• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Алғысқа бөленген ақ халаттылар

302 рет
көрсетілді

Газеттің облыстағы тілші қо­сы­нына  Қарғалы ауданы  Ақ­жа­йық ауданының тұрғыны Төле­ген Бисекеевтің  хаты келді.  Отыздан астам ем алушының атынан  жаз­ған  хатында  ол сырқаттарға са­палы медициналық қызмет көр­сететін аурухана ұжымына алғыс сезімін білдіреді. Әсіресе,  ұжым­ды халықтың денсаулығын жақ­сар­туға жұдырықтай жұмыл­д­рып отырған аудандық ауруха­наның бас дәрігері Әмірхан Бахо­новтың білікті басшы ғана емес, өз ісінің маманы, кәсіби шеберлігі жоғары хирург  екенін жеткізеді. «Жақ­сыны көрмек үшін» дегендей  Әділхан Кенжетайұлымен дема­лыста жүргеніне қарамастан аз-кем әңгімелесуге уақыт тауып жолыққанбыз. Уақытын алғаны­мыз­ға ғапу етіп жатырмыз ғой, әдеп сақтап. Ой, аға дәрігерде демалыс деген аты ғой, біреудің жаны қиналып жатқанда өз шаруамызды екінші кезекке ысы­руға үйренгенбіз дейді күлім­сіреп.  Аурулар риза болса, бол­ған­дай-ақ жан екен. Ширек ғасырдан астам осы ауданда әуелі хирург болып еңбек жолын бастаған ол аудандық аурухананың тізгінін ұстағалы да ісі ілгері басып келеді.  2009 жылы бұл ұжым облыстың ден­саулық сақтау мекемелері арасын­да өткізіліп келе жатқан «Ша­пағат» конкурсында «Үздік аурухана» номинациясы бойынша жеңімпаз болса, өткен жылы осы ұжымда еңбек ететін дәрігер Әлия Хангелді ауыл дәрігерлері арасында республикалық бай­қауда бірінші орынды иеленді, үстіміздегі жылы аудандық аурухана ұжымы «Саламатты өмір салтын насихаттау» номинация­сында  республика бойынша бірінші орын алды.   Емдеу-сауық­ты­ру, аурудың алдын алу жұмыс­тарын «Бірыңғай ден­саулық  сақ­тау жүйесі»  бағ­дар­­­ламасы бо­йын­ша жүргізіп от­ыр­ған аудан­дық  ауруханаға жеті дәрі­герлік амбулатория және он екі медпункт қарайды. –Біздің аурухананың осындай жетістіктерге жетуі бүкіл ұжым­ның еселі еңбегінің, ұйымшыл­дығы мен бірлігінің, кәсіби біліктілігінің нәтижесі дер едім. «Жалғыз ағаш орман емес», дегендей дәрігерлер мен медбикелер өз ісін терең білмесе, менің баста­маларыма қолдау көрсетпе­се, мұндай табыстың ауылы қашық болар елі. Шүкір, ұжымда қалыптасқан еңбек дәстүрі бар. Мамандарымыз өз кәсібінің шеберлері. Осында еңбек ететін 40- тан астам дәрігердің тең жартысы жоғары және 1 дәрежелі мамандар.  Былтыр үш жас маман келді. Олар тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Материалдық базамыз жақ­сы, дәрігерлермен толық қамта­масыз етілдік,–дейді Әділ­хан Кенжетайұлы. Бұл – лапараскопиялық операциялар жасайтын бірден-бір аудан­­дық аурухана.  Ауруханада осы кезге дейін 200-ден астам осындай операциялар жасалып­ты. Мұнда осындай тәсілмен әйел­дердің жатырына ота жасау да жолға қойылған. Мұндай опера­ция­ларды жоғары дәрежелі дәрі­гер-хирург Қайрат Бөке­ков пен гинеколог Жұлдыз Есенова сәтті жасап келеді. Соңғы бес жылда 300 миллион теңгеге жөн­деу жұмыстары жүргізілсе, үш жылда 400 миллион теңге меди­ци­налық қондырғылар алуға жұм­са­лыпты. Дәрі-дәрмекпен то­лық қамтамасыз етілген. Аудан­дық аурухананың материалдық-техникалық базасы­ның нығаюы­на, дәрі-дәрмекпен, маман кадрлармен қамтамасыз етілуіне  облыстық  және аудандық әкімші­лік, денсаулық сақтау бас­қар­масы ұдайы көңіл бөліп отырады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс, іскерлік ізденістің нәти­жесінде ана  мен бала өлімі кеміп, құрт ауруының беті қайтып, жалпы ауруға шалдығу көрсеткіші тө­мен­деп келеді. Аудандық аурухана  қызмет­керлері жылу беру маусымына да тиянақты дайындықпен түсіп отыр. Бу қазандығы дайын,  жеткілікті отын түсірілген. Іші-сырты тап-таза аурухананың екі-үш адам­дық палаталарында жаныңа керек­тің бәрі бар. Теледидар, тоңазыт­қыш қойылған.  Ем-дом алған ауру­лардың риза болатын­дай да реті бар. Білікті дәрігерлер мен мейірімді медбикелердің өздеріне деген ықыласты көзқа­расы мен жылы сөзі  емделуші­лердің сырқа­тын сылып алғандай ризашы­лыққа бөлеуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.