. Міне, сол арман орындалды. Қазақстан өзінің жоғары сапалы дайын алюминийін шығаратын дәрежеге жетті”, деген болатын. Құрылысқа жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Алып зауыт құрылысына әлемнің 12 елінен келген 18 компания қатысты. Ең бастысы, ғасыр жобасы аталған бұл құрылысқа тек қана алдыңғы қатарлы озық технологиялар қолданылды. Алғашқы кезегі іске қосылған зауыт жылдық қуаты 62,5 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Яғни, салмағы 20 кило тартатын алюминий құймалары зауыт өнімі болып табылады. Қазақ жерінің алюминийі қазір Еуропа елдеріне белгілі, аты кең таныла бастады. 2009 жылы Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Бұл қазақ жерінің алюминийін шетелдерге өткізуге байланысты кедергілер жоқтығын байқатады. Зауытты салу барысында құрылысқа қажетті бірнеше қосалқы нысандар да іске қосылды. Соның ішінде ұзындығы 10 шақырымдық темір жол, материалдық қоймалар блогы, 500 кв. қосалқы электр стансасы, канализация жүйесі, өрт қауіпсіздігі депосы, т.б. салынды. Зауыттың іске қосылу кешенінің алғашқы кезегі 2007 жылғы желтоқсан айында белгіленген мерзімінен 27 ай бұрын аяқталса, екінші кезегінің құрылысы да белгіленген уақытынан өткен жылы маусым айында іске қосылды. 2008 жылдың екінші тоқсанында зауыт құрылысының бірінші кезегі толық аяқталып, зауыт жылына 125 мың тонна жоғары сапалы алюминий шығаратын өндірістік қуатқа қол жеткізді. Зауыттың екінші кезегі биылғы жылдың 24 маусымында салтанатты түрде іске қосылды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. «Жалпы мұндай ірі зауыт салуға он-жиырма жыл уақыт қажет. Алайда электролиз зауытының әрбір кезегі небәрі екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылысшылардың, металлургтердің ерен еңбегінің үлгісі», деген еді зауыттың екінші кезегін іске қосу салтанатында Президент. Зауыт жылына 250 мың тонналық бастапқы алюминий өндіретін қуатқа қол жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық қауіпсіз және ең соңғы технологияларды пайдалану арқылы прогрессивті алюминий өндіру технологиялары қолданылуда. Технологиялық операциялардың тиімділігін арттыруға, электролиздердің жұмыстарына жүйелі мониторинг жүргізуге, газ тазалағыш құрылғыларды, құю цехы мен көмекші нысандарды дер кезінде реттеуге мүмкіндік беретін жаңа зауыттың барлық технологиялық үрдістері автоматтандырылған басқару жүйелерімен бақыланады. Корпорация басшылығы алюминий өндірушілерге қамқорлық жасап келеді. Облыстың әлеуметтік жобаларына да қаржы бөліп отырады. Дәл осы күндері зауыт демеушілігімен өңірдегі халқына қадірлі әулие Ақкөл-жайылмада мешіт, Хазірет Исабек ишан және Жандарбек қожа ата кесенелер құрылысының жұмыстары да аяқталып қалды.РАХМЕТ СІЗГЕ, ЕЛБАСЫ!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген осы ғасырдың алып құрылысы «Қазақстан электролиз зауыты» біздің мақтанышымыз. Өйткені, бұл еліміз тәуелсіздік алғалы салынған тұңғыш зауыт болып саналады. Әлемдегі он алюминий зауытының қатарына енген. Қазір еліміз жаңа даму дәуіріне қадам басты. 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы осы даму жылдарының бастауына айналды. Елбасы Жолдауында “Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін”, – деп атап көрсетті. Облыс орталығында бой көтерген Қазақ алюминий өндірісінің кластері – индустриялық елдің алғашқы қарлығашы. Индустриялық-инновациялық өндіріс деген осы. Бұдан бұрын тек шикізат қоймасы ғана болып келген елімізде дайын өнім шығаратын өндіріс орны ашылды. Әлемдік рынокта жоғары сұранысқа ие болған «Қазақстан алюминийі» өмірге жолдама алды. Мен өзім 2008 жылдан бері осы зауытта еңбек етіп келемін. Жаңа зауытта жас, білікті, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын жастар көптеп еңбек етеді. Олар, яғни менің құрдастарым осындай қуатты жаңа өндірістердің еліміздің дамуы мен өркендеуіне басталған жол екенін жақсы біледі. Өндірісте еңбек ету оңай емес. Ол табандылықты, сенімділікті талап етеді. «Қазақстанда жасалған» деген өз еліміздің отандық өнімдерін өз қолымызбен жасап жатқанымызды биік мәртебе санаймыз. Әрине, осындай жарқыраған жаңа заман зауытында еңбек ете жүріп әрқашанда Елбасының біздерге, жастарға, жас металлургтерге деген шынайы қамқорлығын көріп жүрміз. Бұрынғы жұмысшылардай емес, біз қазір жоғары технологиялар өндірісінде жұмыс жасаймыз. Өткен жылы желтоқсан айында менің бақытты күнім болды – жас металлург ретінде, өндірістегі тынымсыз еңбектің жолында, Елбасының өз қолынан «Құрмет» орденін алдым.Ұлан ӘУБӘКІРОВ, алюминий өндірісінің операторы.
__________________________
Айқарма беттерді дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.Суреттерін түсірген Валерий БУГАЕВ.