Парижде 22 қарашада ЭКСПО-2017 көрмесін Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған Қазақстан делегациясы Халықаралық көрмелер Бас ассамблеясының мерейтойлық 150-ші сессиясына 2017 жылғы көрме өткізуге кандидат ел ретінде қатысты.
Сессияда делегация басшысы Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеп, Қазақ даласы арқылы өткен Жібек жолы ежелден біз туған мекенді Батыс пен Шығысты жалғастырушы етсе, соңғы 20 жыл ішінде Еуразия құрлығының екі бөлігі – Еуропа мен Азия арасындағы сауда және мәдени қатынастардың едәуір деңгейге көтерілгенін назарға салды. Ал Қазақстан болса, осы байланыстардың ең тоқайласқан тұсында тұр. Біз көрмеге ұсынып отырған тақырып – «Болашақ энергиясы» деп аталады. Мұнай, газ, көмір сынды қуат көздерінің қорымен және уран байлығымен әлемдегі ондыққа кіретін Қазақстан әркез бейбіт мақсатты ту етеді. Өзінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі бейбіт бастамаларымен ерекшеленетін және ядролық қарудың зардабын шеккен біздің ел қоршаған ортаны қорғаудың, атом энергиясын бейбіт мақсаттарға жұмсап, адамның игілігіне айналдырудың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Ал жоғарыдағы айтылған мәселелердің әлем күн тәртібінде тұрғаны анық, деді.
Сессияда Қазақстан тарапынан өзге де шешендер шығып сөз сөйледі. Олардың қатарында Экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова, Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, ЭКСПО-2017-нің Ұлттық үйлестірушісі Рәпіл Жошыбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков болды.
Париж сессиясында Астанамен қатар, көрме өткізуге талапкер Бельгияның Льеж қаласының да ұсынысы қарастырылды. Ал ЭКСПО-2017-нің қай қалада өткізілетіні туралы шешім Бас ассамблеяның 2012 жылдың желтоқсан айында өтетін басқосуында дауыс беру арқылы шығарылатын болады.
«Егемен-ақпарат».