Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды мәселенің бірі стратегиялық ядролық күштердің тағдыры болды. Егер бізде «қырғи-қабақ соғыс» жылдарында ядролық қару адамзатқа қатер төндіруші күш болып танылса, 90-шы жылдардағы геосаяси өзгерістер бұл қаруды аумақтық тұтастықты сақтауға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастыру орын алды. Сондықтан да қазақстандық БАҚ ядролық қарудан айрылмау керектігі жөнінде үлкен пікірсайыстар ұйымдастырып жатты. Егер сол жылдары ядролық қарудан айырылмаймыз деп бүкіләлемдік ұстанымға қарсы шықсақ, Қазақстанның қазір қаншалықты дәрежеде дамығаны белгісіз болар еді. Қолымыздағы 1400 ядролық оқтұмсығы бар 104 СС-18 және 240 қанатты зымырандар ұлан-ғайыр әскери күш болғанымен, елдің экономикасының дамуына, саяси сенімділігі мен болжалдылығының қалыптасуына жақсы әсер етуі екіталай еді.
Болашақты өте дұрыс болжаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бейбітсүйгіш саясат ұстанды. 1992 жылдың 22 мамырында Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың Лиссабон Хаттамасына қол қойып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартатынын бүкіл әлемге паш етті.
Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан мен Ресей Федерациясы қарым-қатынасын жақсарту факторларының да бірі болды. Екі елдің арасындағы Әскери ынтымақтастық жөніндегі шартта «Қазақстан өз аумағындағы стратегиялық ядролық күштердің сақталуында күрделі жүйенің қалыптасуын ескере отырып, осы әскери құрамаларға Ресей Федерациясының стратегиялық әскери күштері мәртебесін беруді таниды. Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан ядролық қарулар толық жойылғанша немесе ол Ресей Федерациясының аумағына толық әкетілгенше оны қолдану туралы шешімді Ресей Федерациясының Президенті Қазақстан Республикасының Президентімен келісіп жасайды» делінген.
Осы шарт Қазақстанда орналасқан стратегиялық ядролық күштердің кейінгі тағдырын түпкілікті шешті.
Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан басшысының саяси жағынан аса маңызды, дұрыс қадамы болды. Егер ядролық қарудан айырылмаймыз деген саясат ұсталса, шет елдермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен арадағы қатынастың қандай болары белгісіз еді.
1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапеште Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) депозитарийлері – АҚШ, Ұлыбритания және Ресей Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқандығы үшін қауіпсіз жолмен дамуын қамтамасыз ететіндігі туралы меморандумға қол қойды. Артынан бұған Қытай мен Франция да қосылды.
Қазақстан аумағында орналасқан ядролық қарудың тағдырына Батыс кезінде қатты алаңдады. Батыс сарапшылары Қазақстанның ядролық қаруды сынақтан өткізуде негізгі рөл атқарғанын ескере отырып, КСРО тараған соң стратегиялық ядролық арсеналдан бас тартса да өзінде тактикалық ядролық әлеуетті қалдыруы мүмкін деген болжамдар айтып жатты. Бұл шындыққа жақын болатын. Бірақ Қазақстан өз аумағындағы барлық ядролық күшке қатаң бақылау қоя біліп, ол аумағымыздан толық әкетілгенше немесе толық жойылғанша жалғастырды. Сөйтіп, ядролық қаруды таратпау ісіне өзіндік үлесін қосу арқылы көптеген шет елдердің, соның ішінде АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің сеніміне ие болып, өзінің салиқалы саясат ұстанатын ел екенін көрсете білді. Соның арқасында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы да артты.
Бүгінгі күні Қазақстан барлық адамзатқа ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде белгілі және оны таратпауға, жасамауға шақыруға толық құқылы. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да 2010 жылы Қазақстанға келген сапарында атап айтты. Қазір Қазақстан ядросыз әлем жолында бүкіл адамзаттың бақыты үшін белсенді қадамдар жасауда. Соның бірі 2011 жылдың 12-13 қазанында Астанада болған «Ядросыз әлем» атты халықаралық форум.
Баубек СОМЖҮРЕК, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы.