• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2018

Бір ғана мамандыққа арналған ғұмыр

795 рет
көрсетілді

Адамның бір асыл қасиеті бар. Ол бүгінмен қатар, ертеңіне үміт артып, алдына биік мақсат қойып, соған жетемін деген сеніммен өмір сүру. Бірақ оған жететіндер де, орта жолда «Әттең, жалған дүние-ай!» деп морт кететіндер де аз болмай жатады. 

Бұлай деуімізге себеп, Ержұман Смайыл ағамыз Марат Аққұл 60 жасқа толғанда «Мараттың күлкісі» деген мақала жазып, онда бір әдемі деректі алға тартқан еді. «Егеменнің» үлкен-кішісі Әз-аға деп әспеттеген, болмысы бөлек, болат мінез, әр сөзінің астарына үңіле алсаң, терең оймен қатар, қырандай қағып түсер әзілі де бар Әбді-Әзиз Алдабергенов бір кездері Марат Аққұлдың 60 жылдығына мақаланы өзі жазбақ ниетте екенін айтқанда, Ерағаң Мәкеңнің 70 жылдық мерейтойына өзі қалам тербейтінін білдіріпті.

Амал не, Әз ағаң өмірден ерте озып, Марат інісі 60-қа толғанда Ержұ­ман ағасы оның бүкіл болмысын қағаз­ға түсірген, жоғарыдағы мақаланы жазға­нына куә болған едік.

Марат Аққұл замандасымыз өткен жылы шілде айында 70-ке жетпей, Ерағаң болса араға жеті ай салып, биылғы ақпанда 70-тен бір ай асқанда мына фәни дүниеден бақиға аттанып кете барды. Екеуі де алда айтқанымыздай, ешкімге салмағын салмай, морт сынды. Қандай ұқсастық десеңізші?! 

«Қазандай қайнап жататын газет «өндірісінің» бел ортасында жүрген жанның бірі – Марат Аққұл» деп Ерағаң атап айтқандай, шынында, ол бүкіл саналы ғұмырын бас басылымға, оның ішінде «өндіріс» атанып кеткен «СҚ-ның», «ЕҚ-ның» секретариатының барлық жұмысына арнап, әсіресе өзіне тиесілісін мінсіз атқарды. 

Ол «Егеменге» балаң жігіт кезінде келіп, ел ағасы дәрежесіне жетті. 

Марат Аққұл қазіргі әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі болатын. Білім ордасынан кейінгі өмір жолы бас басылыммен өзектес өрбіді. Арасында республикалық жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң да, өзі еңбек жолын бастаған газетке қайта оралды. Ол заманда жоғары партия мектебін бітірген адам кемі аупарткомның бөлімін басқаруға не обкомның, тіпті ЦК-ның нұсқаушысы болуға құқылы еді. Одан кейінгі бас­палдақ қызметтегі білім-білігіне, абырой-беделіне байланысты жылжитын. Ал Марат Аққұлды ондай өктем қызметтің бірде-бірі қызықтыра қоймады. Балапан қанатын қатайтқан, қарғадайынан бауыр басқан бас басылымның киелі табалдырығын қайта аттап, от пен судың, кейде айғай-шудың ортасы саналатын секретариат жұмысына араласты да кетті. Ол бұл істе өзін танытып қана қоймай, басылым баспалдағымен алға жылжып, редакциядағы көркемдеу-безендіру бөлімінің меңгерушісі, газеттің жауапты хатшысының орынбасары, бірінші орынбасары, «Егемен Қазақстанның» жарнама бөлімінің меңгерушісі секілді жұмыстарды абыроймен атқарды.

Марат Аққұлдың еңбек кітапшасына қарап отырсаң, бір мекеменің, яғни «СҚ» мен «ЕҚ» қызметкері деген жазуды оқисыз. Бір жерде табандап отырып қызмет етудің үлгісін біраз ағаларымыз бен апаларымыз көрсетіп кетіп еді. Солардың бірегейі, ұлтын қадір тұтқан, ұлт жерінің бүтіндігін, оның саудаға түспей, бабалар үлгісімен ұрпақ игілігіне жаратуды қасқайып тұрып айтып өткен Балғабек Қыдырбекұлы десек, екіншісі, аға ізін басқан Марат Аққұл еді. 

Қырық бес жылға таяу өмірін ел газетіне арнаған азамат: «Менің Отаным, отбасым «Егемен» ғой» дейтін. Тіпті «Осы басылымның табалдырығын аттап тұрып өмірден өте шығуға бармын» дейтін. Пендеміз ғой, сол тұста Мәкеңнің ол сөзін әзілге балап, мән бере бермептік. 

Зейнетке шыққаннан соң да басылымнан қол үзбей, «Егеменнің» 100 жылдығына шығарғалы жатқан 10 томдық еңбекке қажет материалдарды газет тігіндісінен іріктеп алуға өз үле­сін қосып жүрді. Ол әрбір мақаланы жете оқып, небір тарихи оқиғаларды еске алып, өзі көрген алдыңғы толқын ағалары туралы да сыр шертіп отыратын. Өмірден озарынан бір сағат бұрын хабарласып, кешікпей келетінін айтқан еді. Әудем жердегі үйінен басылымның ауласына кіріп, киелі табалдырығына енді жете бергенде, қас қағым сәтте жұды­рықтай жүрегі сыр беріпті. Сөйтіп жалғанның – алдамшы, өмір шіркіннің өткінші екенінен, атам қазақ, сабақ ал, санаңа түй, мына тіршілігің уақытша күй деп адам ғұмырының қамшы сабындай қысқа екенін аңғартып, Мәкең мәңгілікке аттанып кете барды. 

Мұндай қабырғаңды қайыстырар сәттегі көрініс ілуде біреуде, Мәкең секіл­ді қарғадайынан қызмет еткен жеріне адал ниетін арнаған азаматқа ғана тән құбылыс болса керек. Саналы ғұмы­рын бас басылымға сарп еткен аяулы ұлт ұлы осылайша өмірден аттанды.

Марат Аққұл газеттің «өндіріс» бөлі­мінің ғана сарабдал қызметкері емес, қарымды қаламгер еді. Оның жазған әр мақаласындағы орнықтылық, алған тақырыбын ашуы, кейіпкерін сомдауы – бәрі де табиғи шығатын. Аударма ісіне келгенде алдына көп адамды түсіре қоймайтын. Кейбір сөздердің қазақшасын әріптестері Мәкеңнен сұрайтын. Кейде Ерағаң – Ержұман Смайыл да Мәкеңмен терминдер бойынша ақылдасып отыратын.  Ең бастысы, Марат болмысынан лауазымды қызметке талпынбағанын алда айттық. Ол әділеттің адамы еді. Бірбеткей болатын. Әділдіктен бұра тартқан адамға кеңшілік жасамайтын. Ешкімге жалтақтап, жалпақтамайтын. Кім болса да қасқайып тұрып, қолды бір сілтеп, қағып тастайтын. Ал сауаттылығы, таспадай жазуы,­ әріпті маржандай тізуі – екінің бірін­де кездесе бермейтін шеберлік шыңы десе жарасады. Жұмыс кезіндегі орнық­тылығы, бастаған істі аяғына жеткізбей тынбайтын іскерлігі кімге де болса үлгі еді. Сонымен қатар оның ашаң жүзіндегі жылылық, рия­сыз күлкісіндегі ақаусыз көңіл лебі  тек өзіне ғана жарасып тұратын. Ең бастысы, Марат Ақ­­құл мамандығына адалдық танытып, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаң­­­басымен қалды. 

Ол бас басылымға келгеннен кейін Ақтотыдай жар сүйіп, Қанат, Алмат атты өрімдей екі ұл өсіріп, қыр гүліндей немере көрді. Мәкеңді қанша жерден өлімге қимасақ та ұрпағына қарап, тәубе деуге тура келеді.

«Егемен Қазақстан» газетінің көшін Астанаға Шерағаң – Шерхан Мұртаза бастап келген еді. Соның сапында Мәкең де болды. Ол газеттің Астанадағы жұмы­сы­ның қалыптасып кетуіне көп үлес қосты. 

Өмірден озарының алдында ауылға барсам, анамды көрсем деп жиі айта бе­ретін. Тәңірім ол тілегін мәңгілік сапар­ға аттануымен ұштастырып жібергендей болды. Астанадан Алатаудың баурайын­дағы ата қонысына, әкесі Тыныстанның жанына шығарып салу сәтіндегі ұжым­ның көңіл күйін бұл арада тілмен айтып жеткізу қиынның-қиыны болып тұр. Оны қазақтың белгілі ақыны Қорғанбек Аманжолдың қоштасу өлеңімен еске түсіруді жөн көріп отырмыз. «Қайран, Мәкем... қажу білмей жұмыстан, Қапияда айырылдың-ау тыныстан. Алып кетті-ау көзіміздің алдында. Аңдып соққан ажал деген зымыстан. Алып кетті-ау... Қайран қыла алмадық, Іштен тынып күңіреніп зарладық. «Егеменнің» саясына жатқызып, Ес шыққандай... судан талды қармадық. Қайран, Мәке, қайта тұрмай, құладың, «Егеменде» қалды барлық жыр-әнің. Жас күніңде кірген алғаш «Егемен», Сол есіктен бұйырыпты-ау шығарың. Қош, қош!.. енді, құлағың сал бір мезет, Кеш, кеше гөр, қадіріңді білмесек. Бала бейнең жадымыздан өшпейді, Аруағыңды аялау да бізге серт», деп еді ақын інісі. 

Содан бері бір жыл өте шығыпты. Мараттай талантты журналистің, аяулы азаматтың артында хатқа түскен сөзі, өзінің көзіндей ұрпағы қалды. Бұл екеуі оның екінші өмірін жалғастыра бермек.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»