Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстанның даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей көк байрағымыз көтерілер болса, онда терең ойлы суреткер Шәкен НИЯЗБЕКОВТІҢ қолтаңбасы бар. Сексеннің сеңгіріне көтеріліп келе жатқан Мемлекеттік Ту авторының тағдыры қай қырынан алып қарасаңыз да қызғылықты. Ардақты ағамыз кешегі кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі екенін екінің бірі біле бермес. Біз бұл жолы Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ҚР өнер қайраткерінен тудың қалай «туғанын» сұраған едік.
– Шәкен Оңласынұлы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы қалай өмірге келді?
– Тәуелсіз еліміздің туын жасауға қылқалам шеберлері, яғни суретші-дизайнерлер арасында байқау жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Ұтамын деген ой болған жоқ. Конкурсқа қатысуға бел будым. Шын пейіліммен, ниетіммен дүние жүзіндегі барлық тулардың фотоларын жинап алып, зерттеуге кірістім. Сөйтіп, қазіргі туды жасауға отырдым... Ту демекші, мынандай қызық оқиға болды. Телефон шылдыр ете қалғаннан кейін көтеріп едім, біреу өзін Қарағандыдан хабарласып тұрмын деп таныстырды. «Сіздің туыңыздың көлемі дұрыс емес», дейді. «Неге?» дедім. «БҰҰ бекіткен стандарттан ауытқығансыз». «Үшбұрышты, төртбұрышты, үш те екі ту бар екенін білесіз бе?» деп едім, үнсіз қалды.
– Мен де осыны сұрайын деп едім. Мемлекеттік тудың ені ұзындығының жартысына тең. Ту көлемінің бекітілген өлшемдері бола ма?
– Біздің туымыздың көлемі – бір де екі. Қазақтың жер көлемі әжептәуір. Табиғаты алуан түрлі. Қысқа ту жақсы желбіремейді. Астанамыз жел өтінде тұр. Алматыдағы жағдай керісінше. Әр жақтағы желдің бағыты да әрқалай. Сол себепті де туымыз шолтаңдамай, еркін желбіреп тұрсын деген ниетпен осы өлшемге тоқтадық.
– Туды «тудыруға» 600-ге тарта автор қатысқан екен? Яғни, осыншама идея мен нұсқалар болды деген сөз ғой?
– Конкурс екі айға созылды. Бірінші отырыс, екінші отырыс, үшінші отырыс болды. Ар жағының санын білмеймін. Әйтеуір көп болды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей. Бірінші орын алғанға дейін мен барлық идеяларымды толық көрсетпей жүрдім. Себебі, сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларын әбден «менің сөзімді сөйле» деп көндіріп алған. Соны байқадым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегізбұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзербайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деген жауап қаттым.
– «Қыранның күннің қақ астында ұшуы қисынға сыймайды», деген көзқарастар болғаны белгілі. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия мүшелерінің пікірі қандай болды?
– Бүркіттің күннің қақ ортасында ұшуы қисынға келмейді деген көзқарастар кейінірек шықты. Талқылауда: «Тудың түсі көк. Себебі, біз тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық!
– Туда қазақтың үш мәселесі бар дегенді таратып айтыңызшы.
– Осы арада басынан бастап Ту түсінің көп түрлілігінен қашқанымды айта кеткенім жөн. Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сиынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.