Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар бірнеше заң қабылдады. Бұл құжаттардың қай-қайсысы да халықтың көкейіндегі біраз мәселенің оң шешімін табуына ықпал етпек.
Ал палатаның бейсенбі күнгі отырысы Мемлекет басшысының ұсынысымен Жоғарғы соттың судьялығына Анатолий Смолинді сайлаудан басталды. Елбасының ұсынысын сенаторларға Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов жеткізді. Ұсынылған кандидатураны Сенат депутаттары бірауыздан қолдады.
Кәсіпкерлікке кедергі азайдыМемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында қолданыстағы 14 кодекске және 109 заңға түзету енгізу көзделген. Аталған құжат бизнесті қайта реттеуге, оның жөнсіз шығындары мен әкімшілік кедергілерді жоюға және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның «Doing Business» индикаторы бойынша рейтингін жақсарту амалдары да бекітілген. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алынып тасталған тексерістер бұған дейін тиімсіздігін көрсеткенін және қайталанып келгенін атап өтті.
Ендігі жаңашылдық ретінде бұрынғы жүйе өзгертіліп, профилактикалық бақылау институтының енгізілетіндігі аталды. Нақтырақ айтқанда, жаңа заң қолданысқа енгеннен кейін тексерушілер анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік істі бұрқ еткізіп қозғамай, алдымен профилактикалық әрекет жасауға міндеттеледі.
«Сонымен қатар жер және құқықтық кадастрды кейіннен біріктіру мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы қызметтерді Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» беру ұсынылады», – деді ол.
Дүниежүзілік банк жүргізетін «Doing Business» индикаторы еліміздің дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуына ықпал ететіндіктен, заңда оның мұқият қаралғандығын айттық. Алайда Сенат депутаты Еділ Мамытбеков өзінің қосымша баяндамасында бір заңға бола көптеген заңдардың өзгеріске ұшырауы ел экономикасының дамуына кедергі болатындығын көлденең тартты. Сондай-ақ ол «Doing Business» рейтингі бойынша еліміздің 190 мемлекеттің ішінде 36-орында болғандығына қарамастан әлі де жетілдіретін тұстарын атап өтті. Мәселен, салық салу, құрылысқа рұқсат беру, электр желілеріне қосылуға келісім беру, несие алу мен халықаралық сауданы дамыту бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қаперге алатын мәселелер жеткілікті болып отыр. Сенатор әлі де тексерушілердің құрығы ұзын екендігін, ал кәсіпкерлердің әрбір екіншісі сыбайлас жемқорлықтан зәбір көріп отырғандығын жеткізді.
Осы тектес ұсыныстар мен талқылаулардан соң сенаторлар заңды толықтай қабылдады.
Ассамблея туралы заң жаңғырдыСенаторлар қабылдаған маңызды құжаттың бірі – «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар болды. Аталған заң жобасы Елбасының 2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп отыр. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегінде айқындалған міндеттерді лайықты орындау осы заң арқылы да жүзеге асырылады.
Ассамблеяны еліміздің саяси жүйесінің толық құқықтық субъектісі ретінде бекітіп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданғалы 10 жыл уақыт аралығында Ассамблея институтының өзі жаңаша өзгерістерге ұшырады. Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудің үлгісі жаңа сатыға көтерілді.
– Осы заңның негізін құрап отырған «Этносаралық келісім» термині оның қолданылу аясын тарылтып отыр, ал іс жүзінде Ассамблеяның миссиясы едәуір кең ауқымға ие. Осыған байланысты, Ассамблеяның негізгі мақсаты мен міндеттерін «этносаралық келісім» деп емес, «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп анықтап, заңның барлық мәтіні бойынша осы терминологияны қолдану ұсынылды, – деді сенаторлар алдында баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Осы орайда, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің, яғни Ассамблеяның жаңа институтының пайда болуы ескеріле отырып, сондай-ақ Ассамблеяның қызметіндегі этномәдени бірлестіктердің маңызды рөлі назарға алынып, аталған ұйымдардың мәртебесі белгіленген. Сонымен қатар заң жобасында облыс әкімдіктері жанындағы Ассамблея Аппараттарының функцияларын кеңейту ұсынылды.
Ал қосымша баяндама жасаған сенатор Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанда барлық реформалық, рухани-әлеуметтік өзгерістер Ассамблеяның институты негізінде жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық сана мен рухани жаңғырудың, әрі жаңғырту процесінің алдыңғы шебінде келеді. Сондықтан да оның рөлі де, жауапкершілігі де жоғары, – деді Б.Жұмағұлов.
Аталған заң сенаторлар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, қабылданды.
Халық жайылымнан тарықпайды2016 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен және тиісті заң арқылы Жер кодексінің жекелеген баптарына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге мораторий енгізілгені белгілі. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке беруге, шетелдіктерге жалға беруге тыйым салынды. Енді аталған мәселелер нақты шешімін тапқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң кезінде қоғамның қызу талқысында болған жерге қатысты мәселелерді бірыңғайлайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндады.
Оның айтуынша, еліміз бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдерінің есебі негізінде ауылдық елді мекен тұрғындарына қосымша 27 млн гектар жайылым қажет. Ал қазір ауылдағы ағайын төрт түлігін 20 млн гектар жерге жайып отыр. Қосымша жайылым осы заң негізінде реттелмек.
Жайылым үшін қажетті жерлерді қайтарып алу үшін өтемақы ретінде мемлекет 180 млрд теңге, ал тұрғын үй құрылысына қажетті жерлер үшін 1 млрд теңге қарастырған. Бұл сома облыс әкімдіктерінің сұранысы бойынша республикалық бюджеттен қажетінше бөлінеді.
«Конкурстың жариялылығы мен қатысушылардың тең құқықтарын сақтау үшін хабарландырулар бұрынғыдай тек аудандық газеттермен шектелмей, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс және облыс әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернеттегі ресми парақшаларына орналастырылады. Жерді иеленушілердің жерді тиімді және сапалы пайдалануға байланысты міндеттемелері алғашқы бес жылда – жыл сайын, одан кейінгі кезеңде суармалы жерлер 3 жыл сайын, суарылмайтын жерлер 5 жыл сайын мониторингтен өткізіледі. Бір қолға берілетін жердің мөлшері жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысы арқылы Үкіметте бекітіледі», – деді Ө.Шөкеев.
Жаңа заң бойынша шекара белдеуіндегі жер жалға берілмейді және оны тек жергілікті халық жайылым ретінде пайдалана алады. Ал шекаралық аумақтағы жерлер тек қазақстандықтарға ғана жалға беріліп, шетелдіктермен некедегі Қазақстан азаматтарына беруге тыйым салынған. Сонымен қатар қолданыстағы мораторийдің ауқымы кеңейтіліп, тіпті шетелдіктердің 1 пайыздық үлесі бар заңды тұлғаларға жер жалға берілмейтін болып бекітілген. Алдағы уақытта жерге байланысты шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікір де барынша ескерілмек.
Заңды депутаттардың талқылауы барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Қазақтың жері – қазақтың жаны мен демі, тіршілігі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Жер – ұлтаралық татулықтың негізі. Бірнеше ғасыр бойы отарлау саясатының зардабын тартқан қазақ халқы шетелдіктерге жерді жалға беруді қабылдай бермейтіндіктеріне көзіміз анық жеткендей болды. Осы бір көңіл ауанын ескеріп, жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек», деп сөзін түйіндеп өтті. Ал сенаторлар заңды толық қабылдады.
* * *
Сенаторлар, сондай-ақ «Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды да қабылдады.
Сонымен қатар орталық атқарушы органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»