• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2011

Қазақстандықтардың басым бөлігі сайлауға барады

305 рет
көрсетілді

Жақында «Демократия институты» 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің сайлауына байланысты қоғамдық пікірді зерттеген әлеуметтік сауалдама жүргізді. Сұрау салулардың нәтижесіне сүйенсек, тұрғындардың қазіргі кездегі электораттық белсенділік деңгейі 61,3 пайызды құрайды. «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтер болса сіз оған барасыз ба?» деген сауалға респонденттердің 52,1 пайызы «иә» деп нақ жауап берсе, тағы 9,2 пайызы сайлауға дауыс беруге ниетті екендіктерін танытқан. «Егер сайлау алдағы жексенбіде өткен жағдайда сіз қай партияға дауыс берген болар едіңіз?» деген сауалдан партиялардың рейтингі төмендегіше көрініс береді: «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы – 75,7 пайыз; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,5 пайыз; «Азат» ЖСДП – 2,1 пайыз; Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) – 2 пайыз; «Әділет» демократиялық партиясы – 0,9 пайыз; Патриоттар партиясы – 0,9 пайыз; Қазақстанның «Ауыл» социал-демо­кра­тиялық партиясы – 0,8 пайыз; «Руханият» партиясы – 0,1 пайыз. – Жыл бойы жүргізілген мониторингтің  нәтижелері көрсетіп отырғанындай, қазақ­стандықтардың электораттық белсенділігі­нің жоғары деңгейін ескере келгенде, ел саяси партияларына өздерінің электораттық әлеуетін кеңейтуге толықтай мүмкіндіктері бар, – деп есептейді «Демократия институ­ты­ның» жобалар бойынша директоры Юлия Кучинская. Анкеталық сауалдамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан 1500 респондент қатысты. Таңдау ауытқушылығы +2,5 пайыз. Сауалдама агенттіктің өз қаражаты есебінен жүргізілді. «Егемен-ақпарат».