Кеше Астанада Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша республикалық семинар-кеңес болып өтті.
Оның жұмысына облыстық, Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері аппаратының сайлау мәселелеріне жауапты қызметкерлері, Орталық сайлау комиссиясының өңірлердегі өкілдері, Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ сайлау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов өз сөзінде атап өткендей, алдағы сайлаудың ерекшелігі, бұл – электораттық үдерістің негізгі кезеңдері, әсіресе, үгіт науқаны мерзімі бойынша ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына әзірліктің аяқталуымен және мерейтойды атап өту күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жағдай сайлау органдарына және барлық сайлау үдерісіне қатысушыларға ерекше жауапкершілік жүктейді. Ал сайлауды ұйымдастырушылардың мақсаты – кейбір түсініспеушіліктердің орын алуына жол беретін жағдаяттардың алдын алу, сайлау заңнамасын бұзу әрекеттеріне қарсы уақтылы және табанды шаралар қолдану болып табылады. «Меніңше, барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың іс-әрекеті тек біріктірушілік сипатта болуы тиіс. Сайлауалды бәсеке өркениетті әрі ізетті болуы керек», деді төраға осы туралы.
Ортсайлауком басшысы бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясы тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қуандық Тұрғанқұловтың хабардар етуінше, қазіргі кезде партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну үдерісі жүріп жатыр. Бұл үдеріс 5 желтоқсанда аяқталады. Сондай-ақ мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну үдерісі де жалғасын табуда. Ортсайлауком сайлау кампаниясы басталғаннан бері қажетті нормативтік-құқықтық актілерді, сайлауларды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі шаралардың Күнтізбелік жоспарын дайындап, оларды жергілікті жерлерге жіберді. Сайлауларды ақпараттық жағынан қамтамасыз етудің жоспары дайындалып, жүзеге асырылуда. Республикалық телеарналар эфиріне орналастыру қамтамасыз етілді. Сайлау науқаны барысында осындай 20-ға жуық ролик шығару жоспарланған.
«Сондай-ақ біз сайлауларды әзірлеу және өткізу мәселелеріне арналған өңірлік семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ОСК төрағасы әрі қарай. – Жақын арада Үкімет сайлау кампанияларын қаржыландыру мәселесін шешетін болады. Барлық сайлау комиссиялары қаржылық тәртіпті қатаң сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Сайлау өткізуге бөлінген қаражатты орынсыз шығындауға жол бермеуіміз қажет. Үкімет резервінен бөлінген қаржының барлық шығындарын төлеуді 2011 жылғы 25 желтоқсанға дейін аяқтауға міндеттіміз. Ал 2012 жылға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шығындарын төлеуді біз келесі жылдың 15 ақпанына дейін аяқтауымыз керек».
Қуандық Тұрғанқұлов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары сайлауы мен мәслихаттар депутаттары сайлауына қажетті сайлау бюллетеньдерін басып шығару, сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту, сайлаушылар тізімін дайындау мәселелерін ортаға салды. Төрағаның атап өткеніндей, учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімін сайлауға 15 күн қалғанға дейін, яғни 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін танысу үшін ұсынуы қажет. Сайлауком төрағасы отандық және халықаралық байқаушыларды сайлауларды әзірлеу және ұйымдастыруға қатысты қажетті барлық ақпараттармен қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті.
Семинар-кеңесте ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлаудың заңдық нормалары және оны өткізу ережелері туралы, ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері туралы, ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда қазақстандық, халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу тәртібі және олардың өкілеттіктері туралы, ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері туралы, ОСК аппаратының қаржы-бақылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды қаржылық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңінен таныстырып өтті.
Жиын барысында қозғалған мәселелердің барлығы өзекті болып табылады. Сондықтан да оған қатысушылар сайлау науқанының қазіргі кезеңдегі бірлескен жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың сайлау заңнамасы нормаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігін ерекше атады. Өйткені, сайлаудың ойдағыдай өтуі оны ұйымдастырушылардың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Семинар-кеңеске қатысушылар жоғарыда аталған мәселелерді талқылау барысында сайлау үдерісін ұйымдастыру аясында жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар ұсыныстар да айтты. Мұндай ұсыныстар мен ұсынымдар сайлауға қатысты іс-шараларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиында Орталық сайлау комиссиясының басшылары мен мүшелері қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды. Алдағы уақытта осындай семинар-кеңестер мен тренингтер еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.