Қарашаның 27-сі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бастап келген қазақстандық ресми делегация мен бір топ өнер шеберлерін Анкара әуежайынан Түркия Парламентінің вице-спикері Садык Якуб пен Қазақстанның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев қарсы алды.
Қазақ елін түрік мемлекетімен жақындастыратын, туыстық арналарын жалғайтын арқауларға арғы-бергі тарихты қаузай иек артсақ, қаншама ізгілікті іздерге қаныға түсетініміз анық. Түбі бір түркі жұрты дегенде ата-бабасы оғыздардың қара шаңырағынан, киелі қазақ жерінен еншісін алып, Анадолыға қоныс аударған бүгінгі түрік өркениетінің тамыры әлі де сол байырғы байтақ даласымен ажырамастай күйде бүлкілдеп соғып жатқанына кәміл иланасыз. Осы кіршіксіз пейіл Қазақ елі өзінің тәуелсіздік таңына қол жеткізгенде тағы да басқалардан бұрын көрініс тауып, тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешулерінде рухы жаншылмаған халық қазақтың қуанышына қазақпен теңдей шаттанды десек, артық айтқандығымыз емес.
«Түрүк» деген сөздің өзінің түбірін бір ғалымдар «туындайтын», «көбейетін» деген мағынамен сабақтастырса, енді біреулері оны «құдіретті», «күшті», «кемел» деп жетілдіре тарқатады. Қалай дегенмен де бұл екі түрлі тұжырымның түрік бауырлардың атына әбден лайық екенін растайтын құндылықтар жеткілікті. Бұл орайда түрік баласының бағына туған әйгілі Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің шоқтығы өзгелерден биік тұратынын атап өткен жөн. 1920 жылы наурызда Түркияның өмірінде айтулы оқиға орын алғанын мұндағы көне шежіре талмай таразылайды. Елдің Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы болып сайланған сол Ататүрік Түркияны өз алдына жеке тәуелсіз республика болуға тиіс деп шешім қабылдап, кезінде Түрік мемлекеті деген ұғымды алғаш қалыптастырған тұлға екенін бүгінде туған жұрты барынша ардақтап, мақтан тұтады. Түрік тарихында 1923 жылдың 2 қазаны тәуелсіз Түрік Республикасының құрылған күні ретінде атап өтіледі. Астананың Ыстамбұлдан Анкараға көшірілген кезі де сол жылдар. Ал тұрғындарының саны бүгінде 4 млн.-ға жететін шаһардың кешегісі мен кейінгі тіршілігін мінсіз баяндайтын тарихи-мәдени ескерткіштер бояуы кісі қиялын мұнан да терең тылсым теңізге батырады.
Қазіргі Анкара келбеті Ататүрік рухымен асқақтап тұр. Кешегі халықтың жүріп өткен соқпағынан жас ұрпақ өнеге алып өсуі үшін кемеңгер тұлғаға арнап кешен салынуының өзі көп жәйттен хабар беретіндей. Оның тұрғызылу сырына үңілсеңіз, бір адамның ғана жанқияр еңбегіне емес, жалпы түрік мәдениетінің тереңнен қазылған алтын құдығына кезіккендей күй кешесіз. Ататүрік дүниеден оза сала қолға алынған кешеннің құрылыс жұмыстары 1944 жылдан басталып, араға он жыл салғанда халық мұрасына айналса, 1953 жылы Түрік Республикасының тұңғыш президентінің денесі Анкараға қайта жерленген. Міне, сол кезден бастап рухани кешенге атбасын бұрмайтын қонақ кемде-кем. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Түркияға сапарын қарашаның 28-і күні дәл осы қасиетті орынға тағзым етуден бастауының өзіндік себебі бар. Төраға Мұстафа Ататүрік кешеніндегі «Арыстандар аллеясын» тамашалап, тұлғаға орнатылған ескерткішке тоқталды, «Тәуелсіздік мұнарасынан» өтіп, құрметті қонақтар қолтаңба қалдыратын кітапқа тілегін жазды.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңындағы шараның Түрік мемлекетімен арадағы туыстық байланысты жарасымды өнегемен жалғастырып, екі елдің саяси, мәдени ынтымақтастығының арта түсуіне тигізер ықпалы мол болмақ. Бір-бірінің құндылығына құрмет көрсетуден өзгелерге өнеге көрсетіп отырған екі елдің туыстық сезімдерін айшықтайтын нысандарға тоқталсақ, Астанада – Ататүрікке, ал Анкарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап еңселі ескерткіш орнатылған. Сенат Төрағасының Ататүрік кешенінен кейін Н.Назарбаев ескерткішіне атбасын бұруында үлкен мән бар. Қос президенттің арман-аңсары туған елінің тәуелсіздігімен тығыз байланысты болды. Сол бақытқа қол жеткізген ер есімі өз елінде ғана емес, өзге жұртқа да үлгі деген ұғымды санаға құярдай Түркия астанасында Елбасыға тұрғызылған еңселі ескерткіш.
Осы күні Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Мәми Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Джемил Чичекпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы мәселелер талқыланды. Қ.Мәми айтқандай, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына алдағы жылы жиырма жыл толады. Бұл кезеңде екіжақты өзара іс-қимыл стратегиялық әріптестіктің сапалық тұрғыдағы жаңа деңгейіне көтерілді. «Оған Қазақстан мен Түркия басшылары зор еңбек сіңірді», деді Қ.Мәми.
Қ.Мәми «Жаңа Синергия» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелерін жоғары бағалады және биылғы 9 айда екі елдің тауар айналымы 2 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Қ.Мәмидің пікірінше, мемлекетаралық қатынастарды дамытуда парламентаралық байланыстардың маңызы зор. Қазақстан мен Түркия парламенттерінде депутаттардың достық топтары бар.
Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) аясындағы үнқатысуды одан әрі тереңдету жайында айта келіп, Қ.Мәми түркиялық әріптесін қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Түркі ықпалдастығының одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты Қазақстан Сенатының Төрағасы Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің ерекше рөлін атап өтті. Қ.Мәмидің айтуынша, «Түркі Кеңесінің биылғы қазан айында Алматыда алғашқы саммитінің өткені және оның Хатшылығының құрылуы түркітілдес халықтар арасындағы байланыстарды нығайтуға қосымша серпін берді».
Кездесу барысында Қ.Мәми алдағы жылғы қаңтар айында Парламент Мәжілісіне сайлау өтетіні туралы хабарлады. Төраға атап өткендей, сайлау Қазақстандағы демократиялық жаңғыруларды одан әрі дамытуға бағдарланған. «Біз сайлау науқанына баса назар аударамыз», деді Қ.Мәми және ол: «Парламенттік сайлау халықаралық талаптар мен стандарттарға толық сәйкес өтеді», деп атап көрсетті.
Д.Чичек барлық қазақстандықтарды біздің еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады және осы жылдарда қол жеткен әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңарулар нәтижелерін жоғары бағалады. «Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым және сіздердің елдеріңіздің жетістіктерін өз көзіммен көрдім», деді Д.Чичек. Түркия Парламенті басшысының пікірінше, «Қазақстан мен Түркия арасында ешқандай даулы мәселелер жоқ, екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді, халықаралық мәселелер бойынша біздің бағдарымыз ұқсас. Оған екі ел басшыларының сіңірген еңбегі зор» .
Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда парламентаралық байланыстардың негізгі рөлін атап өте келіп, Д.Чичек «парламентаралық үнқатысуды одан әрі белсенділендіруде Сенат Төрағасы Қ.Мәмидің осы сапары маңызды» екенін айтты.
Түстен кейін Төраға Анкара қаласының мэрі М.Гокчекпен кездесті. Генчлик паркінің Концерт залында Қазақстан Республикасының 20 жылдығына орай отандық өнер шеберлерінің концерті өтті. Опера жұлдыздарынан Нұржамал Үсенбаева, Жан Тапин, Азамат Жылтыркөзов, дәстүрлі әншілерден Жазгүл Даңылбаева, Гүлзия Стамбек, сондай-ақ «Наз» театрының би ансамблі, «Белес», Президент оркестрінің халық ансамбльдері өнердің өріне қияласа, қоңыр күздегі қобыз үнінен Анкара жаны тербеліп тұрды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ – Анкарадан.