• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

«Ақ жол» партиясы: Өзгерістерге ұмтылыс

681 рет
көрсетілді

Биікке шарықтау мен құлды­рауды, жеңістер мен жеңілістерді, одақтасу мен жікке бөлінуді бастан өткізген Қазақстанның «Ақ жол» демокра­тиялық партиясы жексенбі күні Ал­ма­тыда Х съезін өткізді. Партияның кезектен тыс өткен жиынына 187 делегат қатысты. Партияның белсенді мүшелері жиналған съезде басты екі мәселе талқыланды. Еліміздегі іргелі пар­тия­лардың бірі өзінің сайлауалды тұғырнамасын талқылап, пар­тияның ҚР Мәжілісі депутаттығына кандидаттар тізімін бекітті. Съезге қатысуға партияның барлық аймақтардағы бөлім­шелерінен 205 адам тіркелген. Алайда, олардың 18-і түрлі себептермен жиынға келе алмаған. Бірден айта кету керек, партия мүшелерінің қатары толыға түс­кен. Олардың арасында елге абы­ройымен танылған белгілі азаматтар да, сондай-ақ жастар да бар. Сонымен, съезд партия тө­рағасы Азат Перуашевтың баян­дамасы тұрғысындағы партия тұғырнамасымен ашылды. Мұн­да партияның сан салалы ұста­нымдары толық қамтылған. – Бұдан 20 жыл бұрын тәуелсіз мемлекет болып құ­рылған Қазақстан бүгінде өзінің тарихи дамуының жаңа кезеңіне жетті. Жас мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның қалып­тасуы мен эволюциясының куәсі әрі тікелей қатысушысы болуы­мыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді. Тәуелсіздік жылдарын­да біздің еліміз бен қоғамымыз елеулі табыстарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды. Қазақ­стандық­тардың жаңа буыны өсіп жетіліп, өскелең өмірге қадам басты. Азаматтық қоғамның көпте­ген институттары құры­лып, жұмыс істеуде. Қазақстан өзінің лайықты орнына ие болды және қазіргі заман әлемінде өз әлеуетін одан әрі ұлғайтуда. Сонымен бірге, бұларға ілесе біздің мемлекеттігіміздің уақты­лы және лайықты назар аудару­ды талап ететін қажеттіліктері де пайда болды, – деп бастады сөзін «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев.   «Өзгерістер алға жетелейді» Өмірді өзгертпейінше оны жақсарту мүмкін емес, «жақ­сарту» деген сөздің өзі – жақсы жағына қарай өзгерту – осы сөздер Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының осы съезінің өзегіне айналды. Қазақстанның «Ақ жол» демо­кра­тиялық партиясының сайлау­алды тұғырнамасының өзекті мәселесі қоғамның әлеуметтік, экономикалық және саяси өмі­рін­де өзгерістерді талап ету болды. Қабылданған құжаттың «Өзгерістер алға жетелейді» деп аталуының өзі осының айғағы. Бұл орайда ҚДП төрағасы Азат Перуашев өзінің баянда­масында «тәуелсіздік жылда­рында біздің еліміз бен қоға­мымыз айтарлықтай табыс­тарға жетіп, зор мүмкіндіктерге ие болды», деп атап көрсетті. Соны­мен бірге, – деді ол, – біздің мемлекеттігіміздің уақ­тылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа қажеттіліктері де пайда болды. Сондықтан Қазақстанға атқа­рылған істермен мақ­танып қана қоймай, қара­пайым аза­маттардың өмі­рін жақ­сарту жолында үнемі жұ­мыс істеп, қоға­мымыз бен мемлекеті­міздің ты­ныс-тір­­­шілігі са­ла­­сын­да жаңа көз­қа­рас­тарды іздеуіміз қажет. Партия лидерінің пікірі бойынша, «әркімнің дауы­сын есітіп, әрбір жеке адамның пікірін баға­лау» мүмкіндігіне негізделген «тек балама жағ­дайды са­лыстыру мен тара­зылау ғана» өзгеріс­тердің табыс­ты болуының кепілі бола алады. Баяндамашы осы базалық либерал­дық көз­қарас­тар­ды іске асыру «тұ­рақ­ты дамуды және пробле­маларға сыни көз­қарасты қамта­масыз ететініне, даңғойлық пен жай­барақат­тық­тың алдын алат­ынына, ағымдағы міндеттерді шешуге көмектесіп қана қоймай, не­ғұрлым өзекті мақ­саттарды алға қоятынына» сенімді. Азат Перуашев партиялас­та­рын мынадан сақтандырып отыр. Егер оппозицияда болу қоғамның өзін-өзі сақтау сезімі­нің шегінен шығып кетіп, жалаң мақсатқа айналса, бұл қоғамда жікке бөлінуге алып келіп, мемлекеттің өзіне қатер төнді­реді. Ол «Қазақ­стан­ның саяси мәдениеті өркениетті оппозиция­ны қалып­тастыру үшін пісіп жетілді, оның мақсаты билік партиясына оппозиция болу, бірақ қоғамды жікке бөлу емес, барлық дұрыс ойлайтын адамдарды біріктіру; қоғамның іргесін шайқалту емес, демо­кратиялық конститу­ция­лық құ­ры­лысты нығайту» екенін мәлімдеді.   Қазақстанның әрбір үйінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – «Ақ жол» ҚДП-ның сайлауалды тұғырна­масы «Ақ жол» партиясының сай­лауал­ды съезінің өту барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мәселесі қызу талқыланған тақырып­тардың бірі болды. Партияның «Ақылдастар алқасының» төр­ағасы Амангелді Айталы жағ­дайды біржақты түсінуден сақ­тан­дырып, экстремизм, діни лаңкестікке қарсы идеология қа­жеттігін алға тартты. «Мен мемлекеттік органдар мәселені күш­пен шешу нұсқасын ала ма деп қауіптенемін, ал бұл құбы­лыстың белгілі бір әлеуметтік тамырлары да бар», – деді саясаткер осы мәселе туралы. Сонымен, съезд барысында ақжолдықтар өмір сүру деңгейін арттыру, жұмыссыздық, қол­жетімді тұрғын үй, коммуналдық қызметтің қымбатшылығы және сапасының қанағаттанғы­сыз­ды­ғы, ауыл жастарының өмірлік перс­пективасының жоқтығы мә­се­лелерін шешу жөнінде батыл қадамдар жасау қажеттігін тұғыр­нама жобасында талқылады. «Күнкөрісі төмен отбасы­лар­ды барынша әлеуметтік қолдауды жолға қою, әлеуметтік мемлекет және әлеуметтік әділеттілік қағи­дасын іске асыру арқылы өте байлар мен өте кедейлер арасындағы кіріс деңгейінің алшақтығын шұғыл азайтуды қамтамасыз ету қажет» – деп атап өтті Азат Перуашев. Съезд делегаттары, сондай-ақ партия тұ­ғыр­намасына құқық қорғау ор­гандары қызметке­р­лерінің мәр­тебесін заңнамалық тұрғыда көтеру, олардың жоғары абыройы мен материалдық жағ­дайын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің отбасын олардың кәсібіне қатысты болмай қоймайтын тәуе­келден әлеуметтік қорғау туралы ұсыныстар енгізді.   Министрлер мен әкімдер қа­рапайым адамдарға қызмет етуге тиіс «Ақ жол» ҚДП сайлауалды съезінде еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру жө­ніндегі ұсыныстар да талқы­ланды. Партия төрағасы Азат Перуашев парламентаризмді дамы­туды, ат­қарушы билік орган­дарымен өзара қарым-қатына­сында Парламент­тің және мәсли­хаттардың өкілеттігін кеңейтуді бұл үдерістегі маңызды бағыт деп санайды. Осы мәселе бойынша «Ақ жолдың» бастамаларының қата­рында мыналар аталды: – атқарушы органдардың іс-әрекетіне парламенттік тексеру институтын енгізу; – парламенттік оппо­зиция­дағы партиялардың мәртебесін, мүдде­лері мен өкілеттігін заңна­малық тұрғыда қорғау; – парламенттік партиялардың фракцияларына бюджеттің шы­ғыс бөлігіне әлеуметтік бағдар­ламаға арналған шығыстарды үкіметтің келісімінсіз бюджеттің 1 пайызы мөл­шерінде түзету енгізу құқығын беру; – биліктің атқарушы орган­дары әзірлеген заң жобаларына парламенттік саяси партия­лар­дың міндетті түрде алдын ала жасалатын сарап­тамасын олар Парламентке ресми енгізілгенге дейін жүргізу; – әкімдерді елді мекендерде (қалаларды қоса алғанда) тікелей олардың тұрғындарының сайлауын біртіндеп енгізу; – партиялық тізімдер бо­йын­ша жартысын сайлау есебінен об­лыстық, аудандық және қала­лық мәслихаттар депутат­тары­ның санын екі есе ұлғайту, және т.б.   Біздің басты жеңістеріміз әлі алда «Ақ жол» қиын тағдырды бастан өткізген партия, – деп мәлімдеді ҚДП төрағасы Азат Перуашев съезде сөйлеген сөзінде. – Біздің ол туралы тура айтуға батылымыз жетеді. Партия басшысы атап өткендей, «Ақ жол» биікке шарықтауды және құлдырауды, жеңістерді және жеңілістерді, одақтасуды және жікке бөлінуді бастан өткізді. Оның үстіне партияның өзі «тағдыры қарапайым емес және күрделі мінезді» адамдардан құралды, өйткені «біздің тағ­дырымыз қымтаулы жылыжай­ларда емес, бүкіл халықпен бірге қиындықтар мен қам-қаре­кет­терде сомдалды,– деп атап өтті партия төрағасы. – Барлық қиын­дықтар мен сынақтарға қара­мастан, партия ісі жаңа серпін алуда және ол жаңа мүмкін­діктердің кең өрісіне шыға бастады. «Біз бәріне төтеп бердік. Біз шынықтық, қуатты әрі икемді күшке айналдық. Өйт­кені, біз – өз еліміздің азамат­­тарымыз және өз заманы­мыздың ұландарымыз». «Біздің басты асуымыз және басты жеңіс­теріміз әлі алда», – деді ол өзінің қорытынды сөзінде. Съезде жарыссөзге шыққан делегаттар көп болды. Съез­дің көпке созылғанына қарамас­тан, өңірден келген партия мүшелері мүдделестігін білдіріп отырды. Партияның тағы бір жаңа мү­шесі Олимпиада чем­пио­ны Ба­қыт Сәрсекбаев өзінің сая­сатқа неге келгенін түсін­діріп, спорт саласына қатысты бірқатар мә­се­лелерді қозғады. Ал белгілі заңгер Жазбек Әбдиев билік ба­сындағы партияға балама бола­тын саяси партиялардың билік­тің заң шығару органының сай­лауына қатысуға нақты мүм­кіндігінің болуы – ағымдағы саяси науқанға ғана байланысты емес дейді. Ол сот жүйесін рефор­малаудың кейбір аспектілеріне тоқталып өтті. Партия көшбас­шысы уақыт тапшы­лығын алға тартпағанда, съезд сөз сұраушы­лардың көптігінен әрі қарай жалғаса да беретін еді. Сонымен «Ақ жол» демокра­тиялық партиясы да ҚР Мәжі­лісінің депутаттығына өз кан­ди­даттарының тізімін бекітті. Партия ұсынған 79 кандидаттың ішінде елге еңбегімен таныл­ғаны да, әлі танылмағаны да бар. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.