• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Жас келсе іске

409 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің он жылдық мерекесі қарсаңында Семейде жастар театры ашылған болатын. Ал оның қысқаша тарихы төмендегідей. 1996 жылы осындағы саз колледжінде актерлік бөлім ашылған болатын. Оның ашылуына Алматы­дағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Дариға Тұранқұлова, доцент Майра Омарбаева мен аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова бірден бір себепкер болған-ды. Сол шақта бұл кісілер Семейге қызмет ауыстырып келе қалған. Cөйтіп, 2001 жылы сол бөлім түлектерінің күшімен мұнда «Дариға-ай» жастар театры ашылған болатын. Сол шақта театр­дың аяғынан қаз тұрып кетуіне оның алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі Ақпарәлі Айтыбаев көп еңбек сіңірді. Алғашқы жылдары қалалық бюджеттен қаржылан­дырыл­ған театр бүгінде облыс қамқорлығына алынған. Биыл облыс әкімі тарапынан театр ұжымына су жаңа автокөлік бөлінді. Соның арқасында облыстың көптеген аудандарында өнер са­парымен болып қайттық. Көрермендер назарына ел тәуел­сіздігінің жиырма жылдығына орай белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» дастаны негізінде жазылған поэ­ти­калық драманы және желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұл­беков туралы «Ызғарлы желтоқсан» және басқа туындыларды ұсындық. Осы өткен он жылда театрдың қол жеткізген жетістіктері баршылық. Солай дей тұрғанмен, алар асуымыз әлі де алда деп білеміз. Жоғарыда айтқанымыздай, қамқорлықтан кенде емеспіз. Енді облыс, қала тарапынан жастар театры үшін жеке ғимарат іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ саз театрындағы жабылып қалған актерлік бөлім қайта ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жемісі болып табылатын жастар театры еліміздің рухани орталықтарының бірі болып саналатын Семейдің мәдени жағынан одан әрі гүлдене түсуіне өз үлесін қоса беретіндігіне еш күмән болмаса керек. Амангелді БАҚТИНОВ, «Дариға-ай» жастар театрының директоры. Семей.