Оңтүстіктің өзінің опера және балет театры бар. Бұл өнер ордасының осы өңірде өмірге келуінің өзі де заңды сияқты. Олай дейтінім, театр ашылғанға дейінгі 11 жылда романс орындаушылардың халықаралық байқауы тұрақты түрде өтіп тұрды десем, романсиада жалғасы кейінгі жылдары «Қазақ романсиадасы» атауымен ұйымдастырылып келеді. Осының бәрі, әлбетте, шынайы, байсалды музыканы, мәдени талғамды өсірді және өзіміздің опера театрын құруға итермеледі. Соңында осы бастама іске асты.
2008 жылғы 6 қарашада театр ғимаратының ашылу рәсімі мен алғашқы гала-концертке Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы, өнер адамдарының ертеңгі күніне деген сенімін арттыра түсті.
Театр ғимараты есігін ашқанға дейін, опера және балет театрын ашу идеясының тұсаукесер рәсімінің «Мәңгілік әуендер әлемі», италиялық дирижер Ивано Кайаццоның «Браво бельканто!» және әлем опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміздің «Шымкентім жүрегімде» концерттері мен «Әлем опера жұлдыздары – Шымкентте» халықаралық фестивальдары Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Австрия, Италия және АҚШ опера жұлдыздарының қатысуымен өткенін де айта кетсем деймін.
Өнер ордасының қалыптасып аяққа тұруына театрдың алғашқы директоры, Санкт-Петербург консерваториясының түлегі Асқар Алихан, одан кейінгі директор, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Әбдіхан Нұрмахамбетовтер зор еңбек сіңіріп, өз қолтаңбаларын қалдырды.
Бүгінгі таңда театрды Ә.Мәмбетовтің мектебінен өткен, Астана опера және балет театрында режиссердің көмекшісі қызметін атқарған оңтүстіктің төл тумасы Бауыржан Рахманов басқарады.
Үстіміздегі жылы театр ұжымының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Оңтүстік жұлдыздары» атпен өткен концерттерінде театр әртістері Ж.Белгібаеваның, Е.Жандарбайдың танымал опера әншілері Г.Дәуірбаева және А.Жылтыргөзовпен қатар өнер көрсетуі, атақты дирижер Р.Салаватовтың театр оркестрін басқаруы көрермендерде ұмытылмас әсер қалдырды. Сөз орайы келгенде театрдың симфониялық оркестрі И.Кайаццо, А.Викулов, А.Бөрібаев, Р.Салаватов, Б.Құдайқұлов, А.Абдуллаева, А.Мұхиттдинов, Е.Ахмедьяров сияқты әлемге танымал дирижерлермен жұмыс жасағанын да айта кетсек артық болмас.
Жас ұйымның алғашқы аяқ алысы табысты. Бұл орайда «Театр көктемі – 2011» байқауында жүлделі орынды иеленгенін, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндерінде театр әртістерінің Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасының алдында жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, облыс мәдениеті мен өнерінің мерейін көтергенін айтуға болады.
Бүгінде жас ұжым – оңтүстіктегілердің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың рухани мақтанышы болу бағытын ұстанып, өнерді сүйетін және бағалайтын жанкүйерлерді өнер мерекесіне шақырып, классикалық музыканың биік шыңы саналатын бекзат өнердің қайнар бұлағынан сусындату үшін бар мүмкіндіктерін жасауға ұмтылуда.
Гаухар ТӨЛЕПОВА, опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Шымкент.