Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев жұмыс сапарымен Атырауға келді. Министр жұмыс сапары барысында Атырауда облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған Қазақстандағы алғашқы Азаматтық орталықтың жұмысымен танысты деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орталықтың негізгі міндеті ҮЕҰ құру кезінде көмектесу, әдістемелік көмек көрсету және ұсынылған идеяларды қолдау.
- Біз осы бағытта өңірде қандай ауқымды жұмыстар жүргізілгенін көріп отырмыз. Бізге іске асырылып жатқан жобаларды таныстырды. Бүгінгі күні азаматтық қоғам деп коммерциялық емес ұйымдардың ғана жасайтын жұмысын айтуға болмайды. Бұл тұрғындардың барлық мүдделі санаттарының жұмысы. Бұл үшін ҮЕҰ құрудың қажеттілігі жоқ, - деп есептейді Дархан Қалетаев. – Республика бойынша 20 мыңдай ҮЕҰ тіркелген, оның 8 мыңы жұмыс істемейді.
Атырау облысында ресми тіркелген 500 ҮЕҰ-ның 100-ге жуығы ғана белсенді.
- Бұл жерде жұмыс жасамайтындарды не істеу керек деген сұрақ туындайды. Олардың қажеті бар ма? Біз ҮЕҰ-ның қайта тіркеуден өтуін талап етеміз бе, әлде әрекетсіз ұйымдарды жоюдың басқа жолдарын табамыз ба? Ойластыру қажет, -деп атап өтті Дархан Қалетаев. – Қазіргі таңда ҮЕҰ-дың санына емес, олар көрсететін қызметтің сапасына баса назар аудару қажет. Жыл сайын мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін бюджет 19 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Тағы 5 млрд теңгеден астам шетелден қаржыландырылады. Әлеуметтік тапсырыс қаншалықты сапалы орындалуда?
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде ҮЕҰ мен мемлекеттік мекемелердің арасындағы өзара іс-қимыл бойынша нәтижелі жұмыстар жасалғанын айтып өтті. Түрлі бағыттарда іске асырылатын жобалар қоғамды алаңдататын өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
- Сіз өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрдіңіз. Біз өз тарапымыздан Мемлекет басшысының азаматтық қоғам институттарын одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, өзара іс-қимыл жасаудың жаңа жолдарын іздестіруді жалғастыратын боламыз, - деді Нұрлан Ноғаев.
- Тұрғындардың, қоғамның проблемалық мәселелерін терең түсіну үшін «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы мен Telegram «Атырау облысының әкімдігі» чат-арнасын іске қостық. Ақпараттық технологиялар арқылы азаматтар өздерін толғандыратын сұрақтарды қойып, жедел жауап ала алады. Бұл жүйе алты айдың үстінде жұмыс істеп, тиімділігін көрсетті. Жұмыс жалғасады.
Өңірдің ҮЕҰ өкілдерімен өткен кеңесте Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Асылбек Қожахметов те пікірін ортаға салды.
- Бүгінде азаматтық сектордың мағынасы кең. Бұл кәсіподақтар да, діни сектор – мешіттер мен шіркеулер де. Жоғары оқу орындары, зияткерлік байлықтың шоғырланған жері. Олар да үкіметтік емес сектордың осы қуатты қозғалысына тартылуы тиіс. Егер Батыс елдерді алып қарасақ, мысалы Голландияда ел тұрғындарының 15%-ы үкіметтік емес секторда жұмыс істейді, Қазақстанда бар болғаны 0,3%. Біздің бүгінгі міндетіміз ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың арасындағы жүйелі жұмысты жолға қою. Атырауға сапарымыз өңірлік ҮЕҰ өкілдерінің ұсыныстарын тыңдаудың тағы бір мүмкіндігі, -деді Асылбек Қожахметов.
Министр Қалетаевтың айтуынша, Азаматтық Альянс мемлекет пен қоғам институттарының арасында азаматтық диалог алаңын ұйымдастыру бойынша негізгі әріптестердің бірі ретінде саналуда. Министр азаматтық қоғамды дамыту саласында заңнаманы жетілдіруде және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспарды іске асыруда Азаматтық Альянстың әлеуетін пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, Азаматтық Альянс қазақстандық ҮЕҰ-дың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа білімге оқыту мәселелерімен айналысатын, ҮЕҰ үшін республикалық әдістемелік орталық бола алады.
Сонымен қатар министр Азаматтық Альянсты «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іргерілету жөніндегі Ағартушылық жоба мен жаңа әлеуметтік бастамалар әзірлеу процесіне қосылуға, мемлекетік функцияларды бәсекелес ортаға беру жұмысына қатысуға шақырды.