Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған еліміздің агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында Елбасының аграрлық ғылымды дамытудың аса қажет екенін атап көрсетіп, осы жөнінде Үкіметке тапсырма беруі осы салада еңбек етіп келе жатқан ғалымдар үшін өте маңызды қолдау болып табылады. Себебі, ғалымдардың көптеген ұсыныстары арадағы әр түрлі кедергілер салдарынан өндіріске жетпей өзінің негізгі мәні мен күшін жойып алатындығы жасырын емес. Елбасы осы ретте отандық ғылым жетістіктерінің де аз емес екендігін атап өтіп, сол жетістіктерді өндіріске уақытында ендірудің жолын табу қажеттігін айтты.
Елбасымыз айтса айтқандай, астықтың биылғы рекордтық өнімі ерең еңбекпен, ресурстарды үнемдеу мен ылғалды сақтау озық технологияларын өндіріске ендіру арқылы алынғаны анық. Ал ол технологиялар өз кезегінде өнімнің ғана емес, топырақтың құнарын да дұрыс сақтап, пайдалануға қызмет етті. Міне, барлық гәп осында тұр.
Құнарлы топырақ – мол және сапалы өнім кепілі. Осы қағида еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады.
Қазіргі таңда Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының мәліметі бойынша елімізде топырақтың құнарлылығы (ондағы қарашіріндінің үлесі) тың және тыңайған жерлерді игерген уақыттан бері үштен бір бөлікке дейін азайып кетті. Соның ішінде суармалы жерлердегі үлесі 60 пайызға дейін төмендеді. Осы жағдай топырақтану саласының ғалымдарын алаңдатып отыр.
Мұның негізгі себебі, ауыспалы егістің ғылыми негіздерге сәйкес толығымен орындалмайтындығымен байланысты. Егістіктердегі қоректік заттар көп мөлшерде өніммен бірге шығады да, олардың орнын толтыратын минералды тыңайтқыштар өндірістегі әр түрлі себептермен аз мөлшерде ендіріледі. Ал органикалық тыңайтқыштар болса қазіргі таңда малдың санына байланысты аз жиналады. Сондықтан тиімді құнарлылықтың орны толмай келеді. Егістіктен шыққан өнімнің сабанын ұсақталған күйде жер бетінде қалдыру тәсілі және ғалымдардың топырақ құнарлылығын толықтыру бағытындағы басқа да ұсыныстары, көбінесе назардан тысқары қалып жатады.
Қазіргі таңда жерді тиімсіз пайдалану салдарынан оның тұздануы, сортаңдануы, ластануы, эрозия мен дегумификацияға ұшырауы, шөл-шөлейтке айналуы кең көлемде көрініс беруде. Жоғарыдағы жиында Елбасының атап өткеніндей, пайдаланудан шығып қалған жер көлемі біздің елімізде ондаған миллион гектарды құрайды. Бұл жерлерді қалай қалпына келтіруге болады?
Осы бір өзекті мәселемен біздің институттың топырақтану және агрохимия саласындағы ғалымдары шұғылдануда. Олардың суармалы жерлердегі тұзды және қайта тұзданған, сортаңданған, мұнай мен мұнай өнімдері, химиялық және радиоактивті элементтермен ластанған алқаптарды қалпына келтіру, техногендік әсерлерден бүлінген жерлерді рекультивация жасау, егістік айналымынан шығып қалған «тастанды» жерлерді қайта қалпына келтіре отырып, агроөндірістік тұрғыдан дұрыс пайдалану, жалпы, жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі іргелі және қолданбалы зерттеулері баршылық. Бұл зерттеулер бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің топырақ жамылғысының қазіргі жағдайынан мәлімет беретін жаңа электронды топырақ карталары, топырақтардың деградация және балл бонитет карталары жасалынды. Осы жаңа карталардың негізінде тиісті дақылдарды егу және озық технологияларды қолдану арқылы топырақтың құнарлылығын сақтап қана қоймай, сонымен қатар олардан сапалы өнім алуға болаты айқындалды.
Сондай-ақ, суармалы жерлердегі қатты тұзданған сілтілі топырақтарды жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы егістік айналымына енгізіп, сол жерден мол және сапалы өнім алуға болатындығы дәлелденді. Деградацияға ұшыраған жерлерде наноагромелиоративтік әдістерді пайдалана отырып топырақтың құнарлылығы мен ауылшаруашылық дақылдардың өнімін көбейтудің әдіс-тәсілдері айқындалып, осыған сәйкес бірқатар ұсыныстар жасалды.
Көп шығынды қажет етпейтін осындай озық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу үшін, әрине, Үкіметтің қолдауы да қажет. Себебі, топырақтың құнарлылығын қарқынды жаңарту арқылы дақылдардың өнімін және сапасын арттыру үшін жермен жұмыс істеушілерді ынталандыра түсетіндей жеке бір бағдарламаның болғандығы әбден орынды секілді.
Жоғарыда аталған форумда Елбасымыз биылғыдай қолайлы ауа райы жағдайы жылма-жыл бола бермейтіндігін айтып, егіншіліктегі озық технологияларды, аграрлық саладағы ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін жүйелі және кешенді түрде пайдалану қажеттігін тағы да еске салды. Осығын орай Елбасымыз Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «КазАгроИнновация» АҚ-на аграрлық ғылымды өндіріске жақындата түсуге бағытталған ұсыныс әзірлеу жөнінде тиянақты тапсырма да берді. Аграрлық саланың іске мүдделі барлық субьектілерін, соның ішінде, ғылыми-зерттеу институттары мен оның топырақтың құнарлылығын сақтауға ынталы ғалымдарын қатыстыра отырып, жан-жақты және кешенді әзірленетін бұл бағдарлама ауа райының қолайсыздығына қарамай ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына өзіндік бір негіз қалайтындығына сенім білдіреміз.
Абдулла САПАРОВ, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі.