Еліміздің өңірлік деңгейдегі сәйкессіздіктері туралы
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан өз дамуында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Экономиканың көлемі 2 есе өсті. Бүгінгі күні Қазақстан ТМД елдері арасында ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көлемі бойынша Украинадан басып озып, Беларусьтен 2,5 есе және Өзбекстаннан 4 есе асып түсіп, сенімді екінші орынды иеленді. Экономикаға 140 млрд. доллардың тікелей шетелдік инвестициялары тартылды.
Мұндай табыстарға мемлекеттің дамуының дұрыс таңдалған стратегиясының, саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың, қоғам ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткізілді.
Елдің экономикасының өсуімен қатар, Қазақстанның барлық өңірлері де серпінді дамып келеді. Соңғы 10 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім орташа есеппен 4,5 есе, ал Астана, Алматы қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 6-8 есе өсті.
Республика аумағының көлемін, өңірлер арасындағы табиғи және ресурстық ерекшеліктерді ескерсек, бұл еліміз үшін өте маңызды. Сондықтан өңірлердің тепе-теңдікпен даму мәселелері ел басшылығының үнемі назарында болады.
Нарық жағдайына көшкеннен кейін бәсекеге қабілетті өндірістері бар, инфрақұрылымы мен қызмет көрсету секторы дамыған өңірлер инвестициялар, жаңа технологиялар мен қосымша еңбек ресурстары арқасында қарқынды даму үшін жаңа серпін алды. Сонымен бірге, мұндай факторлардың деңгейі жеткіліксіз өңірлер баяу дамып келеді. Нәтижесінде өңірлер арасында даму деңгейі бойынша белгілі бір сәйкессіздіктер қалыптасты, ал оларды ескермеу мүмкін емес.
Бүгінгі күні елдің ІЖӨ-сінің жартысы (47%) 4 өңірге тиесілі (Астана және Алматы қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары). Бұл ретте Ақмола, Қызылорда, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан сияқты облыстар ІЖӨ-нің тек 11,5%-ын ғана қалыптастырады.
Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) жан басына шаққанда ең жоғары деңгейі Атырау, Маңғыстау облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында байқалады.
Егер, 2010 жылы жан басына шаққанда ЖӨӨ республика бойынша орташа есеппен 9 мың АҚШ долларын құраса, Атырау облысында – 36,5 мың, Маңғыстауда – 19,7 мың, Алматы қаласында – 19 және Астанада 18 мың доллар болды.
Бір жағынан, мұндай көрсеткіштер қуантады, өйткені кейбір жекелеген өңірлер ЖӨӨ-нің жан басына шаққандағы деңгейі бойынша Орталық Еуропа мемлекеттерінің және «Азияның жолбарыстары» деп аталатын елдердің көрсеткіштеріне қол жеткізген. Алайда, ЖӨӨ-нің деңгейі едәуір төмен өңірлер де бар (Ақмола, Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары). Бұл, өз кезегінде, халықтың жұмыспен қамту және табыстарының деңгейіне ықпал етеді, тұрғындардың неғұрлым дамыған өңірлерге көшуіне себеп болады.
Сондай-ақ, сәйкессіздіктер өңірлердің ішінде де кездесетінін атап өткен жөн. Мысалы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында негізінен мұнай-газ өндіру өнеркәсібі дамыған, ал шағын бизнес пен қызмет көрсету секторы кенжелеп қалған. Солтүстік облыстарда (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан) ауыл шаруашылығы басымдықпен дамыса, алайда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті әлі толық пайдаланылмайды.
Осының бәрі өңірлік проблемалардың жүйелі шешімін талап етеді. Бұл бағытта 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық дамуының стратегиясы алғашқы бағдарламалық құжат болып табылады.
Мемлекеттік басқару жүйесін нақты айқындап, экономиканың маңызды секторларын ұлттық холдингтер мен компаниялар арқылы мемлекеттік реттеудің арқасында бірқатар өңірлік проблемалар шешілді, ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылды.
Осы орайда, Шар – Өскемен, Хромтау – Алтынсарин, Қорғас – Жетіген темір жол желілерін, Алматы – Астана, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жолдарын, металлургия, энергетика, мұнай және газ тасымалындағы ірі жобаларды атап айтсақ та жеткілікті.
Сондай-ақ, өңірлік айырмашылықтарды теңестіру үшін мемлекет тарапынан өңірлерге қаржылық көмек көрсетіледі, жыл сайын субвенциялар мен трансферттер түрінде 1,5 трлн. теңгеден аса көлемде қаржы бөлінеді.
Сонымен бірге, азаматтарға тұратын жеріне қарамастан берілетін негізгі әлеуметтік қызметтердің деңгейін теңестіру үшін әлеуметтік салада да белсенді шаралар қабылдануда.
Тек соңғы жылдар ішінде «100 мектеп, 100 аурухана», мектепке дейінгі білім беруді дамыту, ауылдар мен елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және т.б. бағдарламалар іске асырылды.
Тұтастай алғанда, Тәуелсіздік жылдары ішінде білім беруді қаржыландыру 13 есе, денсаулық сақтауды қаржыландыру 22 есе өсті.
700-ден астам мектеп, 650 денсаулық сақтау нысандары салынды, 200 балабақша мен 4,5 мың шағын орталықтар ашылды. Барлық өңірлерде үш ауысымда оқыту проблемасы шешілді, мектептерді компьютерлендіру аяқталды.
«Қазақстан-2020» Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру басталысымен біз Елбасының ағымдағы жылғы 28 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістік дамуының болжамды сызбасында айқындалған өңірлік дамудың жаңа міндеттерін шешуге кірістік.
Қазіргі уақытта өңірлер экономикасын неғұрлым оңтайлы және тиімді ұйымдастыру, қорларды барынша пайдалану, бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды күшейту, жаңа өндірістер, оның ішінде жоғары технологиялық өндірістерді құру арқылы экономиканы әртараптандыру өңірлік саясаттың негізгі міндеттері болып табылады. Осы мақсатта бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданды. Бұлар, алдымен, индустриялық-инновациялық даму, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыз су бағдарламалары, сондай-ақ өңірлік сәйкессіздіктерді мейлінше азайтуға бағытталған білім беру мен денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бағдарламалары.
Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы өңірлер экономикасының қарқынды өсуі қамтамасыз етіледі, халықтың өмір сүру деңгейі артады және жағымсыз көші-қон деңгейі төмендейді.
2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Болжамды сызбаға сәйкес дамуы төмен өңірлерде ЖӨӨ-нің жоғары өсімі күтілуде. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2020 жылға қарай ЖӨӨ-нің өсімі 2009 жылдың деңгейімен салыстырғанда, нақты көлемі 238%, Солтүстік Қазақстан облысында – 208%, ал неғұрлым дамыған өңірлерде 145-180% құрайтын болады.
Алайда, өңірлік деңгейдегі сәйкессіздіктерді толық жоюдың мүмкін еместігін атап айтқан жөн. Өйткені олардың негізінде объективтік себептер бар: табиғи-климаттық ерекшеліктері, шикізат қорының болуы, өңірдің көліктің күре жолдарына жақындығы, халықтың орналасу тығыздығы және т.б. Сондықтан сәйкессіздіктерді барынша азайту мақсатымен өңірлердің әлеуетін ашу үшін жағдайлар жасау басты міндетіміз болып табылады. Бұл тұрғыдан, алдымен, өндірістік базасы, инженерлік, ақпараттық және әлеуметтік инфрақұрылымы жеткілікті дамыған, сондай-ақ білікті кадрлар шоғырланған қалалардың әлеуеті зор.
Талдау көрсеткендей, Астана мен Алматының экономикасында қызметтер көрсету, сауда, ғылым-білім беру және инновациялық қызмет салалары басымдыққа ие, бұл аталған қалалардың дамудың кейінгі индустриялық кезеңіне көшкенін дәлелдейді.
Бұл ретте Қазақстанның басқа да көптеген қалаларының постиндустриялық үлгідегі экономиканың негізін қалыптастыру үшін мүмкіндіктері бар. Бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, нәтижелілікпен жүргізу қажет.
Осыған байланысты экономикалық ресурстарды және еңбек ресурстарын «өсу белдеуінде», яғни іскерлік белсенділігі жоғары және іргелес аумақтардың серпінді дамуын қамтамасыз ете алатын өңірлік орталықтарда шоғырландыру өте өзекті болып отыр.
2020 жылға дейінгі Болжамды сызбаға сәйкес Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкенттің төңірегінде ірі қалалық агломерацияларды дамыту жоспарланып отыр.
Басқа да облыстық қалалар өз өңірлері үшін агломерацияны қалыптастыратын орталықтар ретінде қарастырылуда. Мысалы, Қарағанды төңірегінде өнеркәсіптік үлгідегі агломерация қалыптасты, оған Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары кіреді, жалпы халқының саны – 800 мыңнан астам адам.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілетін рейтингтің нәтижелері бойынша облыстардың ішінде «өсу нүктелері» болып табылатын 70-ке жуық қалалар мен аудандар анықталды. Мысалы, Ақмола облысында бұл – Көкшетау, Степногор қалалары, Бурабай мен Зеренді аудандары, Қостанай облысында – Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Таран ауданы, Солтүстік Қазақстан облысында – Петропавл қаласы, Тайынша мен Ғ.Мүсірепов аудандары, Алматы облысында – Талдықорған, Қапшағай қалалары, Іле мен Қарасай аудандары. Мұндай қалалар мен аудандар әр облыста бар. Олардың әлеуетін аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде барынша пайдалану керек.
Өңірлердің даму деңгейін теңдестіру үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ықпалы зор деп есептейміз. Бұл бағытта алғашқы нәтижелер де бар. Бір жарым жыл ішінде 914 млрд. теңге сомаға 227 объектілер іске қосылды, 30 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жылдың соңына дейін 617 млрд. теңге сомаға тағы 129 нысан пайдалануға беріледі, 14,5 мың жұмыс орындары ашылады. Сонымен бірге, осы бағдарлама шеңберінде жұмыс күшін қажет ететін өндірістерді негізінен еңбек ресурстары көп шоғырланған өңірлерге орналастыру қажет, ал жоғары технологиялық, инновациялық өндірістерді ғылым-білім беру базасы дамыған, білікті еңбек ресурстары шоғырланған өңірлерде орналастырған дұрыс.
Үдемелі индустрияландырумен қатар, өңірлер экономикасын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығының да мүмкіндіктері зор, өйткені ол бірқатар өңірлер үшін экономиканың жетекші саласы болып табылады.
2001 жылдан бастап аграрлық секторға бюджеттен 1,2 триллион теңге, ал орман, су және балық шаруашылығын қоса алғанда 1,5 трлн. теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар тартылды, техника мен жабдықтардың 14 мыңнан астам бірлігі жеткізілді. Барлық өңірлерде мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау саласында жаңа жобалар іске асырылуда.
Қабылданған шаралардың арқасында соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсу қарқыны 5,5 % құрады. Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде едәуір қаражат ауылдың инфрақұрылымын дамыту үшін жұмсалды.
Сонымен бірге, аграрлық секторда еңбек ресурстарының көп шоғырланғанын ескеріп, алдағы жылдары жұмыс күштері босатылатын болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау саласында жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Өйткені, Кеден одағына кіргенімізді, сондай-ақ азық-түлікке әлемдік сұраныстың үнемі ұлғайып отыратынын назарға алсақ, бұл саланың берер пайдасы мол. Бүгінгі күні біз ұнның экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орында тұрмыз, бидайды экспорттаушылардың ондығына кіреміз. Алайда, ауыл шаруашылығы жерлеріміздің көлемін ескеріп, қазіргі заманғы агротехнологияларды, жоғары сұрыпты тұқымдар мен асыл мал тұқымын енгізген жағдайда, өндірістің көлемін ұлғайту, мал шаруашылығы өнімдерінің, дәнді, майлы дақылдар мен көкөністің өңдеуі мен экспортын едәуір ұлғайту үшін өңірлердің мүмкіншіліктері зор.
Бұл біздің экономикамыздың шикізат ресурстары экспортына тәуелділігімізді азайтуға және Австралия, Канада мен Жаңа Зеландия сияқты азық-түліктің әлемдік ірі экспорттаушылары қатарына кіруге мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, өңірлік саясат саласында алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу арқылы өңірлер экономикасының даму қарқынын едәуір өсіруге, барлық қолда бар резервтерді жұмылдыруға, өндірісті жаңартуға және әртараптандыруға, экономиканың шикізаттық бағытын азайтуға, мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдайлар жасалады.
Бұл міндеттердің оңтайлы шешімін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершілігін күшейту және жұмыстарының нәтижелілігін арттыру жолында орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметін бақылау мен бағалаудың жаңа тетіктері енгізілуде.
Серікжан ҚАНАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі.