Өткен ғасырда қазақ даласында мән-маңызы жағынан ғасырға татитын үлкен оқиғалар болды. Соның бірі – адамзат тарихында адамның 1961 жылы тұңғыш рет ғарышқа сапар шегуі. Сол кезде біз Гагариннің ғарышқа ұшқанын естіп, бәріміз де құпия, тылсым саналатын көк әлеміне самғауды армандап өскен едік. Содан бері, міне, аттай 40 жылдай уақыт өтті. Заман өзгерді, қоғам, адам да өзгерді. Қазір ғарышқа өз азаматын қалап апаруға бірнеше елдің толық мүмкіндігі бар. Ресей, АҚШ, Франция және басқа да елдер ай сайын өз азаматтарын ғарышқа апарып жатыр. Біздің ел мұндай мүмкіндікке Тәуелсіздік алған кезде ғана ие болды. Сол кезде халқымыздың тұңғыш ғарышкері болу бақыты Тоқтар Әубәкіровке бұйырды. Оның ғарышқа сапарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы зор болғанын бәріміз білеміз. Соның арқасында өз бауырымыз өз жерінен алғаш рет ғарышқа аттанды. Ал мен бұл алыс сапарға 3 жылдан кейін, яғни 1994 жылы ғана барып, бала кезімнен бергі арманыма жеттім. Бірінші рет өз көзіммен ашық ғарышқа шығып, біздің Жер планетасының қандай әдемі, қандай сүйкімді екенін көрдім.
Маған ғарышқа сапар шегу оңай болған жоқ. Бұл алыс жолға Елбасы Н.Назарбаевтың, Ресейдегі ұшқыш әріптестерімнің көп көмегі, әсері тигенін айтқым келеді. Мәселен, ресейлік Леонов сияқты ғарышкер сол елдің кейбір ащы сөзді саясаткерлерінің «қазақтардан бір ғарышкер шықты ғой, енді тағы біреуінің не керегі бар» деген пікірлеріне қарамай, Ресей Президентін мені ғарышқа ұшуыма рұқсат беруіне көндірді. Сөйтіп, 1994 жылдың 1 шілде мен 4 қараша аралығында бірнеше ғарышкерлер бар «Союз ТМ-19» кемесінің құрамында болған мен борт инженері ретінде ғарыш әлеміне сапар шектім.
Бірінші алған әсерімді қазірдің өзінде де жеткізе алмаймын. Ғарыш әлемі кейде тас қараңғы, қорқынышты болып көрінеді екен. Ал ашық ғарышқа шыққанда тіптен басқаша болатынын көрдім. Біздің Жер планетасының әдемі екенін көреді екенсің. Осы сапарда мен ашық ғарышта 11 сағат 7 минөт уақыт өткіздім. Әр сапарымда мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімді, көк байрағымызды және Байқонырдан алынған бір уыс топырағымызды алып жүрдім. 1994 жылы екі туымызды апардым. Кейін жерге қонғанда біреуін Елбасымызға салтанатты түрде табыс етсем, екіншісін Мәскеудегі Жұлдыздар қалашығының космонавтика мұражайына сыйға тарттым.
Айтқандай, осы сапарымда тағы мынадай оқиға болған. Сол жылдары Алматыда «Азия дауысы» ән фестивалі өтіп тұрушы еді ғой. 6 тамыз күні біздің экипажымыз алғаш рет Президентпен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік алды. Сонда мен гитарамен Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін айтып, жұртшылықпен қазақша амандасып, сөйлескенімде елімнің қандай қуанышты сезімде болғанын ғарышта тұрып жақсы сезіндім. Мұндай оқиға бұрын біздің елде ешқашан болмап еді. Сол кезде менің ғана емес, талай адамның көзіне жас тығылғанын білемін. Жүректен шыққан тілек, сөз қай жерде болса да жүрекке жететінін сонда да көрдім.
Екінші сапарым – 1998 жылы 28 қаңтар мен 25 тамыз аралығында өтті. Бұл біздің ең ұзақ сапарымыз болды. 208 тәулік! Жарты жыл деген сөз. Осы уақытта бес рет ашық кеңістікке шықтым. Ол 30 сағат 8 минөтке жалғасты. Сол кезде біздің сапарымыз Астана күнімен тұспа-тұс келіп, тікелей байланыс арқылы тағы да Елбасымен жүздесіп, сөйлесуге мүмкіндік туды. Астана күніне байланысты орталық алаңда мереке болып жатқан жерде Елбасы тікелей байланыс арқылы: «Талғат, сен Алла Тағалаға жақын тұрсың ғой. Астанаға батаңды бермейсің бе», дегенде бойыма еліміз үшін қуаныш, мақтаныш сезімі ұялап, Елбасының тілегін сол мезетте орындадым. Бұл сәтті мен өмірімде ешқашан ұмытылмайтын ең қызықты сәттердің бірі деп есептеймін.
Ал менің үшінші сапарым 2001 жылы 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында өтті. Соңғы екі сапарымда ғарышқа кеме капитаны ретінде барып, тағы да көк байрағымыз бен Құран Кәрімді өзіммен бірге ұстап жүрдім. Осы ғарышта болған үш кезде Ресей мен басқа да шет елдің өкілдеріне қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматтары көп екенін көрсетуге тырыстым. Кеңес Одағы кезінде біздің елге басқалардың көзілдіріктің үстімен, көзінің астымен қарағандарын білеміз. Ғарышқа ұшқанда көз алдыма сол көрініс келе берген соң, біздің халықтың тарихы мен мәдениетінің бай, әр кәсіпті ұршықша иіріп әкететін қасиеті мен білімі бар екенін көрсету үшін де сапарға аттанғанымды жасырмаймын.
Талғат МҰСАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ғарыш агенттігінің төрағасы, ғарышкер-ұшқыш, Халық Қаһарманы, Ресей батыры, авиация генерал-лейтенанты.