Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыс кезінде сөз алған Қанат Саудабаев: «Комиссия жұмысының нәтижесі, оның қызметі ядролық қауіпті төмендетуге және ядролық қаруды таратпауға қатысты әлемдік үдерістегі біздің Елбасының дүние жүзі мойындаған көшбасшылығын нығайтуға және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін одан әрі жоғарылатуға тың серпін берді», деді.
Қанат Саудабаевтың айтуынша, комиссияның белсенді қатысуымен бірнеше халықаралық жобалар жүзеге асырылған. Солардың бірі – БН-350 реакторының (Ақтау қаласы) игерілген ядролық отынын тасымалдау. 2010 жылғы сәуірде Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке АҚШ Президенті Б.Обаманың шақыруы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы айрықша мәнге ие. Семей полигонының жабылуының 20 жылдығына орай, Астана және Семей қалаларында «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумы, сонымен қатар, шет елдерде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қазақстан мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік арасында жемісті ынтымақтастық қамтамасыз етілуде, деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың комиссияның өткен отырыстарындағы хаттамалық тапсырмаларды орындау барысы жөніндегі есептері тыңдалды.
Комиссияның қорытынды отырысының нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға 2012 жылғы наурызда Сеул қаласында өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстанның лайықты қатысуы үшін дайындық шараларына және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режімін одан әрі нығайтуға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.