Адамды қалың ой арбағанда, әсіресе сол ойы бар болғыр ақырзамандық көңіл күйдің ауылына қоңсы қонғанда түйінін таппай кәдімгідей дағдаратынымыз бар. Оралхан Бөкейдің «Атаукересіндегі» Таған сияқты «Неге біз осы?..» деген сынды сауал байыз таптырмайды. Сосын тұлғалардың бұрынғы айтқандарына үңілесің, өткеннен жауап іздейсің...
Алаш тарихындағы кемеңгер қайраткерлердің бірегейі Әлихан Бөкейханның «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді» деп айтқаны бар екен. Бір ғасыр бұрын айтылғанымен, замана сауалына сай осы тұжырымды қайта жаңғыртудың орайы келіп-ақ тұрғаны. Өйткені соңғы сәтте инвестиция ұғымымен қазақ жерінің байлығын игеруге деген бөтен де іргелі жұрттың ықыласы күшейе түсті. Олардың қазаққа қаншалықты бауыры езіліп бара жатқанын қайдам, алайда біздің биліктегілердің солардың алдына түсіп «алақайлап» жүргені көбірек алаңдатады. Шетелдіктер қаржысын салып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосып жатса, әңгіме басқа ғой. Өкінішке қарай әуелі материалдық игілігіңді пайдаланып, сосын рухани байлығыңа қол салып, дәстүріңді бұзып, рухыңды әлсіретуге кіріссе ше?
Соның бір айғағындай, жақында теріскейдегі бір іргелі жоғары оқу орнының басшысы инвестор алдында құрақ ұшып, айтар сөзінен жаңылған-ды. Инвестор келіп жатқан елден оқулық жеткізілсе болды, сол елдің тілінде жастарды оқытамыз, кадрларды инвестордың ана тілінде дайындаймыз дегені тағы бар. Шетелдіктерің қас-қабағына қарап жалтақтайтындай соншалықты алақан жайып отырған сорлы ел емес сияқты едік қой. Әлде әлгі ректор Елбасының дамыған отыз елдің қатарынан табылуға деген талпынысын басқаша түсіне ме? Құдай-ау, қазақ жеріне ат басын тіреген инвестор атаулының барлығына өз тілінде кадр даярлайтын болсақ, біздің мемлекеттік тіліміз әдіра қалады емес пе? Теріскейде төл тілімізді төрге оздыра алмай отырғанда, бөтен тілде кадр даярлау қаншалықты маңызды екенін түсіне алмадық...
Мемлекеттік мүддеге, ұлттық танымға қабыспайтын осындай қисынсыз әрекеттерден кейін Бөкейханның байламына тоқтамай көрші. Одан кейін ұлы Абайдың айтқаны да бар емес пе: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар; Еңбегің мен ақылың екі жақтап». «Өзіне сенгендер» ғана елін өрге сүйрейтіні анық. Олай болса, ұлттың данасы мен қайраткерінің айтқандарын қазіргідей басқа жұрттың барлығы Қазақ еліне «аңсары ауып» тұрған тұста жадыға мықтап тоқып алғанға не жетсін!
Ұлттық таным демекші, осы қасиеттің өзі бағзы бабалардан жалғасып келе жатқан ата дәстүрге деген адалдықпен астасып жатса керек. Шаңырақтағы үлкендердің ғибратты әңгімесін, олардың қимылындағы ұлт болмысына тән нышандарды барлық ұрпақ санасына сіңіріп өседі емес пе. Отбасындағы осындай тағылымды өнеге ұлт ертеңінің тұлғалық мінезін қалыптастырады. Халық дәстүрінен ауызданғандар ата дәстүріне адалдық танытумен қатар, елдікке залал келтіретін әрекеттен бойын аулақ ұстайтыны түсінікті ғой. Басқалай айтқанда, туған босағасында бойына сіңген ізгі қасиеттер адамның туған халқы үшін қалтқысыз еңбек етуіне септігін тигізеді. Яки қазақтың тағы бір ұлтжанды қайраткері Сағат Әшімбаевша айтар болсақ, «Туған босағасын сағынбаған, туған жерін ешуақытта сағына алмайды. Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдық бейнесі көрінеді. Туған жерге деген махаббаттан туған халқына деген ұлы махаббат басталмақ».
Негізі кейбір басшылардың білімі – бірі кем дүние. Әлде енжарлығы басым. Ойланбай сөйлегендерге, ұлт мүддесін аяқ асты еткендерге қарата осылай айтпағанда қайтеміз? Тарихи тұлғаларымыздың тағылымды да танымдық туындыларынан бейхабар жандар басқарған саласын ұшпаққа шығарады деп айту тағы қиын. Өйткені халқының өткенін білмейтіндер оның болашағын баянды етеді деу күпірлік қой. Осы орайда тағы бір ақиық ақынның тұжырымына тоқталғанды жөн көрдік. «Кім өзіндік бет-бейнесін сақтай білсе, əу баста Жаратушысының пешенесіне жазған ұлттық ерекшеліктері мен салт-дəстүр мәдениетіне ие бола білсе, жеңіс сол халықтың жағында. Сондай ұлттың ғана мерейі үстем болады». Сабыр Адай деген ақиық ақын сөзінің бір парасын осылай қайырады. Жеңіске жететін халықтың темірқазық-ұстанымын тағы да еске салғанымыз бұл.
Әңгімеміздің басында соңғы кезде санамызды пессимистік ойлар кезіп жүргенін айтқан болатынбыз. Ғасырлар бойы бодандық бұғауында болған халықтың ұрпағы ретінде әлемде болып жатқан оқиғаларға, оның ішінде қазақ қоғамында болып жатқан мәселелерге күмән-күдікпен қарауымыз заңдылық та шығар?! «Мың рет өліп-тірілген халық» ендігі жерде «өлетін» болса, оның «тірілуіне» қандай кепілдік бар? Сондықтан дүниеден өткеніне бірер жыл болған алаштың абызы Әбіш Кекілбаевша қайырар болсақ, «Еркіндік енжарлықты кешіре алмайды».
...Ендеше қай мәселеге де ұлттық тұрғыдан сергек қарағанымыз жөн-ау...
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»