• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2011

Қазақстандық үлес арта түспек

265 рет
көрсетілді

Алматыда «Мемлекеттік тапсырыс-2012» акциясы аясында кеңес болып өтті. Бұл басқосуға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқармасы төрағасының орынба­са­ры Қуандық Бишімбаев қатысты. Акция аясын­дағы кеңесте «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры мен қалалық әкімдік ара­сында 2012 жылға ынтымақтастық мемо­ран­думына қол қойылды.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есі­мов­тің айтуынша, «Самұрық-Қазына» ком­па­ниясы мен қалалық әкімдік арасындағы «Мемлекеттік тапсырыс» акциясының өткі­зі­ле бастағанына биыл екі жыл толған. Көп­шілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың мемлекеттік сатып алу саласында қазақстандық үлесті одан әрі ұлғайту жөніндегі тапсырмасы өз нәтижесін беріп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде.

– Шын мәнісінде, бұл бағытта бірқатар табыстарға қол жетті. Мәселен, биылғы 2011 жыл­дың өткен тоғыз айында Алматы қаласы кә­сіп­керлері мен ұлттық компаниялар қоры ара­сын­да жалпы сомасы 566 миллиард теңгені құ­рай­тын он жеті мыңнан астам келісімшарт жа­сал­ды. Сондай-ақ, 118 миллиард теңгенің қыз­ме­ті көрсетіліп, 141 миллиард теңгенің жұмысы орындалды.

Ал, енді алдыңғы жылы, біздер бұл ак­ция­ны алғаш рет өткізгенде 118 миллиард тең­генің ғана келісімшарты жасалған бола­тын. Қазір оның көлемі төрт есеге дейін ұл­ғайып отыр. Сонымен бірге, «Самұрық-Қа­зы­на» компаниясының мемлекеттік тапсы­рыс­тарының көлемі 3,2 триллион теңгені құрауы да көп нәрседен хабар берсе керек, – дейді қала әкімі өз ойын ортаға салып.

Сөз реті келгенде атап айтарлығы, ұлттық компаниялардың сатып алудағы қа­зақ­­стандық үлестің ұлғаюы, тұтастай ал­ған­да оңтүстік астананың әлеуметтік-экономи­ка­лық көрсеткіштеріне айтарлықтай ықпал етті. Биылғы жылдың өткен он айында өнер­кәсіптік өнім өндіру он бес пайызға ұлғайып, 352 миллиард теңгеден астам өнім шығарылды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық қоры бас­қар­масы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың есептеуінше, «қазақстандық үлестің уақыт өткен сайын арта түсуі – бұл стратегиялық маңызды міндет». «Самұрық-Қазына» компаниясы келер жылы да бұл ба­ғыттағы іс-шараларды одан әрі жалғас­тыр­мақ. Бұл орайда ұзақ мерзімді келісімшарт­тарға, отандық өндірушілерді несиелендіруге қатысу және өзге де жобалар қолға алынбақ.

Бақыт БАЛҒАРИНА.