• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Наурыз, 2018

Өзара түсіністік – өзекті мәселелерді шешудің тікелей жолы

800 рет
көрсетілді

Өзбекстан Республикасының бүгінгі сыртқы саясаты мен ішкі өзгерістері туралы әңгіме қозғалса «жылымық» деген сөзді жиі еститін болдық. Шынында да Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеев сыртқы саясаттағы белсенділікке де, интеграциялық процестерге де, екіжақты және көпжақты экономикалық ынтымақтастықтарға да кедергі келтіріп келген бұрынғы көптеген тыйымдарды алып тастап, оларды ептілікпен еңсеріп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге осы істерді кейбір батыстық жаңашылдар сияқты бұзып-жарып жасамай, шығыстық ептілікпен, ешқандай толқыныс пен бұлқыныс тудырмайтын, күйзелістерге соқтырмайтын шеберлікпен іске асыруда.

Тату көршілік пен туысқандық қаты­нас­тардағы белсенділік Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ресми байланыс­тардан да айқын көрініп отыр. Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың был­тырғы қыркүйектің 16-17-сі күндері Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты жаңа са­падағы белеске көтергені туралы көп айтылып, көп жазылды. 2018 жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы болатыны да сол жолы айтылды. Ол туралы Елбасы Н.Назарбаев былай деген еді: «Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге уағдаластық. Күн тәртібінде Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу де бар». Осынау айтулы шара осы жылғы наурыздың 15-інде салтанатты түрде ашылатын болады.

Мемлекет басшылығына Шавкат Мирзиёев келгеннен кейін Өзбекстанға ең алғашқы мемлекеттік сапарды Қазақстан басшысы жасады. «Осы жылды екі елдің қарым-қатынасындағы тарихи жыл деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттеріміз арасында экономиканың барлық саласы бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік байқалуда» деген еді өзінің сөзінде Ш.Мирзиеев Н.Назарбаевпен кездесу рәсімін ашарда. Айтса айтқандай, Н.Назарбаев сапарының қарсаңында Ташкент шаһарында өткізілген көрмеде қазақстандық 70 компания өздерінің өнімдерін көрсетті. Екіжақты сауда айналымы тек жарты жылда ғана 35 пайызға дейін артты. Осының өзі өзбек тарапының түрлі кедергілерді алып тастап, нарықтық ашық сауда ережелеріне бет алғандығының арқасында қол жеткізілген табыс еді. «Kazakh Invest» ҰК басқармасы төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтің айтуына қарағанда, Өзбекстан үкіметі сырттан кіретін көптеген тауарларға салынатын акциздік салықтың ставкаларын нөл пайызға түсірген. Мәселен ұнның акцизі бұрын 11 пайыз болса қазір 0-ге түсіп, күнбағыс майынікі 5 пайызға азайған.

Өзбекстан Президентімен кездесудегі сөзінде Елбасы: «Сіз аз уақыт ішінде екіжақты қарым-қатынасты табысты дамытуға зор үлес қостыңыз. Екіжақты кездесулердің арқасында біз көптеген түйткілді мәселелерді шеше алдық. Біздің тіліміз, мәдениетіміз, дініміз ортақ. Сондықтан бізде тығыз ынтымақтасудан басқа жол жоқ. Өзара іс-қимылымыз тиімді болу үшін нақты істер атқарып, бір-бірімізді қолдауымыз қажет», деген еді.

Шынында, айналасы бір жылдан сәл ғана артық уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның экономиканың барлық саласындағы қарым-қатынастары серпінді даму жолына түсті деп айтуға болады. Мәселен Алматы мен Ташкент арасында аптасына екі рет «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынай бастады. Ұлттық әуе тасымалдаушыларымыз екі елдің астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды. Тұрақты автобус қатынасы бұрынғыдан артты. Екі елдің парламенттері 2009 жылы қол қойылған халықаралық автомобиль қатынасы бо­йынша келісімге енгізілген хаттаманы ратификациялап, бұрынғы алты өткізу бекетіне тағы да екі бекет қосылып, екі елдің ірі қалалары арасында жаңа автобус маршруттары ашылып, халықтың барыс-келісі артып жатыр.

Екі елдің Мемлекет басшылары 2020 жылға дейінгі мерзімде екіжақты сау­да айналымын 5 млрд АҚШ доллары көлеміне дейін жеткізу жөнінде ел үкіметтерінің алдына міндет қойып, қолданылмай отырған резервтерді іске қосу жөнінде тапсырмалар берді. Энергетика саласындағы инвестициялық серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі ескеріліп, орта мерзімді перспективада 2-3 бірлескен ірі инвестициялық жобаны іске асыруға уағдаластық жасалды. Газ саласындағы ынтымақтастықты екіжаққа тиімді жолмен дамыту қарастырылып, ел үкіметтеріне жаңа газ жобаларын пысықтау тапсырылды.

Екі елдің арасындағы шешімін толық таппай келе жатқан мәселенің бірі су рес­урстарын тиімді пайдалану еді. Сапар барысында Мемлекет басшылары бұл мәселенің де екі жаққа тиімді болатын жолдарын талқылап, келісім жасағаны айтылды. Мәселен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде: «Бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның шекарааралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып табылатынын атап өткен жөн», деді. Ал Арал теңізінің проблемасына қатысты: «Келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына 25 жыл толады. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бірден-бір мемлекетаралық тетік болып табылады. Осыған орай біз Қордың жұмысын жандандыру қажеттігі жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ екенін растадық. Атап айтқанда, біз 2018 жылы жоғары деңгейде кездесу өткізіп, әріптестерімізбен бірге баршамызға ортақ осы мәселені шешудің өзара тиімді жолдарын талқылауға ниетті екенімізді білдірдік», деді ол.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер аясында екіжақты 10 маңызды құжатқа қол қойылған. Қазір сол құжаттардың талаптары іске асырылып жатыр. Олардың орындалуы Мемлекеттер басшыларының назарында болып отыр. Тараптар телефон арқылы сөйлескенде келісімдердің орындалуын қадағалап отыратындығы айтылады. Мәселен өткен жылғы қарашаның соңында телефон арқылы сөйлескендерінде президенттердің екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, келісімдердің орындалу барысы туралы айтқандарын Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

 Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық жоспарларына өткен жылдың тамыз айында қол қойылған. Президент Н.Назарбаевтың Ташкентке жасаған сапары барысында ол ресми келісіммен бекітілді. Осы келісімнің негізінде қазақстандық минаға қарсы қорғанысы бар «Арлан» броньды транспортерлерінің бір партиясын сату жоспарланған. Сондай-ақ броньды кеудешелер, оптикалық көздегіштері бар қарулар, арнаулы әскери машиналар және т.б. Өзбекстан жағына сатылады. Сонымен қатар Қазақстан өзінде шығатын ғарыштық жерсеріктерін алуды да ұсынған.

Екіжақты ынтымақтастықтардың тағы бір перспективалы саласы – фармацевтика мен машина жасау саласындағы сауда айналымын арттыру. Осы мақсатпен қосымша екі өкілдік ашуға келісім жасалған. Өзбекстан басшысының айтуы­на қарағанда, өткен жылдың сегіз айында ғана осы саладағы өсім 35 пайыз болып, 1,3 млрд АҚШ доллары көлеміне жеткен. «Біз осы саладағы тауар айналымын алдағы уақытта 5 млрд АҚШ доллары көлеміне жеткізу міндетін қойдық» деген еді Ш.Мирзиёев.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев жақын­да 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының 2 млрд доллардан асқанын жариялады. Демек, 5 млрд доллардың да ауылы алыс емес деген сөз.

Мұнай-газ секторындағы ынты­мақ­тастықтың перспективасы да жоғары. Қазақстан Өзбекстан нарығына 1 млн тонна шикі мұнай шығаруға міндеттеме алған. Ол жергілікті мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін болады.

Келісімдердің іске асырылып жат­қанына бір мысалды ақпан айының аяғында Өзбекстанның Әндіжан облысына барған сапарында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев айтты. «Біз қазір автокомпоненттік базаны дамытудың екінші кезеңіне шықтық. GM Motors Uzbekistan автозауытымен әріптестікті біз ұзақ мерзімді және стратегиялық жоба ретінде қарастырамыз» деді ол. Қазіргі уақытта Қазақстанмен әріп­тес­тіктің жаңа кезеңінің арқасында осы зауыт өнімдерін құрастыру жылына 7 мың данаға дейін өсірілген екен. Сон­дай-ақ елші басқа бағыттардағы ынты­мақ­тастықтардың жедел іске асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен Самар­қандта Isuzu маркалы автобустар шыға­ратын зауыттың өнімдерін алу да қарас­тырылған. Жақын болашақта осы автобусты Қазақстанда құрастыру мәселесі де жоспарлануда екен.

Әрине екіжақты ынтымақтастықтың әлі де пайдаланылмай жатқан резервтері көп. Мәселен өзбекстандық тәуелсіз сарапшы Бахтияр Эргашевтің айтуына қарағанда, орта мерзімді перспективада екі мемлекет сыртқы сауда құрылымын әртараптандыруы керек. «Ол үшін, сыртқы сауда режімін жетілдірген жөн. Өзара инвестицияларды ынталандырып, салық салуды оңалту керек», дейді сарапшы. Жоғары деңгейдегі келісім болған соң бұл мәселелер де шешілетін шығар. Ең бастысы, сең қозғалып, жұмыс жүре бас­тады ғой, ендеше, жетілдіру мәселесін шешу де алысқа кетпес. Міне, екі туысқан елдің қазіргі экономикалық әріптестік қадамдары осындай.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»