Көктемнің көрікті шақтары көңіл көкжиегін көкке серпитін кездері аз емес. Ондай уақытта шабыт шанағынан шуақ төгіліп, адамзаттың анық бастауы – Аналарды, қырмызы қыздар мен қызғалдақ құрбыларды жырға қосып, әр әңгімеге арқау еткің келіп тұрады.
Аруларды сол мерейлі мезгілдің алғашқы аптасында құттықтайтындар аз емес. Біздің тілек те сондай ізгі ниетті өзіне мақсат тұтқандай. Жалпы, табиғаттың тамырын бүлкілдетіп тұрған қос бастау, сұлулықтың суаты – Ана болса, тіршіліктің қуаты – Әке. Сол сұлулықтан тарайтын адами ұлы моральдық қасиеттер, аналық мейірім, нәзік иірім, бәрі-бәрі ерте көктемде бүр атып, бүкіл адамзаттың рухани болмысын түрлі-түсті әлемге бояйды. Бұл ретте кез келген ананы шығармаңа шырақ қылуға болатындай. Алайда, батыр аналардың, батыр баптайтын бесік иелерінің, сардарға садақ тартуды үйреткен жауынгер ханымдардай тұрпаты бөлек нәзік жандылардың жөні мен жолы бір басқа.
Біздің бүгінгі лепес сондайлық тұлға, республикалық Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің әдіскері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Татьяна Чирковаға арналмақ.
Жалпы, Татьяна Николаевна жайлы айтпас бұрын, әйелдік әдемі әлемін жоғалтпай-ақ әскери тәртіптің әдепкі әдіс-тәсілін жетік меңгерген қыз-келіншектердің қызметін айта кеткен жөн. Ең алдымен аталған ауыр жолды таңдаған әйел затында мінез болу керек шығар. Қайтпас қайсарлық, өшпес өжеттік аруға ең асыл қару болса керек. Оның үстіне қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік білетін сауатты мамандар аз. Меңгерген мамандықтан бөлек, абзал істерімен, адамдық һәм аналық болмысымен аянбай еңбек ету анау-мынау адамның қолынан келе бермесі де анық. Мұны неге айтып отырмыз? Мәселе, темірдей тәртіпті талап ететін, қыздар түгілі қылшылдаған жігіттердің өзі байқап-байқап баратын жұмысқа біздің кейіпкер бір емес, екі түрлі өмірбаянымен бақ сынапты. Айталық, Татьяна Николаевна ең бірінші Павлодар қаласындағы педагогикалық техникумды, одан кейін пединститутты тәмамдаған соң өзінің еңбек жолын Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп интернатында бастаған. Кейін елордамыз Арқа төсінде бой көтергеннен кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебінде мұғалім болып қызмет етеді. Татьяна ханым жүріп өткен ұстаздық ұлағатты жолдардың басқа бағбандықтан бәсі бір басқа биік екенін де осы жерде айта кеткен жөн. Себебі болашақ ел намысын қорғайтын батырлардың бойына рух, санасына білім құю басқа сипаттағы мұғалімдік. Ең алғашқы еңбек жолынан бастап бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан ізгілік иесін болашақ патриоттардың бағбаны деуіміз сондықтан шығар. Қызметіне қызу кірісе кететін, еңбек ете жүріп өз әріптестеріне сыйлы, беделді қызметкер атану да жемісті жол.
– Алғашқы уақытта бұрын маған таныс емес тәртіпке бой үйрету оңай бомағаны анық, – дейді біздің кейіпкеріміз. – Алайда, бұл салада сан қырлы тәжірибе жинадық. Оны тек өзіміздің игілікке ғана пайдаланбай, ол жігерді болашақтың бойына сіңіруге жұмыс істеп келеміз. Жуырда өзіміз жұмыс істейтін білім ордасына ауған соғысының ардагерлерін қонаққа шақырып, жас ұландарды көзі тірі қаһармандармен жүздестірдік. Кейде менен сұрайды: әскери мектепте жұмыс істеп келіп, олимпиадалық резервке бала дайындау қиындық әкелмей ме деп? Оның қайта өз артықшылығы бар дер едік. Себебі Отан намысын қиын күнде қарумен, бейбіт күнде былғары қолғаппен қорғау керек. Мысалы, кешегі күннің баһадүрлері Қажымұқан Мұңайтпасов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов болса, бүгінде ол дәстүрді Бақытжан Ертаев, Серік Сәпиев жалғап келеді. Біз соларға бағбан, бағдарлаушы болсақ, өзіміздің отан алдындағы борышымызды түгел өтегеніміз, – дейді Т.Чиркова.
Жалпы, патриоттық тәрбие дегеніміз тек Отанға деген жалаң сүйіспеншілікпен емес, отбасындағы үлгі-өнеге мен мектептен басталатын мінсіз қызметке де байланысты. Татьяна, ендеше сондай ұлағатты ұстаз, болашақ бағбаны дер едік.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»