• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

501 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан». 2001 жыл.  Жексенбі, 16 желтоқсан.

Ел мен Елбасы «Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 10 жыл бұрынғы, яғни 2001 жылдың 16 желтоқ­са­нындағы нөмірі жоғарыдағыдай айдармен ашылып, онда әртүрлі тақырыптағы хабарлар берілген екен. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы үлкен мерекесі – 10 жылдығы мен бағзы замандардан бері ата­лып келе жатқан Ораза айттың тұспа-тұс келуін халқымыз үшін жақсылыққа жориық. Тәу­елсіз Қазақстан жасай берсін!» деп жа­зы­лып­ты газеттің беташар редакциялық сөзінде. Мұнан кейін Елбасының атына түскен құттық­таулар топтамасы берілген. Онда былай делінген: «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты құттықтаулар әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдардан толассыз түсіп жатыр. Олардың бірқатарын назарға ұсынып отырмыз. Испания Королі Хуан Карлос өз жолдауында Қазақ­стан тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты ең шынайы сезімдерге толы құттықтауын жеткізу ғанибет екенін айта келіп, ыстық ықыласқа өзінің үкіметі мен бүкіл испан халқы қосылатынын атап көрсетіпті. Осынау қуанышты оқиғаға орай Президенттің жеке өзіне және достас Қазақстан халқына бақыт және береке тілепті. Израиль мемлекетінің Президенті Моше Катсав өзінің және бүкіл израиль халқының атынан Елбасын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты құттықтап, еліміз бен халқымызға прогресс және гүлдену тілегін білдіріпті. «Осынау он жылда Латвия Қазақстан Республи­касының мемлекеттілік негізін салудағы табыстарын, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және басқа да реформалардың нәтижелерін зор ықыласпен және мүд­делікпен қадағалап отырды», деп жазыпты Латвияның Президенті Вайра Вике-Фрейберга. Жеделхатта Латвия мен Қазақстан арасында қалыптасқан достық байла­ныстарға жоғары баға беріліп, Қазақстанның Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдірілген. Литва Сейміндегі парламентаралық топтың жетекшісі Казимира Прунскене былай деп көрсетіпті: «Сіздің елдегі саяси тұрақтылық, қол жеткен елеулі экономикалық, әлеуметтік және мәдени жетістіктер үшін қуанамын, бұл істегі Сіздің жеке үлесіңізді жоғары бағалаймын». Литва республикасының бұрынғы премьер-министрі екі ел арасындағы әріптестік қатынастардың дами беретініне сенімді. Еуропа комиссиясының президенті Романо Проди Қазақстан Республикасы алғашқы он жылда демократиялық нарықтық экономикаға жету жолында айтарлықтай прогресс жасағанын атап көрсетіп, Еуропа комиссиясының атынан тәуелсіздік мерекесіне байланысты құттықтау-тілегін жеткізіпті» делінген ақпараттық хабарда.   Елбасын жоғары атаққа ұсынды Осыдан 10 жыл бұрын, ел тәуелсіздігінің 10 жыл­ды­ғы мерекесі тұсында да Қазақстан Парламенті Ел­ба­сын «Халық қаһарманы» атағына ұсынып, бұл жө­нін­де арнайы қаулы қабылдаған екен. Жоғарыдағыдай тақырыппен берілген газет хабарында осы туралы айтылады. «Кеше Парламент пала­та­ла­ры­ның кезектен тыс бірлескен отырысы болып өтті. Онда Парламент депутаттары Қазақ­стан­ның тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевқа «Ха­лық қаһарманы» атағын беру туралы мәселені қарады. Бірлескен отырыста сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қа­ра­тай Тұрысов тәу етер тәуел­сіз­діктің аясында қол жеткен та­быс­тарды ең алдымен Қазақ­стан халқы өз тағдырын сеніп тап­сырған ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен бай­ланыстыруға толық хақымыз бар деді. Сондай-ақ депутат Қа­зақ елінің дүние жүзі қауым­дас­тығындағы өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде танылғандығы, 10 жыл ішіндегі этносаралық рухани бірлік, азаматтық келісімнің орнығуы, Елбасының айрықша ынтасы мен ықыласының іс жүзіндегі көрінісі екендігін жеткізді» делінген онда. Қаратай Тұрысов осылай дей келе, сөзінің соңында елдің тұңғыш Президентінің «Халық қаһарманы» атағы – жоғары дәрежелі ерекше белгісіне әбден лайық екендігін білдіреді. Қ.Сұлтанов, В.Дворецкий, Л.Бурлаков, С.Қалдығұлова, Ж.Әбділдин секілді депутаттардың бірауыздан қолдауымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы Қазақстан Республикасының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында мемлекеттіліктің нығайту ісіндегі орасан зор қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы қаулы қабылдайды. Өкінішке орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл атақты қабылдамағандығы белгілі. Бәріміз білетіндей жуықта, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Парламент Елбасына жоғарыдағыдай атақты беру жөнінде екінші рет шешім қабылдаған болатын. Бірақ бұл жолы да халық қалаулыларының шешімін Елбасы қабылдамады. Мұның өзі үшін қағидатты мәселе екендігін айтып, «Халық қаһарманы» атағынан екінші рет бас тартты. (Ред.)       Он жылдағы он олжамыз Газеттің екінші бетіне осындай атпен «Тұран» университеті Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің мақаласы берілген. «Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында еліміздің барлық кәсіпорындары мен мекемелері, қалалары мен аудан­дары, облыстары он жыл­дық­қа орай көрнекті он істі тарту ретінде әзірлегені белгілі. Ал енді бүкіл еліміз тұрғысынан қараған кезде, осы он жылдың айрықша жетістігі, қол жеткізген олжа­мыз деп қандай табыстарды айтуға болар еді? Экономист ретінде он жылдық жолы­мыз­ды ой сарабынан өткіз­генде, мен түзген тізім мы­нандай болып шықты» деп басталыпты мақала. Мұнан әрі автор біздің ең бірінші олжамыз – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың талмай айтып жүрген тәуелсіздіктің өзі екендігін атап көрсетеді. «Он жыл тәуелсіз да­му­дың біздің елімізге әкелген екінші олжасы – мемлекеттігіміз, Қазақстан Респуб­ликасын бүкіл әлем таныды, еліміз Біріккен Ұлттар Ұй­ы­мына (БҰҰ) мүше болды. Яғни біз­дің мемлекеттігіміз де басқа мемлекеттер сияқты терезесі тең елдер қатарына қосылды. Бұл тәуелсіздік берген жетістік екеніне ешкімнің күмәні жоқ болар» дейді автор. Тәуелсіздіктің берген үшін­ші олжасы ретінде – эконо­ми­камыздың нарық қатынастарға өтуі айтылады. «Жетпіс жыл бойы жолдан адасқан адамның кейпін киген экономикамыз Тәуелсіздігіміздің арқасында өркениетті елде жүріп келе жатқан нарықтық экономика жолына түсті» делінген. Төртінші жетістік – жеке меншік секторының қалып­тасып, дамығандығы. Бесінші жетістік – демократия институттары мен дәстүр­лері­нің қалыптаса бастауы. «Нарықтық экономика мен демократия – медальдің екі беті сияқты. Бірінсіз бірі болуы мүмкін емес» дейді автор. Алтыншы жетістік – кә­сіпкерліктің қалыптасып да­муы. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2001 жылдың 1 шілдесінде бар­лы­ғы тіркеуден өткен 147170, оның ішінде 2012 үлкен, 10185 шағын заңды тұлғалар болыпты. Оның 23968-і мемлекеттік меншіктегі, 119073-і жеке меншіктегі, ал 4129-ы шетелдің меншігіндегі кәсіп­орындар екен. Жетінші жетістік – ұлт­тық капиталдың және ұлт­тық «капиталистеріміздің» пайда болуы. «Кез келген дамыған өркениетті ел ең алдымен, ұлттық капиталға, ұлттық «капиталистерге» арқа сүйей­ді», деп тұжы­рымдайды автор өзінің бұл түсінігін. Сонымен қатар, автор тәуелсіз он жылдықтың берген сегізінші жетістігі ретінде Елбасымыздың тікелей басқаруымен жасалған «Қа­зақ­стан – 2030» стратегия­лық бағдарламасын атапты. Тоғызыншы жетістік – халқымыздың нарық заңда­рына үйрене бастауы, оның ұстанымдарымен жұмыс істеп, өмір сүре бастауы. Оныншы жетістік – халқымыздың амандығы, еліміздің тыныштығы. Сөзінің соңында автор «Тәуелсіздік берген жетістіктерді, олжаларды санамалауда, бәлкім, экономика жа­ғына «бұра тартып» кеткен болармын. Мұның сыртында қарулы күштеріміздің қа­лып­тасуы, тәуелсіз сот жүй­е­сінің құрылуы, рухани түлеу секілді жетістіктеріміз де баршылық», депті автор. Жаңа журнал Газет тілшісі Сейфолла Шайынғазының осындай тақырыппен берілген хабарында ел тәуелсіздігінің он жылдық мерейтойының қарсаңында тағы бір жаңа басылым – «Астана» журналы жарық көргендігі айтылады. «Бірден айту керек, жоғары сапалы қағазға басылып, полиграфиялық жағынан әсем безендірілген журнал ерекше көз тартады. Болашақта мазмұнына мазмұн қосыларына сөз жоқ, ал сырт тартымдылығы жағынан бұрын-соңды мұндай басылым қазақ тілінде болған емес», дейді автор. Бұл басылымның тұңғыш мерекелік нөмірінде күн санап көркейіп келе жатқан елорданың әсем көріністерімен қатар, аттары дүние жүзіне мәлім болған қайраткерлері мен мемлекет басшыларының Астана туралы пікірлері де берілген екен.  

Қаламдастың қос қуанышы

Жанболат Әлиханұлының (Аупбаев) бұл хабарында редакцияның жауапты хатшысы Жанат Елшібектің тәуелсіздік тойы қарсаңында қос қуанышқа кенелгендігі айтылады. Оның біріншісі – қаламгердің туып- өскен жері Алматы облысындағы Қаратал ауданының Құрметті азаматы атанғандығы. «Сөз ретіне қарай айта кетейік, дәл осы күндері жа­зу­шы Жанат Елшібектің өмі­рін­де тағы бір жаңалық бол­ды. Ол – әріптесіміздің «Ел­ор­да» баспасынан «Қош бол, теңіз...» атты жаңа кітабының жарыққа шығуы еді. Бұл ту­ын­дысында ол түрлі көзқа­рас­тағы адамдар, қилы тағ­ды­рлар арқылы толғауы тоқ­сан тіршілігіміздегі көкей­кес­ті мәселелерді қозғайды», деп­ті кітап туралы пікірінде газет басшыларының бірі Жанболат Әлиханұлы. Елдіктің ұлы қуаты Қойшығара Салғараұлының осын­дай тақырыппен берілген мақаласы былай деп басталады. «Түп бастауы әлемдік Үштіктен та­ратылып, арқауы аңызбен айшық­та­лып, тіні шынайы оқиғалармен өрілген тарих желісінің ұзына бой­ына ой көзін жүгіртіп, бай­ыптай қарасақ, табиғатпен қой­ын­даса бұла өскен хал­қы­мыз­дың қай кезде де бас бос­тандығын бәрінен де жоғары қойғаны ерекше байқалады. Ата-бабамыз қашанда тәу­ел­сіздігін, бас еркіндігін баға жетпес байлығым, бар бақы­тым деп білген. Онысын «ма­лым – жанымның садаға­сы, жаным – арымның са­дағасы» деген мұратты ұғыммен өр­кендеп, осы жол­да тынымсыз күрес жүр­гізген. Төл тари­хы­мыз­ды түбегейлі танып, таным-түсінік өрісі кеңейіп, көкірек сарайы ашылған сайын, бұған көзіміз бұрын­ғы­дан да айқынырақ жете түскендей». Бұдан әрі автор осы тәуелсіздік жо­лында күрескен талай ерлердің өт­кендігін айта келе тарих қойнауларына тіптен тереңдей барып, осыдан жиыр­ма алты ғасыр бұрын өмір сүрген жылқышы Шырақтың (Ширақтың) ерлігін атайды. Ол өз денесін өзі қан-жоса қылып жаралап, басқыншы­лық­пен келген парсы патшасы Даридің ал­дына шығып, оны алдап, шөлге әкетіп, бүкіл әскерін қырғын таптырады. Бұдан кейін сегізінші ғасырда өмір сүрген Басаманның (Бачман) ерлігін атайды. Оның тұсында қыпшақ хандарының ауыз бірлігі болмай, содан ел жеңіліске ұшыраған екен. Жау әскері Басаманның өзін қолға түсіріп, кескілеп, азаптай бастаған кезде батыр жанұшыра: «Бауырларым, қыпшақтар барсыңдар ма? Міне, көріңдер! Көріңдер де бірігіңдер! Бірікпеген елдің ерінің қашанда көрері осы болмақ», деп айқайлапты. «Ғасырлармен көмкеріліп, мың­жыл­дықтармен әдіптелген ата та­рих­ты зерделей парақтасақ, бақыт құ­сы­ның қонар тұғыры – бірлігі берік елдік екенін көреміз. Елдік тұғыры бар жерге бақыт құсы айналып келіп, қонады екен де, елдік береке бүлінсе болды, пыр етіп, ұшып кетеді екен», дейді автор. Бұдан әрі автор осы берекесіздік салдарынан түр­кі халқының тозғындаған­дығын айтады. Жетінші ға­сырда өмір сүрген Күлтегін батырдың: «Бектерінің, халқының ымырасызды­ғы­нан, табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, қар­бауына сенгендігінен, аға­лы-інілер дау­лас­қан­дығынан, бекті хал­қының жауласқанынан түркі халқы елдігін жой­ды, бек ұлы құл болды, пәк қызы күн бол­ды», деп тасқа ойып жазған сөз­де­рін келтіреді.