Республика Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жалпы құны 6,5 миллион АҚШ долларына жуық екі ірі әлеуметтік жобаны ойдағыдай аяқтағандығы туралы жария етті.
Жергілікті инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында, жекелей алғанда, ҚПО Ақсай қаласының 10-шағын аудандағы қазандыққа қайта жаңғырту жүргізді, сондай-ақ Ақбұлақ жерасты сулары кен орнынан қаланы қосымша сумен жабдықтау жобасы да жүзеге асырылды.
ҚПО бас директоры Джузеппе Пази бұл орайда «Республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осы екі заманауи әлеуметтік нысанды аяқтағанымызға қуаныштымыз. Жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға ҚПО-ның салған инвестицияларының арқасында, өңірде жаңа мектептер, ауруханалар, спорт имараттары салынып, жолдар төселді, сондай-ақ Ақсай қаласында және көптеген елді мекендерде газбен және сумен жабдықтау жүргізілді» – дейді мақтанышпен. – «ҚПО-ның әлеуметтік бағдарламасы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің іс-әрекеті мерзімі ішінде жарты миллиардтан аса АҚШ доллары көлемінде инвестицияларымен қарастырылған, бұл ел игілігі үшін Батыс Қазақстан облысын одан әрі дамытудың кепілі болады».
Бұл ретте БҚО, Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкімов «ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту ҚПО-ның әлеуметтік жауапкершілігінің көрнекі үлгісі болып табылады. Жергілікті билік органдары мен ҚПО-ның ынтымақтастығы Қарашығанақтың әлеуетін тиімді пайдалануды көздейді, ол өз кезегінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларына оңды өзгерістер әкелері сөзсіз. Компания Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ауданның барлық халқына тамаша тарту жасады» деп шынайы ризашылығын білдірді.
Қазандықты іске қосу Ақсай қаласының 10-шағын ауданын жылумен және ыстық сумен жабдықтауды тұрақты қамтамасыз етуге толық мүмкіндік берді, оның ішінде ҚПО-ның әлеуметтік бағдарламасы аясында 2010 жылы салынған 900 оқушы оқитын жаңа мектеп те бар. Жылға жетер-жетпес уақыт ішінде мердігер – жергілікті «Ақсайспецмонтаж» ЖШС компаниясы жұмыстардың үлкен көлемін орындады. Қазандықтың ескі ғимаратын бөлшектеп жаңа құрылыс тұрғызды, 2 қазандықты монтаждап, қазандарды орап, сорғыларды орнатты. Бұған қоса су дайындау қондырғысын қатарға қосып, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика жүйесін монтаждады. Электронды жабдықпен жабдықталған заманауи қазандықтар газ тұтынуды екі есеге дейін төмендетуге, жылу шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Қосымша сумен жабдықтау жобасын жүзеге асыру Ақсай қаласының және Қызылтал кентінің тұрғындарын үздіксіз сумен тұрақты қамтамасыз етті. Құрылыстың мердігері болып отандық компания – «Спецстройсервис» ЖШС тындырымды іс атқарды. Бұған дейін қала халқы ауыз суды Бестау су қоймасынан алып келген еді, оның өнімділігі тәулігіне 7300 м3 болатын. Алайда, қаланың шағын аудандары мен Бестау кентін дамыту ауыз сумен қосымша жабдықтауды талап етті. Құрылыс екі кезеңге бөлініп жүргізілді. Алдымен сорғы стансасы бар су қоймасы салынды, оның құрамына екі терең ұңғыма тереңге батырылатын сорғысымен, суды есепке алатын және бөлетін блок, сондай-ақ полиэтиленді құбырлардан тұратын суағар кірді. Екінші кезең барысында Ақсай қаласына дейін тартылған суағары бар сорғы стансасы тұрғызылды. Ол Ақсай қаласына және іргелес жатқан Ақсу мен Жаңақос елді мекендеріне су құбыры желісіне су беру үшін арналған еді. Жаңа су қоймасы имаратының өнімділігі тәулігіне 1980 м3 болып отыр. Бұл, әсіресе жазғы кезеңде ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Марат АҚҚҰЛ.