• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Мәслихаттарға 200 депутат сайланбақ

279 рет
көрсетілді

Ақжайықта Мәжіліс депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына әзірлік жұмыстары жан-жақты өрістей бастады. Мұндағы барлық аумақтық комиссиялар өз міндеттерін атқарып жүр. Қазіргі күні сайлау нүктелерін қажетті ақпараттық материалдармен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Нұр Отан» ХДП-ның XIV съезінде республика Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бұл сайлаудың орны бөлек, мәні мен маңызы айрықша. Ендеше сайлау учаскелерінде қызмет жасайтын аумақтық комиссия мүшелеріне қойылатын талаптар мен жауапкершіліктер де жоғары болмақ. Сондықтан облыста бірінші кезекте өте қысқа уақыт аралығында оларды оқытып үйретуге, кезектен тыс сайлаудың басты ерекшеліктерін ұғындыруға мән берілген. Өңірде бүгінгі күнге дейін сайлаушылар дауыс беретін 523 учаскенің шекаралары нақтыланды. Округтік және аймақтық сайлау комиссияларының тізімдері мен  олардың қайда, қандай мекенжайда орналасқаны жергілікті баспасөз беттерінде жария етілді. – Облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға 200 депутат сайланбақ. Оның 30-ы облыстық, 20-сы қалалық және 150-і аудандық мәслихаттарға депутат болып сайланады. Республика Конституциясының 86-шы бабы бойынша депутаттыққа ұсынылатын үміткерлерге бірқатар талаптар қойылған. Сондықтан да бұл кезеңде осы конституциялық талаптардың сақталуы ескерілетін болады, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Ғилым Қуанышев. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.