• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Іргелі ізденіске лайықты баға

263 рет
көрсетілді

Жуырда Астананың М.Горький атындағы орыс драма театры Вен­грияда гастрольдік сапарда болып, Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бей­барыс» спектаклін мадьяр жұртшылығына көрсетіп қайтты. Бұл сапар Қазақстан Республи­ка­­сы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы шең­­берінде іске асқан ерекше мә­­де­ни жоба болды. Театр директо­ры әрі көр­кемдік жетекшісі Еркін Қасе­новтің айтуына қарағанда, ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығына ар­налған гастрольдік жобаны іске асыруға Қазақстанның Мажар­стан­­­дағы Тө­тен­ше және өкі­лет­ті елшісі Рашид Ибраев пен Вен­грияның Қазақ­стан­дағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Имре Ласлоцки ықпал еткен болса, қаржылық және ұйымдастырушы­лық жағы­нан Астана қаласының әкі­мі Иман­ғали Тасмағам­бетов қолдау білдірген екен. Қазақ­стан­дық театр Вен­­грияның жүз мың­ға тарта тұрғы­ны бар Солнок қала­сында өнер көрсетті. Бір жыл бұрын осында келген сапарында Қазақстанның Вен­грияда­ғы елшісі Рашид Ибраев қала бас­шы­лығымен кездесіп, екі елдің ара­сын­дағы жоғары деңгейде келісілген ын­тымақтастық жөніндегі келісім-шарт шеңберінде эконо­ми­калық, мә­дени-гуманитарлық салада әріптес­тік орнату жөнінде келіскен бола­тын. Сол жо­лы осы қалада Президент Н.Наза­р­баевтың «Қазақстан­дық жол» атты кіта­бы­ның тұсау­ке­сері де өткізіліп, «Бү­гінгі Қазақстан: халық бірлігі – ұлттың ең басты жетістігі» атты фильм көрсетілген. Астана теат­ры­­ның мына сапары сол әріп­тес­тікті одан әрі тереңдету мақ­сатында жа­сал­ған шаралардың бірі болды. «Сұлтан Бейбарыс» – астаналық орыс театрының шоқтығы биік қо­йы­лымдарының бірі. Санкт-Пе­тер­­бург­тік режиссер Андрей Ки­зилов­тың бұл спектаклі астаналық көрер­мендер та­рапынан жоғары ба­ғасын алған бо­ла­тын. Әсіресе, суретші Қанат Мансұровтың сах­на­лық декорация мен реквизиттер жасаудағы тапқырлығы жұрттың аузында қалған. Мадьяр елінде ежелгі қыпшақ­тар ұрпақтарының тұратындығы, олар­дың тілдері мен дәстүрлерінің қазіргі қазақтарға қатты ұқсайтын­ды­ғы туралы көптен белгілі. Сон­дық­тан да астаналық театрдың тегі қыпшақ Бейбарыстың құлдыққа са­тыл­ған жерінде ұзақ жылдар бойы сұлтан болғандығы туралы оқиғаны көрсеткен қойылымы ай­рықша әсер етті. Оның үстіне ос­ында оқитын жүздеген қазақ жас­тары қазақ­стан­дық театрдың өне­рін тамашалауға асыға жеткен екен. Тіпті бұл спектакльді тама­ша­­лауға Еуропаның көр­шілес мем­­ле­кеттерінен де қазақ­стан­дық­тар қуана жетіпті. Қойылымға Венгрия Үкіметі та­рапынан да назар аударылып, Мемлекеттік хатшы Михай Варга мен Мәдениет министрі Геза Соч бас­таған ресми адамдар қатысты. Олар қойылымнан соң өздерінің ризашы­лықтарын білдіріп, екі ел­дің ара­сындағы мәдени қарым-қа­тынастың жандана түсуіне қызмет еткен өнер ұжымына алғыс айтты. Ал елдің ең басты мемлекеттік «Дуна» телеар­на­сы, республика­лық және жергілікті БАҚ бұл сапардың елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға екендігін атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдарда өз­ге ел сахналарына шығып, қазақ өне­рін көрсетіп жүрген театрла­ры­мыз саусақпен санарлықтай ғана десек, Астана қаласындағы орыс дра­ма театры бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін айта кетуіміз керек. Олар Ресейдің Санкт-Петер­бург, Сарань қалала­ры­ның сахнала­рын айтпағанда, Қы­тайға, Испания­ға барып, өнер көрсетіп келді. Енді, міне, ежелгі Мажар елінің сахна­сын­да да ата Қазақтың тарихына тікелей бай­ла­нысты оқиғаны баян­дайтын қойы­лым­ды үлкен табыспен көрсетіп қайтты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­­саңында Елбасы Н.Назар­­баев­тың Жар­лығымен театрға «ака­де­мия­лық» мәртебесінің,  ал театр­дың директоры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Қасеновке «Қазақ­станның ең­бек сіңірген қайрат­кері» құрметті атағының берілуі осындай үздік еңбектерге берілген лайықты баға деп білеміз. Жақсыбай САМРАТ.