2000 жылы Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын бітірген өндірдей бір топ түлек Петропавл қаласына арнайы жолдамамен келіп, Тәуелсіз еліміздің қазақ өнер ордасының шымылдығын ашқан еді. Сол кезде өнер десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық өлгені тіріліп, өшкені жанғандай керемет күй кешті. Сөйтіп, рухани шөліркеп отырған қызылжарлықтарды жас ұжым өз өнерлерімен қуанышқа бөледі. Содан бергі уақытта алпыстан астам қойылым сахналанды. Облысқа арнайы жұмыс сапары кезінде қасиетті өнер ордасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі ұмытылмастай әсер қалдырды.
Содан бергі кезең театр ұжымының қалыптасу, өсу, өрлеу жылдары болды. Талай додалы байқау-фестивальдарда бағын сынап, топ жарды. 2003 жылы Египеттің астанасы Каирде өткен халықаралық театрлар фестивалінде үздік ондықтар қатарынан көрінуіміз жігерімізді тасытты. Шетелдіктер назарына «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымы ұсынылды. 2004 жылы өткен республикалық фестивальда театрдың көркемдік жетекшісі Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «үздік режиссер» атанды. Ең бастысы, жұртшылық ұлттық, әлемдік классикадан бастап қазіргі заманның тыныс-тіршілігін бейнелейтін шығармаларды да ынтыға көреді, асыға тосады. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», «С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдысы», А.Кирийдің «Иірімі», К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметшісі» сияқты дүниелер репертуарымызға тұрақты енді.
Өнер адамдарының тынымсыз еңбегі облыс басшылығы тарапынан қошемет-құрметке бөленіп жүргенін айту орынды. Аймақ басшысы Серік Біләлов бір топ жас әртістерге жайлы пәтерлердің кілтін, сыйақылар табыс етті. Қосымша қаржы бөлді. Бүгінде театр жанында «Алуа» би тобы, камералық оркестр жұмыс істейді. Біз облыстың елді мекендеріне, көршілес облыстарға гастрольдік сапарлармен шығу дәстүрін үзген емеспіз. Мысалы, Қостанайда он бес қойылым көрсетіп, сапарымызды гала-концертпен түйіндедік. Көкшетаулықтарға Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» спектаклін ұсындық. Ресейдің шекаралас облыстарындағы қазақ ауылдарына да жиі барып тұрамыз.
Соңғы жылдары ұжым қабілетті, талантты жастармен толыға түсті. Театрымыз жас. Алар асулары әлі алда. Жасампаз жиырма жылдың тең жартысын өз тарихына жазған С. Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театры теріскейдегі киелі өнердің бір иесі ретінде рухани құндылықтарға деген құштарлығы мен іңкәрлігін бір сәт те босаңсытпақ емес.
Қуандық ҚАСЫМОВ, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы.