• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Әнет бабаға ескерткіш орнатылды

606 рет
көрсетілді

Соңғы бірер айдан бері Абай елінде біршама жар­қын істер жүзеге асырылды. Оның өз жалғасын тауып отырғаны және көңіл қуантады. Айталық, ел Тәуел­сіз­дігінің жиырма жылдық мерекесі қарсаңында ауданда бірқатар игі шаралар жүзеге асырылды. Екі мыңнан астам тұрғыны бар іргелі Саржал ауылында таза су мә­се­лесі ұзақ жылдар бойы өз шешімін таппай келген еді. Енді, міне, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында мұнда жал­пы ұзындығы жиырма шақырым су құбыры пай­да­лануға берілді. Сөйтіп, осындағы екі жүзге жуық үй таза сумен қамтамасыз етілді. Кешегі Семей атом по­ли­гонының нақ іргесіндегі ауыл үшін бұл мереке ал­дын­дағы ерекше сый болды. Ауданда біріне бірі жалғасқан осындай айтулы оқи­ға­ларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қа­тыс­ты. Ол Саржал ауылындағы күніне бір мың литр қы­мыз өндіретін цехта да болды. Саржалдың сары қымызы жаз айларында Астанаға дейін жіберіліп жатады. Қымыз цехында он адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Сол күні келесі Медеу ауылында күрделі жөн­деу­ден соң клуб үйі қатарға қосылды. Жүз орындық бұл мәдениет ордасында енді ауыл өнерпаздары өз өнер­лерін одан әрі шыңдай түсуіне барынша жағдай жа­сал­ған. Мұнда бес жұмыс орны ашылды. Ал аудан орталығы Қарауылда хоккей корты ашылып, спорт модулінің іргетасы қаланды. Жалпы аумағы бір мың шаршы метрге жуық жалпы құны жүз қырық миллион теңгедей бұл спорт модулінің құрылысы келер жыл­дың мамыр айында пайдалануға тапсырылмақ. Қарауылда осыдан бір ай бұрын 16 пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіле бастаған еді. Сол үй бір ай ішінде қатарға қосылды. Мереке қар­саңында жайлы пәтерге жайғасқан жандардың қуа­ны­шында шек болмады. Сондай-ақ, мұнда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 12 орындық қонақүй пайда­лануға берілді. Осы орайда бұл шараның осы елдің тумасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия универ­си­теті­нің ректоры Ерлан Сыдықовтың демеушілігімен жүзе­ге асырылғанын айта кеткеніміз жөн болар. Ұлылар еліндегі мерекелік шаралар Қарауылда Әз Тәукенің кеңесшісі болған, Қазақ елінің бірегей заңы «Жеті жарғының» жазылуына тікелей атсалысқан, Төле, Әйтеке, Қазыбек сынды үш бидің ұстазы Әнет баба ескерткішінің ашылуымен қорытындыланды. Ғұ­ла­ма баба деп Шәкәрім қажы бағасын беріп кеткен би ескерткіші халықтан жиналған қаржы күшімен тұр­ғы­зылды. Ал ол мұндай құрметке әбден лайық жан еді. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген об­лыс әкімі Бердібек Сапарбаев тарихсыз болашақ жоқ, ел тұ­тастығына еңбек сіңірген бабаларға бас иіп, құр­мет көр­сету біздің борышымыз дей келіп, осының бәрі ел тәуелсіздігінің, Елбасымыздың дана саясатының ар­қа­сы екендігін тілге тиек етті. Бұдан кейін ел ағасы, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатұлына сөз берілді. Ол осы оқиғаға орай «Әнет баба» атты дерекке бай көлемді кітапты құрас­тырып шығарып әкелген екен. Кітаптың алғысөзін білікті заңгер Сұлтан Сартаев жазса, сондай-ақ мұнда ғалымдар Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, әде­биет­ші ғалым Жаңғара Дәдебаев, белгілі жазушылар Мұх­тар Мағауин мен Софы Сматаевтардың Әнет баба ту­ра­лы ой-пайымдары топтас­тырыл­ған. Еліміз тәуел­сіз­дікке қол жеткізгеннен бергі жерде Әнет бабаның сүйе­гі қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарында жерленгені анықталып, ондағы көктасқа есімі жазылды. Сол Түркістан қаласы мен Ал­маты­дағы бір-бір көшеге, Семей қаласындағы қос мұнара­лы мешітке аты берілді, деді М.Жанболатұлы. Ол солай дей келіп, енді Астана, Семей, Өскемен қалаларында Әнет бабаға көше аты беріліп, ескерткіші орнатылса, әділет оқу орындарына да аты берілсе, ондағы озат студенттерге баба атындағы стипендия тағайындалса, ар ілімі, құ­қық қорғау, ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр үлгісін на­си­хаттайтын орталығы ашылса деген ұсынысын жеткізді. Енді бір ширек ғасырдан соң туғанына төрт жүз толатын ғұламаға құрмет осылайша жалғасын табуы керек. Жиынның ашылу салтанатында ескерткіш авторы, бел­гілі мүсінші Әскербек Сәкіжан мен баба ұрпағы, пе­дагог-ғалым Серғазы Қалиев сөз сөйледі. Жиын соңын­да абыз бидің құрметіне ас беріліп, құран ба­ғышталды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.