• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Халықтық коммунистер болашақ үшін күреседі

391 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде «Алтын Қарғалы» шипажайында 2012 жылы қаңтар айындағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәсли­хаттар депутаттарының сайлауына орай Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының кезектен тыс VІ съезі өтті. Онда партия пле­нумының қаулысы бойынша саяси партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасы ортаға салынып, партиялық тізімдегі кандидаттар бекітілді. Сонымен, Парламент Мәжі­лісі мерзімінен бұрын тараты­лып, саяси дода басталып кетті. Қазақстан Ком­мунистік халық­тық партиясы (ҚКХП) да өзде­рінің бұл саяси науқанға қа­тысуға дайын екендіктерін білдіріп, партия мүшелерін сайлауды ұйым­шыл­дықпен өткізуге ша­қырды. Съез­ді ашқан ҚКХП ОК-тің хатшысы Владислав Косарев партия алдында тұрған мақсат, міндет­теріне тоқталып, еліміздің жоғары заң шығарушы орга­нында өз өкілдерінің жоқ екенін, сон­дық­тан партия мүшелері Парламент Мәжілісі сайлауалды дайын­дық жұмысын жоғары деңгейде өткізуге мүдделі екендіктерін білдірді. – Болашақ Мәжілістің және мәс­лихаттардың құрамы азамат­тардың саяси талғамын ба­рынша қанағат­тандыратын бола­ды деп үміттенеміз, – деді хатшы өз сөзінде. – Біз қоғамы­мыздағы жағ­дайды теңестіре­тіндей тетік болу ниетіндеміз, өйткені, бүгінгі күні өкілетті органдарда буржуазия – бай адамдар көпшілік болып отыр. Бұл жерде Владислав Косарев өздерінің бай адамдарға қарсы күреспейтінін, кедейлікке қарсы кү­ре­сетінін атап көрсетті. Сон­дықтан да партия, біріншіден, биліктің өкілетті органда­рына, ең алдымен Мәжіліске қарапайым халықтың өкілдері кіруі үшін күреспек. Осы­лайша халықтық коммунистер өзде­рінің партия­лық тізімдеріне пар­тия хатшы­ларымен қатар, қатар­дағы коммунистерді де – мұ­ғалім, кондитер, дәрігер, экска­ваторшы, опера­тор­­ларды да енгізді. Олардың ара­сында әр ұлттың өкіл­дері – қазақ, орыс, украин, татар, т.б. бар. Ең бір айта кетерлігі, партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер құрайды. – Біздің Парламентке бару­дағы ең басты мақсатымыз – қарапайым қазақстандықтардың мүддесін қор­ғау. Біздер капи­тализмнің ты­ғы­рық­қа тірелгенін мәлімдейміз. Сондық­тан халық­тың ауқатты өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жа­сауымыз керек. Біздің партия осы шешімді дұрыс деп табады. Сондықтан халықтық коммунистер партиясы ең алдымен әлеу­меттік мәселелер – азық-түлік, дәрі-дәр­мек, жанар-жағар май, комму­налдық қызмет баға­сының өсуімен күресетін болады. Сонымен бірге, болашақ мәжі­ліс­­шілеріміз еңбекке сағаттық ақы төлеуді қарас­тыратын және жалдамалы жұмыс­шылардың құқығын қорғайтын тиімді жаңа еңбек кодексін қабылдауға ық­пал етуге күш салатын болады. Жиында ҚКХП-ның Қоста­най обкомының бірінші хат­шысы, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий, Батыс Қазақстан об­ко­мының бірінші хатшысы Екатерина Макеева, ҚКХП-дан Қара­ғанды облысы Абай аудандық мәслихатының депутаты Николай Дудкин, т.б. жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. – Біздің облыстық партия комитеті сайлауға кірісіп те кетті, – деді съезде сөз алған Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Жанна Мамашева. – Негізінен партия­ның сайлауалды бағдар­ла­масында бірқатар өзекті мәсе­лелер қамтылып, жан-жақты көр­сетілген. Кейін комиссия жұмыс істегенде ол тағы да толық­тырылды. Қазір елімізде бірқатар саяси партия тіркелген. Сіздер білесіздер, адам ең алғаш үй салғанда алдымен іргета­сын қалайды. Менің айтайын дегенім, сол партиялардың іргетасы – коммунистік партияның негізі, идеясы. Оны билік партиясынан бастап жаңадан құрыл­ған партия­лар­дың барлығы ұмытпауы керек. Әрине, саяси жеңіс, жеңілістер әр мемлекетте де болып жатады. Сон­дықтан олар өздерінің сай­лауал­ды тұғырнамасын­да осыны негіз етіп, ескерулері тиіс. Сондай-ақ съезде сөз алған мәртебелі қонақ – Куба елші­лігінің бірінші хатшысы Мигель Санчес Ордоньес алды­мен жиналғандарды ел тәуелсіз­дігінің 20 жылдығымен құт­тық­­тап, Куба коммунистерінің аты­нан табыс тіледі. «Қазақстанның болашағы үшін» атты партия бағдар­лама­сы­ның Қа­зақ­стан халқының әлеу­меттік жағдайын түпкілікті өз­гертуге ар­на­лып, түрлі әдіс-тәсіл­дер арқылы халықтың тұр­мысын жақсартуды ойластыр­ған­дарын жеткізген ҚКХП О­К-тің хат­шысы Жамбыл Ахметбеков съезде тұжырым­да­малы түрде бекітілгенмен, Парламентке өтетін болса, биік мінберден сөйлеп, оны заң түрінде бекітіп, орындауға күш салатындықтарын жеткізді. – Партияның кезектен тыс съе­зіне өңірлерден 67 делегат қатысып отыр, – деді ол бізге. – Барлық об­лыс­тардан түскен кандидаттар бойынша Парламент Мәжілісіне партиялық тізіммен 24 адам ұсы­нылды. Оны съезде бекітетін болса, үгіт-насихат науқа­нына ертеңнен бастап кірісеміз. Қазіргі кезде экономи­каның қан­шалықты өркен­деп дамығанын ескеретін болсақ, оған кеткен қаражаттың қайда жұмсалып, қай­да қойылып жатқа­нынан халық ха­барсыз. Сондықтан соның көзін ашып беріп, оны тек әлеуметтік салаға жұмсауды, бюджет қыз­меткер­лерінің жа­лақысын көтеру, тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылы­ғындағы өс­іп жатқан тарифті қалай ауыз­дықтау, ескірген инженерлік жүйе­лерді ауыс­тыру мәсе­лелерін қолға алмақ болып отыр­мыз. Олардың ішінде жұ­мыс­­сыз­дықты, зейнеткерлерді, мүге­дек­тер­ді, білім беру және медицина сала­­лары қызметкерлерін де қам­тыдық. Съезд соңында күн тәрті­біндегі екінші мәселе – «Біз бола­шақ үшін күресеміз» сайлауалды тұғырна­масы бірауыздан қабыл­данып, 21 адамнан тұратын пар­тиялық тізім бекітілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.