• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2018

Сәби өмірін сақтап қалудан артық қуаныш жоқ

452 рет
көрсетілді

Ол ота кезінде және отадан кейін жүрек ақауларын ультрадыбыспен диагностикалау бойынша еліміздегі үздік дәрігерлердің бірі. Нәрестелердің жүрегіне мыңнан аса ота жасап, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген. Елбасының өзі ерен еңбегін жоғары бағалаған Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының орынбасары Гүлжан СӘРСЕНБАЕВАМЕН әңгімелескен едік.

– Гүлжан Ескендірқызы, Елбасының көпшіліктің онлайн дауыс беруі нәтижесінде анық­талған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының же­ңім­паздарымен кездесуіне сіз де қатыстыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, Елбасы қабыл­дау­ында болып, жоба жеңімпазы атан­ғаныма қуандым. Еліміздегі 100 жаңа есімнің қатарынан кө­рі­ну­ді ең алдымен көп жылғы ең­бек пен білімнің жемісі деп бі­ле­мін. Күтпеген марапатты ұжым жұмысының нәтижесі деп қабылдадық. Біздің команда бұрын бізде жасалмаған туабітті жүрек ақаулары мен басқа да жү­рек қантамырларына түрлі ота­ларды жасауда аянбай еңбек етіп келеді. Мамандарымыз шет­ел­дік дәрігерлерден кем емес. Мәселен, 10 жыл бұрын туабітті жүрек ақауына қажетті ота шетелде ғана жасалды. Бұл 20-30 мың доллардан астам қаражатты талап ететін. Қазір елімізде бұл ота тегін. Басқа көрсеткіштеріміз де мақтаулы шетелдік емханалардан қалыспайды. Мен 2005 жылы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келдім.

Жылына кардиология бөлі­мін­де туабітті жүрек ақауы бар ба­ла­ларға 500-ден астам ота жа­са­лады. Мен өз қызметімде өзім жә­не ассистенттерім арқылы 1 мыңнан астам операция жаса­дым. Олардың көбі жаңа туған нә­рес­телер мен салмағы бір килоға жет­пей шала туған шақалақтар бол­ды. Кішкентай науқастардың өмі­рі бізге сеніп тапсырылады. Бұл ең ауыр әрі жауапты жұмыс. Соған қарамастан қызметімді жақ­сы көремін. Мен үшін ең үл­кен жетістік – балалар мен ата-аналарының бақытты жүзін көру.

Елбасы кездесуде еңбегімді жо­ғары бағалады. «Мен сіздердің жо­ғары жауапкершілікті қажет ете­тін кәсібиліктеріңізге тәнтімін. Кіп-кішкентай нәрестелерге ота жа­сау өте қиын шығар. Сіздер күн сайын еліміздің болашағы – сан мыңдаған бүлдіршіндердің өмі­рін аман алып қалып жатыр­сың­­дар. Тек жетістік тілеймін!» деп дәрігерлерге алғысын білдір­ді.

– Хирург-неонатолог, кардиохирург көп жағдайда ер адамның ісі саналатыны жасырын емес. Бұл мамандыққа қалай машықтануға болады?

– Менің негізгі мамандығым – хирург-неонатолог. Өзім­ді ота кезінде және отадан кей­ін жүректің кінәратын көру­ге көмектесетін жүрек ақау­ла­рын ультрадыбыстық диаг­но­стикалауға ие жүрек хирур­г­тарының бірегейімін деймін. Өйт­кені мұндай мамандар бізде сау­сақпен санарлықтай. Мен туа­бітті азқазан-ішек жолдары ақауына ота жасаймын. Не­гізі отаның ауыр-жеңілі болмай­ды. Бізге балалардың бар­лы­ғы дерлік ауыр жағдайда тү­се­ді. Көпшілігіне ота дереу, же­­­дел жасалады. Тіпті жаңа ту­­ған нәрестеге ота жасаған күн­­дер де болды. Біз үшін әр са­­ғат, әр минут, тіпті, әр секу­нд­ ма­ңызды болатын сәттер жиі қай­таланады. Дәрігерлер бар­­лық жағдайға дайын болуы ке­рек. Жұдырықтай жұмылған әре­кетте ғана нәтиже болуы мүм­кін. Баланы ажал аузынан алып қалу үлкен жауапкершілігі бар жұмыс. 18 жасымнан бас­тап еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды операция медбикесі ретінде бастадым. Сол кезде-ақ ресейлік тәжірибелі дәрігерлер бойым­дағы қабілет пен қолым­ның икем­ділігін көріп, бұл қыз бо­ла­шақт­а нағыз хирург болады деп жүр­ді. Бұл мені қа­нат­тандырып, ме­дици­на сала­сын­дағы жолымды ашты. Әлі күн­ге дейін ресейлік маман­дар­дың кеңесін жадымда ұстай­мын. Мық­ты емханадағы дәрігер­лер­ден білім алғанымды мақтан тұтамын.

С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінде педиатрия мамандығын алған соң бес жылдай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми ор­та­­лығының неонатология және нәрестелер хирургия­сы бө­лім­шесінде бала хирургы болып жұмыс істедім. 2005-2008 жылдары «Болашақ» бағдарламасының ар­қасында А.Н.Бакулев атындағы Жүрек қан-тамырлары ғылыми ор­талығында нәрестелердің ре­конструктивті хирургиясы жә­не ТЖА-ға шалдыққан бір жасқа дейінгі балалар бөлімінің базасында аспирантурада оқып, біліктілігімді арттырдым. Ресей­де «Кардиохирургиялық опера­ция­дан кейінгі балалардың нев­ро­­л­огиялық ауытқуларына баға беру» тақырыбы бойынша кан­дидаттық диссертациямды қор­ғап, «жүрек қан-тамырлары хи­рур­гиясы» мамандығы бойын­ша медицина ғылымдарының кан­дидаты дәрежесін алдым. Ел­ге келген соң кардиохирургия бөлімшесін ұйымдастыру жо­басы бойынша Астана қа­ла­сындағы Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығында, одан кейін Педиатрия және бала­лар хирургиясы ғылыми орта­лы­ғын­­да еңбек етіп келемін. Ре­сей, Поль­ша, Украинаның ме­ди­ци­на­лық орталықтарында қо­сым­ша медициналық білім алдым. Жал­пы, жыл сайын біліктілікті арттырып отыру қажет. Өйткені заманмен бірге медицина да тез да­муда. Осы орайда Киев қала­сын­дағы Бала кардиологиясы және кардиохирургиясы ғылыми прак­тикалық орталығында, Санкт-Петербургтегі қала­лық кли­ник­алық балалар ауру­ха­на­сының кар­­­диология бөлім­ше­сінде тағы­лым­­дамадан өттім, жыл сайын Италия, Польша, Корея, Укра­ина, Ресей мамандарының қа­ты­суымен өтетін кардиохирургия және кардиология бойынша ха­лық­аралық конференцияларға, ше­берлік сыныптарына қатысуды дәс­түрге айналдырдым. 2012 жы­лы ғылыми орталық базасында бала кардиохирургиясы және ин­тер­венциялық кардиология бө­лімшесін ұйымдастыруға атса­лыстым.

Бөлімде нәрестелік ке­зеңнен бастап жасанды қан ай­налдыру аппаратын қолдану және шағын инвазивтік эндос­ко­пиялық араласу арқылы ба­ла­лардың жүрек-қан тамыр­лары жүйесінің күрделі туа біткен даму ақау­ла­рына түзе­ту­­лер жүргізіледі. Бө­лімше ба­за­сында Италия, Украина, Польша, Түркиядан келген кардиохирургтармен шеберлік сабақтары өткізіледі. Шетелдік кли­ни­калардың мамандары орта­лық дәрігерлеріне жоғары баға бе­руде. Тіпті бізден де үйре­ніп жатқандар бар. Сонымен қа­­тар республикадағы балалар ден­сау­­лығын зерттеу жөнін­де­гі ғы­лы­ми-техникалық бағдар­ла­маға қа­тысып, кардиология бойынша резиденттерге клиникалық тә­лімгер ретінде сабақ беремін. Туа­бітті жүрек ақауы терапиясы мен диагностикасы мәселесі бойын­ша кеңес беру, аймақ маманд­а­рының біліктілігін арттыру, ме­ди­циналық көмектің сапасын жақ­сарту мақсатында өңірлерге ше­берлік-сабақ өткізуге үнемі ба­рамыз.

Медицина саласында өз кә­сі­бін жақсы көретін адамдар ға­­на жұмыс істейді. Балалар хи­рург­тарының арнайы жұмыс кес­тесі жоқ. Біз жұмысқа демалыс кү­н­дері, тіпті, мереке күндері де шы­ғамыз. Бұл үшін қосымша ақы да сұрамаймыз. Өйткені балаларды ем­деу – парызымыз.

– Орталықта жылына қан­ша ота жасалады?

– Кардиология бөлімінде жылына орта есеппен жүрекке 400-ден астам ашық операциялар және 300-ден астам эндоваскулярлық опера­циялар жасалады. Оның ішін­де қарыншааралық қалқа ақау­ларын, жүрекшеаралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерия және ашық артериялық тү­тік кезінде эмболизация, ашық а­ртериялық түтікті стенттеу, баллон­­дық вальвулопластика си­яқты оталар бар. Бүгінде кардио-хирургияда нәрестелердегі жү­рек­­тің күрделі ақауын түзетуде емдеудің жаңа технологиялары қолданысқа енді.

10 жыл бұрын туабітті жүрек ақауына қажетті ота шетелде ғана жасалды. Бұл 20-30 мың доллардан астам қаражатты талап ететін. Қазір елімізде бұл ота тегін.

Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ