Жайдарбек Күнғожиновтің әрбір күні жарты жыл бұрын жазылып қойған бағдарламаға бағынады. Жұмыс аумағы – Голливуд пен Боливуд арасы. Алматыны аңсағанда екі сағатқа ұшып келіп, мауқын басып, қайтып кеткен сәттері аз емес. Ол бізбен әңгімесінде туған жерімді түсімде де сағынатын болыппын дейді. Қазір ол басшылық ететін «Nomad Stunts» Болливудта жүр. Аттың құлағында ойнап, қазақтың айбыны мен асқақ рухын бүкіл әлемге танытып жүрген каскадер азаматпен біздің әңгімеміз Алматы мен Мумбайдың арасында «WhatsApp» желісінің аудижазбасымен екі күн бойы жалғасты.
– Жайдарбек, қазір Болливудта, «Princess» тарихи туындысының түсіріліміне қатысып жатқаныңызды БАҚ арқылы оқып, біліп жатырмыз. Ат құлағында ойнаған көшпенділер мен үнді тарихында ұқсастықтар бар сияқты ғой.
– Ат құлағында ойнау, асау тұлпарды ауыздықтау тек азиялықтарға немесе қазақтарға ғана тән өнер емес шығар. АҚШ-та, Латын Америкасында мұны спорттың бір түрі ретінде қарастырады. Бірақ халықтың менталитеті, мінез-құлқы хас тұлпарларды тізгіндеудің тактикалық тәсілдердеріне өзгерістер алып келгені даусыз. Мысалы ЕО, АҚШ немесе Үндістандағы каскадерлер тек ережеге бағынады. Белгілі бір қалыптың шеңберінен шықпайтын өнерден сен ешқашан ләззат ала алмайсын. Атқа мінгеніңде сен оған еркіндік беруің керек. Сенің шеберлігің – хас тұлпардың еркіндігін өзіңнің ерік-жігеріңе бағындыра білуіңде.
Маған елде жүргенде киноөнімнің бюджеті маңызды емес. Кино алаңы мен үшін тәжірибемді, шеберлігімді арттыратын алаң. Өз фильмдеріміздің бірінде менің командамдағы дублердің бірі жіп-жіңішке сымға байланып, 9-шы қабаттан жерге құлады. Трост кез келген сәтте үзіліп кетсе, не боларын көз алдыңа елестетудің өзі қиын ғой. Шетелдік әріптестерім мұны көріп «ақымақсыңдар, азғантай ақыға бола мұндай жанкештілікке барудың қажеті жоқ» дейді.
Шетелдік кинолардағы мұндай қауіпті тәсілдерімді қымбатқа бағалаймын, ал туған жерімде ақша маңызды емес. Біз тек тиесілі жұмысымызды жақсы істегіміз келеді. Қазақ каскадерларын олардың бойындағы отаншылдық сезімі мен жаратылысынан бірге дарыған жанкештілігі ғана дараландырылып тұрады.
– Болливудтағы каскадерлер мінетін атты үйрету тәсілі қандай екен? Бала күнімізде құлындарды қолымыздан қант беріп, өзімізге икемдеп алушы едік...
– Кез келген тактика өзіңе берілген тұлпардың иісін алумен басталады. Ол үшін үш немесе алты ай кетеді. Құлын күнінен бауыр басса, мүмкін басқаша болар ма еді. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Мысалы, қазір Мумбайда мен үйретіп жатқан тұлпар осыған дейін кемінде он каскадердің қолынан өтті. Солардың мінезі оның бойына сіңді. Бір айда үйренетіндер бар, тіпті үш жыл бойы ұстаған үйреншікті ат кино алаңында мінез көрсетіп, тулайтын сәттер бар. Ең бастысы, каскадер мен жылқы арасындағы гармония.
Бір қызығы, менің тобымдағы жігіттері аттарды тез жуасыта біледі.
Мен о баста ат қанша жерден асау болғанмен, жаттығуға тез бейімделеді, кез келген трюкті алып шығады деп ойлайтынмын. Бірақ жылқы баласының да, театр, кино әртістері тәрізді образдан шыға алмай қалатын сәттері болады екен. Осы орайда Тимур Бекмамбетовпен бірге «Дневной дозордың» түсіріліміне қатысқан кездегі оқиға еске түсіп отыр. Тимур хат жазып, аттар қандай жағдайда қабырғаны жарып жіберердей тепкілейтінін сұрады. Киноға сондай көрініс қажет болып тұр екен, түсірілген сюжеттердің бірде-біреуі сәтті шықпаған. Ал Тимур, бірінші кезекте шынайылыққа басымдық беретін режиссер. Мен атты қабырғаны тепкілеуге дайындау үшін бір апта сұрадым. Сол кезде маған «мінезді» деп каскадерлердің бәрі сырт айналып кеткен, 300 рет сатылымға қойылған ат берілген болатын. Алғашында сырттай зерттедім, кейін бір-бірімізге үйрене бастадық. Қант бердік, сәбіз бердік. Сонымен қойшы, тілін тауып жаттығуға кірістік. Бір аптадан соң ол қабырғаны тесіп жіберетіндей тепсініп, күшін бойына жинады. Бірақ түсірілімі біткен соң, «образдан» шыға алмай, кинода қолданған тәсілдерді қайталаймын деп қалыпқа сыймай, есікті сындырып, сыртқа шығуға жанталасқан сәттері болды. Оны бейнетаспаға түсіріп алдым. Аттың құлағында ойнасақ та, оларды сақтауға, жарақаттап алмауға тырысамыз. Себебі бір атты дайындауға кемі 5-6 жыл кетеді. Егер ондай жағдай болса, проблеманың астында қаласың.
Қазақтар, табиғатынан жылқыға жақын ғой. Мінезін білеміз, әйтеуір тез тіл табысып аламыз. Кинолардағы атпен жасалатын трюктердің сәтті шығатыны содан шығар. Аттың бабын білетін мамандар әлемде Англияда, Испанияда бар. Ал Қазақстанда – бізбіз, бұл мақтанғаным емес, шын сөзім.
– Сізді ең алғаш рет 2003 жылы египеттіктердің қатысуымен түсірілген «Бейбарыс» фильмінде көрдік. Бұл сіз үшін дебюттік жұмыс болды ма? Сіздерді кім дайындады?
– Бұл фильмге қазақ каскадерлерінің қатысуына сол кезде Мысырда елші болып жүрген Бағдат Әміреев бауырымыз ықпал етті. «Бейбарыстың дублерін ойнауға қазақ каскадердері қатыссын» деген ұсынысты сол кісі айтты деп естідік.
Ол кезде, жаспыз, тәжірибе аз. КСРО кезінде «Қазақфильмнің» киноларына қырғыз касакадерлері шақырылып, үш-төрт қазақ сол топқа кіретін. Атқа қонғанда аруағы асып, жан-жағындағылардың мысын басып кететін қазақпыз ғой. Бейбарыс сұлтан жайлы бала кезден есіттік. Менің каскадерлік мамандықты таңдап алуыма сол Мысыр сапары әсер етті, өзіміздің «Көшпенділер», режиссер Сергей Бодров режиссерлік еткен, Қазақстан, Ресей, Германия бірігіп түсірген «Моңғолға» жол ашты.
– Асанәлі Әшімов бір сұхбатында Бекежан бейнесін сомдағанда кейбір мимикалық детальдарды Құрманбек Жандарбековтен алдым деген еді. «Nomad Stunts» тобының каскадерлік тәсілдеріне ресейлік продюсерлер «эксклюзив» деп баға беріпті. Кино алаңдарында сіздердің қосымша трюктерді қолданған сәттегі қым-қуыт қимылдарды Голливудттің өздеріңіз қатыспаған киноөнімдерінен байқайсыз ба?
– Астыңдағы хас тұлпарды ауыздығымен алыстырып, кино алаңына атойлап шыққан сәттегі сезімді дәл бейнелеуге сірә, сөздің құдіреті жетпейтін шығар. Ал менің санам оны найзағайды ауыздықтап мінгенмен бірдей дейді. Ол сәттерде... құлағыңа тек Құдай ғана сыбырлап тұрғандай әсерде боласың. Сен Құдайдың еркіне ғана бағынасын. Кинода қосымша көріністерде ойнайтын каскадердің өнері туралы киносарапшылар тоқтамды пікірге келген жоқ. Бірі ат спорты дейді. Екіншісі өнер дейді. Сондықтан мынау маған тиесілі деп ешбір көріністі патенттей алмаймыз. Бірақ әріпестер арасындағы әңгімеде «Nomad Stunts» тобы шетелдік каскадерлердің қойған трюктерін қайталады» деген сөз болған емес. Керісінше, кейбір шетелдің киноөнімдеріндегі қосымша көріністерде біз тапқан тәсілдердің қолданылғанын байқап қаламыз.
2016 жылы режиссер Андрей Кравчуктің «Викингінде», режиссер Маркус Ниспелдің (АҚШ) «Конан-Варварында» екі аттың қатар құлағандағы тюрктерді біз кинотарихында алғаш орындағанымызды бәрі біледі. Құдай қаласа, Ақан Сатаевтың «Томирисінде» де әлемдік кинотарихында болмаған трюктерді жасауға дайындалып жатырмыз. Өзімізден кейін бізді кімнің қайталағаны маңызды емес.
Мен үшін, менін командам үшін бірінші болу маңызды.
– «Nomad Stunts» тобының каскадерлері Сильвестр Сталлоненің командасында өнер көрсетті. Арнольд Шварценеггер, Брюс Уиллис, Джет Ли, Киану Ривз, Натали Портманмен голливудтық және ресейлік кино алаңдарында кездестіңіздер. Шетелдік жобалар сіздер үшін тек материалдық жағынан ғана керек пе?
– Шетелдік жобалар бізге материалдық жағынан да, тәжірибе жинау үшін де керек. Бізде кино ісін ұйымдастыру жағынан көп мәселе ақсап жатыр. Біріншіден, олардан мен бір жүйеге бағынған тәріпті үйрендім. Каскадерлеріміз сол үдерісті көзімен көрді. Бос уақыттарында трюк жасаумен жүйелі түрде айналысады. Мен кино түсіру процесі кезінде каскадерлік команданың әрбір мүшесін юнитқа, жиынтығы режиссерға бағынатын тәртіп енгізгенін қалар едім. Мысалы, «Неудержимые» киносында барлық атыс-шабыс, өзен бойындағы барлауды тек каскадерлік юниттер орындады. Бұл уақытты үнемдеді.
– Сіз үшін, ат үстіндегі немесе әскери-соғыс тақырыбындағы трюктерді жасаудың эталоны кім? Кімді үлгі тұтасыз?
– Мен үшін бе? Мүмкін, Джеки Чан шығар. Оның соққысы қатты. Сонымен бір мезгілде әдемі композиция сияқты. Осыдан бірер жыл бұрын біз Джеки Чанның командасымен бір кино түсіру алаңында жұмыс істедік. Қалай жұмыс істейтінін сұрадық. Жігіттерінің айтуы бойынша, Джеки Чанның трюктерінің 90 пайызы – импровизация. Алдын ала жаттықпайды. Тек киноға түскен кезде, түсірілім барысында ойлап табады. Бұл үлкен талант қой. Табиғи талант...
– Джеки Чанның өмірін Голливудың миллиардтаған қаржылық капиталы бар сақтандыру компаниялары сақтандыруға қорқады екен. Сіздерді кім сақтандырады?
– Енді жанымызды Құдайдың аманатына беріп қойған қазақпыз ғой. Қазақстандық компаниялар бізді сақтандыруға соншалықты ықыласты емес. Қорқатын шығар. Ал Ресейде кино заңы бар. Сақтандыру компаниялары сол заң мінддеттеген шарттар бойынша каскадерлерді сақтандыруды бастады. Ал шетелдік жобаларда сақтандыру міндетін сол елдің компаниялары алады. АҚШ-қа табанымыз тие салысымен келісімшарттың бір бума қағазын алдымызға тосады. Онда дене қызуың қанша градуста тұрғанда жұмыс істеуге болатыны, тіпті суықта қанша уақыт жүруге рұхсат етілетіні – бәрі-бәрі жазылған. Малайзияға «Марко Полоға» қатысуға барғанда, сумен бірге түрлі дәрумендерді ішуді міндеттеді. Жарақат алып қалған каскадердің жазылып, қатарға қосылуына кино компаниялары мүдделі. Бізде, кино индустриясында сақтандыру мәселесінің болмауы көптеген жайттардың дамуына кедергі.
Мұны тиісті орындар қолға алатын шығар деп үміттенемін.
– «Nomad Stunts» каскадерлер тобы халықаралық, мемлекетаралық топ екенін білеміз.
– Біздің топта 74 каскадер бар. Орыс, қырғыз, болгар, әзербайжан, украйндар... Сіз айтпақшы, мемлекетаралық топқа айналып кетіппіз. Түркиядан келіп жатыр. Оның 12-сі қыз бала. Менің әйелім де сол топта.
Құдай қаласа, күз айынан бастап «Nomad Stuntsтың» Әзербайжандағы филиалын ашқалы жатырмыз. Түркиядан да ашу ойда бар. Онда 20 жігіт командаға кіруге дайын отыр. Сөйтіп керегемізді жайып жатырмыз.
– Қазақстанда экшн-көріністерді түсіруге маманданған операторлар бар ма?
– Біздің тобымызда экшн түсіретін екі жігітіміз бар. Олар өзі аз, көп емес. Режиссер Ақан Сатаевтың командасында осы салаға әбден бейімделген Хасан Қыдырәлиев деген жақсы маман бар. Бірақ өзіміз түскен киноларда камераны қай жерден қою керектігі жөнінде операторларға ақыл-кеңес беріп отырамыз. «Томириске» атысу үшін каскадер қыздар көп керек. 15 қызды қосымша Томирис үшін дайындап жатырмыз. Әлия Ысқақовамыз Канадада жүр. Жібек Жаппасбаева бізбен бірге Болливудтың киносына қатысып жатыр. Жолдасым Альфия «Көшпенділерде» дублер болды. АҚШ-тың «Конан-Варварында» бас кейіпкердің дублері болды. Ақан Сатаевтың «Томирисіне» қатысуға дайындалып жүр.
– Технология дамыған сайын әлемде каскадерлерге деген сұраныс артып келеді. Сіз мұның себебі неде деп ойлайсыз...
– Технология дамыған сайын кино жасандылықтан бас тартып жатыр. Мысалы, кез келген сюжетті экрандау үшін тірі адам керек. Сурет, картина, тіпті робот та адамды алмастыра алмайды. Өйткені пластикасы басқа, жақыннан көрсете алмайды. Әйтеуір мың түрлі кілтипаны шығып тұрады. Аттың үстіндегі қимылдарды картинамен беру мүмкін емес. Қазір көрерменді алдай алмайсың. Кино технологияны молынан енгізіп жатыр, әйтседе киностудиялардың каскадерлерге деген сұранысы азаймай отыр. Мысалы, бүгінде біз қатысып жатқан Болливудтың «Princess» киносына 111 каскадер қатысып жатыр.
– Сіз үшін каскадер болу бизнес пе, әлде өзіңіз жақсы меңгерген спорт түрі ме?
– Қазір әлемдегі мамандықтың кез келген түрі бизнеспен қабысып кетті. Сіз де осы сұхбатты жақсы дайындап, оның басшыларыңыз тарапынан жақсы бағаланғанын қалайсыз. Қазір әлем жақсы мамандарды бір-бірінен қызғанып, өзіне тартып жатыр. Бұл бизнестің үстемдігін арттыра түсуде.
Бизнестік сипаты тартымсыз өнер өспейді. Ол біреудің асыранды күшігі тәрізді болып қалады. Шетелде кино – бизнес, спорт – бизнес, тіпті журналистика да – бизнес. Шетелдік БАҚ-тың немесе шетелдік кинотуындылардың бірнеше миллиондық аудиторияны жаулап алуының себебі сол. Мен үшін де өнер әрі бизнес, әрі кәсібім. Мысалы, Голливуд пен Болливудқа тек аттың үстінде отыра алатындар керек болса, испандарды ала салатын еді. Испандар аттың үстінде жақсы отырады, жақсы шабады. Бірақ ат үстінде қылыштаса алмайды.
Таңдау – қазақтарға түсті. Себебі әлемде аттың үстінде арқаланып кететін қазақтар ғана екенін жұрттың бәрі біліп болды.
– Сіздер мұндай деңгейге қалай жеттіңіздер. Жаттықтырушыларыңыз мықты болды ма?
– Біздің жаттықтырушыларымыз жоқшылық болды десем сенбейсіз. 1990 жылдардың басында болмашы тиын-тебендерге бола киноға түстік. Шынықтық. Қаламақымыз дәмханаға баруға зорға жететін. Сол жанкештілік қанымызда қалып қойған шығар. Қазір де елде кейбір киноларға тегін түсуге дайынбыз. Бізге қанымызды суытып алуға болмайды...
– Каскадерлік мектеп ашу ойда бар ма?
– Жоқ. Бұл қауіпті мамандық. Себебі өзім түсірілім барысында қабырғамды сындырып алғанмын. Каскадерлік–ешбір ережеге бағынбайтын қауіпті кәсіп. Мектеп ашамын деп ниеттенген адам тек кәсіпқой ғана емес, қалталы да азамат болуы керек. Сақтандыру компанияларының жұмысы әлсіз. Киноға түсу барысында шәкірттеріңнің бірі жарақат алып қалса, оның обалы кімге? Қазір біздің командамызда әртүрлі бэкграундолар – бұрынғы чемпиондар, мен сияқты ауылдан шыққан азаматтар бар. Олардың бәрі шыныққан, каскадерлік шеберліктің заңымен өмір сүреді.
– Сіздер «Неудержимые 2» киносынан кейін Атлантик-ситидің спорттық «Оскар» сыйлығын алдыңыздар. Алдыңыздан үлкен мүмкіндіктердің есігі ашылды. Көп адамдар сіздерді Голливудқа кетіп қалатын шығар деп сәуегейлік айтқан еді.
– Иә, «Оскар» бізге Голливудтың есігін ашты. Бұл каскадерлерге арналған халықаралық марапатат. Ол Шварценеггер, Сталлоне сияқты үлкен спорттан кеткен каскадер-актерлердің ұсынысымен белгіленген. Голливудтың каскадерлер қауымдастығына мүшелікке қабылдады. Қазір бізде, шетелдік қана емес, қазақстандық жобалар да көп. Мысалы, қаңтар айының басында Италиядан ұсыныс келіп түсті. Оның түсірілетін уақыты Ақан Сатаевтың «Томирисімен» қатар басталады. Мен «Томиристі» тастап қайда кетемін..
Уақытымның көпшілігі елде өтеді. Дүниеде ақшамен бағаланбайтын құндылықтар бар.
Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ