• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Төтенше жағдайларға төтеп берер азаматтар

345 рет
көрсетілді

Елімізде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шаралар жаппай өткізіліп жатыр. Оған өзіміз де куә болып, көзайым жаңалықтар мен іргелі жетістіктерді қуана жазып жатырмыз. Ал отандық БАҚ-тың көшбас­шысы саналатын «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің об­лыс­­тағы меншікті тілшілерін республикамыздағы бірден-бір оқу орны Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтының бастығы полковник Абай Сұлтанғалиевтің әдейі шақыруы Тәуелсіздігіміздің идеологиялық байрағын аспандатқандай еді. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халқымызға арнайтын жыл сайынғы жо­л­дауларында «Адам – елдің басты байлығы» деген сөздерді қадап айтатындығы ғасырлар бойғы аңсаған тәуелсіздігіміздің мақсат-мағынасын білдіреді. Мұнда төтенше жағдайларға қарсы тұру, оның алдын алу міндеттері де айшықталып тұр. Біз төріне озған КТИ-де төтенше жағдайларға төтеп беретін, еліміздің экономикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін азаматтар тәрбиеленеді. Әуелде «Тәуелсіздік тұстастарымен кездесу» атты басқосу жоғары оқу ор­нының кешегісі мен бүгінгісін қамтыған тәлім шолуына ұласты. Институт басты­ғының тәрбие, кадр және сап жөніндегі орынбасары полковник Берік Нұрғалиев курсанттар алдында сөз бастады. «Инс­титутымыз жас буынның ғылым және техникалық жетістіктер, ұлттық және жалпы адамдық құндылықтар негізінде кәсіптік қалыптасуына бағытталған білім ордасы, – деді ол. – 1956 жылдың маусы­мында құрамында 66 тыңдаушысы бар оқу отряды болып құрылған білім ошағы 55 жыл ішінде өсіп-өркендеу, тәжірибе шыңдау сынақтарынан табысты өтті. Ал 1992 жылдың мауысымында, яғни тәуел­сіздігіміздің елең-алаңында өрттен қорғау қызметінің қатардағы және басшы құра­мын кәсіби даярлау мектебі атанса, 1999 жылдың маусымында институт мәртебесі берілді. Оқу орнын әр жылдары Кеңес Одағының Батыры П.Блинов, П.Толмачев, К.Қазболов, И.Фомин, Г.Гончар, Ж.Тұр­лы­беков, Ю.Бурмистров, Б.Нүкішев, Д.Данаев, Х.Ғазизов, Ж.Ахметов, С.Тұ­ра­ров сияқты беделді азаматтар басқарды. Институт құрылған кезден бастап 2,5 мың­ға жуық маман даярланып, кең бай­тақ Отанымызда жемісті қызметімен та­­ны­лып жүр. Бүгінгі күні күндізгі бөлім­де 403 курсант оқып жатса, 635 адам өн­дірістен қол үзбей білімін жалғастыруда. Жыл сайын жүзден астам қызметкер арнайы курста кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Былтырғы жылы ғана басшы құрам­ның 1070 өкіліне республикалық курсты тәмамдағаны жөнінде сертификат тапсы­рыл­ды. Сондай-ақ, мемлекетаралық келісім бойынша министрліктің 56 қызмет­кері, 60 өрт сөндіруші мен құтқарушы Ресейдің, Белоруссияның арнайы білім ордаларында оқып, тәжірибеден өтуде. Күндізгі оқу факультетінің 82 түлегі инс­титутты «Үздік дипломмен» бітірді. Ал А.Тоқтамысов пен А.Цойдың лейтенант погонын Ақордада Елбасы Н.Ә. Назар­баев­тың қолынан алуы баршамызды мерейлендіріп, курсанттар жүрегіне жігер құйды». Институттың барлық профессорлық-оқытушылық құрамы мақсатты түрде ғылыми қызметпен айналысады. Қазіргі таңда Ресей ТЖМ МӨҚ Академиясының күндізгі бөлімінде институт жолдамасы­мен 46 курсант, адъюнктурада 3 оқытушы сырттай білім алуда. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет акаде­миясының түлегі Қ.Нарбаев Америкада, магистр Ә.Мейрамова Австрия мен Германияда біліктілік сынағынан ойдағыдай өтіпті. Кафедра меңгерушісі полковник Б.Евниев 10 оқу-әдістемелік және 30-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы екен. «ҒЗИ және редакциялық-баспа» бөлімінің күшімен 1999 жылы институт қызметкер­ле­рінің ғылыми еңбектерінің жинағы ба­сып шығарылса, биыл «Хабаршы» жур­на­лы жарық көрді. Институт құрамы 2010 жылдың қараша айында Қазақстан, Ресей және Украина ғылыми және білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен ал­ғашқы халықаралық конференцияның өт­кізілуін өз ізденістеріне берілген жоғары баға санайды. Осындағы оқу-жаттығу ба­рысын бақылаған америкалық әріптестер де риза көңілін білдіргенін былтыр газетімізде жазған едік. Көкшетау техникалық институтында 1991 жылы туған 107 курсант білім алып жатыр. Олардың дені 3-курста оқи­ды. «Тәуелсіздік тұстастары» кездесуін курс бастығы подполковник Силан Жұма­нов ашып, республикалық «Жас ұлан» мек­тебінің түлегі, қазір екінші курстың взвод командирі, кіші сержант Медет Мұсабаев ел тәуелсіздігінің мән-мағына­сы мен ал­дағы міндеттер жайында то­лымды баяндама жасады. Одан кейін мінберге 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысу­шы­лар институт бастығының тыл жө­ніндегі орынбасары подполковник Сә­кен Қаби­бул­лин мен техника ғылымда­ры­ның кан­ди­даты подполковник Амантай Сүйін­ді­ков шықты. – Мен Қазақ политехникалық институ­ты­ның І курс студенті едім, – дейді Сәкен Зайытұлы. – Жатақханымыз алаңнан 400 метр жерде ғана. Толқу болып жатқанын есітісімен сонда жүгірдік. Ән салып, шеру тартқан студенттерге иықтасып барып қосылдық. «Біз Қазақстанда тұрмаған, қазақстандықтардың өмірін, дәстүрін білмейтін Колбинге қарсымыз», «Елімізді қазақстандық басқарсын, қазақ азаматы басқарсын», деген ұрандар сақылдаған аязда саңқылдап шығып жатты. Бұл Мәскеу алпауыттары жала жапқандай, ұлт­шылдық емес еді. Бұл орталықтағы озбыр саяси жүйенің күйреуі, халық­тар­дың тәуелсіздікке ұмтылысының пісіп-жетілуі еді. Бүгінгі қымбат тәуелсіз­ді­гі­мізді бағалаңдар. Тәуелсіздігіміздің туын­да желтоқсандықтардың қайсар рухымен қатар қайнаған қан табы да бар. Оның зардаптары әлі де жүрек сыздатады. Ме­нің іссапармен Түмен облысының Пиш­тим қаласында болғаным бар. Кинотеатр­да отырғандардың басым көпшілігі қазақ жастары екендігіне таңғалдым. Бұ­лардың барлығы 58-баппен (Отанға сат­қындық) 5 жылға сотталып, жер аударыл­ғандар екен. Тәуелсіздік құрдастары, тұс­тастары деген ат сендерге артықшылық бермейді, қо­сым­ша жауапкершілік жүк­тей­ді. Осыны ұмытпаңдар, жақсы оқың­дар, елге адал қызмет етіңдер. Жоғары математика пәнінің оқытушы­сы подполковник Амантай Сүйіндіков Қа­зақ мемлекеттік университетіндегі оқуын әскерден оралған соң, 2-курстан жалғас­тырған. «Сол күнгі сағат 13.15-те баста­латын сабақ болмай қалады. Студенттер арасында сыбыс тарап, дауылды дүбір баршаны сілкінтіп тастаған. Қазақ-оры­сы­мыз бар, жастардың басым көпшілігі орталық алаңға қарай ағылдық. Әскери­лердің қоршауын бұзып өту қиынға соқты. Бірақ, ешкім кейін қайтатын емес, орындарында тапжылмай тұр. Кешкісін қан сойқан басталды. Мылтықтың дүмі мен саперлік күректер сартылдауда. Бейбіт шеруге шыққан жастарды ашық машиналар мен арнайы көліктерге тоғытып, алып кетуде. Алматыдан 30 шақырым жерге қотарып жатыр дегенді айтады кейбіреулер. Арақ-шарап таратылды деген бос сөз. Қатаң қудалау жүргізілді. Оны уни­верситет ректоры Өмірбек Жолдасбе­ков­тің қызметінен алынғанынан аңғаруға болады. Ұлттық қақтығысқа жол берілмегенін қазақстандықтардың ең үлкен қасиеті деп бағалау керек», – дейді аға оқытушы. Мәжілісхана тым-тырыс. Курсанттар­дың ауыр ойын серпімек ниетпен өзіміз сөз алып, 92 жылдан бері шығып келе жат­қан газетіміздің ел тәуелсіздігі жо­лын­дағы үздіксіз еңбегінен таратып әң­гі­ме өрбіттік. Мұнда халқымыздың маң­дай­ал­ды азаматтары елге жалынды сөз­дерін арнады, талайы репрессия құрба­ны­на ұшырады. Бірақ, ел үнпарағынан тә­уел­сіздік идеясы түскен емес. Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап жанқиярлық еңбек тіпті күшейді. Тәуелсіздікті мадақ­тау­дан бастап, оны қорғау, Тәуелсізді­гі­міз­дің ту ұстаушысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мүлдем жаңа мемлекетті құрып, оның қымбат қағидаттарын қалыптастырудағы еңбегін дәріптеу, болашақтың қамын жасау, ішкі-сыртқы саясатты мығымдау, қоғам мү­ше­лерін қоғамның тірегіне айналдыру, көп ұлтты республика тұрғындарының жарас­тығы мен бауырмалдығын жалғастыру си­яқты өзекті тақырыптар күн тәртібінен түс­пеуде. Бүгінгі кездесуді сол темір­қа­зық тұтқалардың бірі деп есептейміз. Сабақтан, кезекшіліктен, нарядтан бос «Тәуелсіздік тұстастарының» саны да бір­шама көрінді. Бәрінің де жүздері жа­лындап, өз ой-пікірлерін ортаға салуға ынтығулы. Біз баршасына бір ғана сұрақ қойдық: «Институтқа түсуіңнің басты себебі не?» Мақсат Ержанұлы: – Ауылда жалғыз ғана әскери адам болатын. Ол капитан ше­ніндегі өрт сөндіру қызметкері еді. Бәріміз сол кісіге ұқсағымыз келеді. Үш аяқты мотоциклін зуылдатып өткенде одан бақытты адам жоқтай көретінбіз. Арманымның орындалғанына қуанамын. Шерзат Әбдіәзімов: – Көршіміз Рүс­тем Әбутәліпов 2008 жылы осы инсти­тут­ты бітірген. Қазір Ақсу кентіндегі өрт сөн­ді­ру бөлімінің қарауыл бастығы. Ол мектебімізге келген сайын төтенше жағ­дайлар қызметі жайлы қызықты әңгі­ме­лер айта­тын. Үйім жақын болғандықтан, фотоаль­бо­мынан институт өмірімен сырт­тай та­ны­сып та алдым. Максим Иванов: – Таңертең казармадан шыққан курсанттар оқу корпусына біздің мектептің жанынан сап түзеп өтетін. Соңдарынан еріп жүретінбіз. Енді сол сапта өзім жүрмін! Исақожа Елеусізов: – Адамға қажетті оқуға түстім деп ойлаймын. Айбек Қасымов: – Менің өрт сөнді­­­руші болмауға хақым жоқ сияқты. Өйт­кені, әкем осы институтты сырттай оқы­ған. Ту­ған және немере бес ағам төтенше жағ­дай­лар саласының қызметкерлері. Ұр­пақ­тар сабақтастығы менен кейін де жал­ғаса түссе деймін. Курс бастығының орынбасары майор Нұрым Жағыпаров бізді оқу залдарын, де­малыс және жатын бөлмелерін, зәулім ас­ха­наны аралатып көрсетті. Айналамыз­дан мұнтаздай тазалық, темір тәртіп лебі еседі. Көкшетау.