• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Бас идірген бауырластық

386 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік деген тәтті ұғым Қазақстан Республикасын құ­рай­тын негізгі ұлт – қазаққа ғана емес, осы елде түтінін тү­тетіп отырған барлық ұлттарға, соның ішінде, ұйғыр ұл­ты­ның өкілдеріне де өте ыстық. Біз дарқан жүректі, кеңпейілді қазақтың жерінде бейбіт өмір сүріп келеміз. Тіпті, қазақтармен бірге ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болып кетті десем, ар­тық айтқаным емес. Өмір деген қызық қой... Өзім кеңес­­­тік кезеңде туып, білім алып, еңбекке араластым. Ол кезде қазір егемендігін тойлап жатқан мемлекеттердің бәрі Кеңес Одағының құрамында еді. Өз билігіне қол жеткізе алмай жүр­­­ген сол елдер бар ауыртпалықты бастан кешті. Сол уақыттың қатал саясатына қара­­­мас­­­тан, тілі мен дінін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап қалды. Міне, Қа­­­зақстан да бодандық­­тың құрсауынан құ­­­тылып, Тәуелсіздігін алғанда, осы құндылықтарды одан әрі дамыта түсті. Аллаға шүкір, бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­­­ды­­ғын атап өту үстіндеміз. Біз бұл жү­­­рекке патриоттық рух беретін қымбат күнге оңай жеткен жоқпыз. Қазіргі жас­­тар мұны қалай сезінеді екен?! Ал, біз­­­дің ұрпақ Қазақстанның егемендікке тал­­­пынған ұмтылысы мен әрбір қада­­­мын жақсы білді. Бұрындары бір көлігі, басында 2-3 бөлмелі пәтері, бір саяжайы бар адам ең бай адам ретінде саналды. Тіпті шет елге барғанда зәу­­­лім үйлер көрсек, таңдайымызды қа­­­­ғып келетін едік. Қазір біздің елімізде жағдай мүлде өзгерді. Әлгіндей үлкен үйлерді екінің бірі салатын болды. Бір үйде екі-үш кө­­­лік­тен бар. Бұл еліміздің эконо­­­ми­­­касының, әрі-беріден соң жеке отбасы­­­ның әлеумет­тік жағдайының өзгергенінің көрінісі. Әрине, Тәуелсіздік десек, ең алды­­­мен, көз алдымызға Желтоқсан көте­­­рілісі келеді. Бұл – тарих. Азаттықтың ақ туын аңсаған жастардың батыл қа­­­дамы елдің саяси өміріне өзгеріс әкел­­­ді. Қаншама жас қыршынынан қиылды. Тіпті, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сотталған ұйғырлар да бар. Қазір Жел­­­тоқсан қаһармандарына үлкен құрмет көрсетіліп келеді. Жаркент қаласында Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа арнап ескерткіш ашылғаны жұрт есінде. Осы өңірге атбасын тіреген азамат желтоқсандықтардың рухына арнайы тағзым етіп келіп жатқанын көріп жүрміз. Кешегі өр мінезді жастардың ерлігіне бас ию кейінгі ұрпаққа үлкен тәрбиелік мән береді. Кезінде «Уйғыр авази» газетінің ре­­­дакторы болған Тұрдахун Назаров сол Желтоқсан көтерілісіне қатысты материал жариялағаны үшін жұмыстан бо­­­сатылды. «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Мамадияр Жақып, сол си­­­яқты тағы бірнеше азамат та жұмыстан босатылып, партиядан шығарылды. Одан басқа да бірқатар қалам иелерінің теперіш көргеніне куәміз. Міне, со­­­ларға құрмет көрсету бір бөлек те, олардың ерлігін қолымыздан келгенше жас ұрпаққа насихаттасақ ләзім. Айта­­­лық, өмірден өткен Тұрдахун Наза­­­ровтың атына Ұйғыр ауданынан көше берілсе, құба-құп болар еді. Тәубе дейік, Қазақ елінің тәуел­­­­сіз­­­дік алғанына – 20 жыл. Осы аралықта біз талай қиын кезеңді еңсердік. Олай дейтінім, біз бұған дейін тоталитар­­­лық режімде өмір сүрдік. Сол бір аумалы-төкпелі заманда ТМД, пост­кеңестік елдердің өмір сү­­­­руі мен дамуы әрқалай болып кетті. Алай­­­да, Қазақстан – өтпелі кезеңнің сына­­­­ғынан абыроймен өткен, өз экономикасын дұрыс жолға қоя білген айтулы мемлекет. Иә, елімізде Тәуелсіздікке қол жеткен жылдарда экономикалық жағдай да, әлеу­­­меттік ахуал да төмен болды. Елде күн­­­көріс қиындап, жұмыссыздық белең алды. Осынау бір сын кезеңде кейбір ұлт өкіл­­­­дері қазақ топырағынан кетіп те қалды. Ал, біз, ұйғыр халқы бар ауыртпалықты қазақ ұлтымен бірге көтеріп, кез келген қиындықты жеңе білдік. Бүгінгі таңда жылдан-жылға қарыштап, дамып жатқан Қазақстан соның бұлтартпас айғағы. Әрине, бұл әуелі Елбасы Н.Назар­­­баев­тың салиқалы саясат ұстанып, ұтымды жолды таңдауынан деп білемін. Қазақстан мемлекетіне дәл осындай басшының келгені жолымыздың болғанын көрсетпей ме?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте бір қиын-қыстау кезеңде жан-жақты пікірді сарапқа сала отырып, кесімді шешім таба білді. Ол бұған дейін әр түрлі мемлекет­тердің саяса­­тын саралап, әрі еліміздің эко­­­номикасын, әлеуметтік жағдайын, идеоло­гиясын ескеріп, ең тиімді жолды таңдап алды. Қазақ­стан халқы мен экономикасын оңтайлы жолға бағыттаған Елбасы өзінің 2030 стра­тегиялық жоспарын ұсынып, көшбасшы­лық танытты. Қазір біз мұның астарында көп жәйттің бар екендігіне көз жеткізіп жүрміз. Бұл – еліміздің экономи­­­касының қарыштауы, халықтың әлеумет­­­­тік тұрмы­сының жақсаруы, білім мен денсаулық сақтау саласының дамуы, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін өсі­­­ру секілді кезек күттірмейтін өзекті мәсе­­­лелер. Бүгінде Қазақстан аталған саланың қай-қайсысына да қомақты қаржы бөліп, аяғынан тік тұр­ғызуға мүмкіндігі барын көрсетті. Мұның ел халқының абыройын асқақтатып, мерейін үстем ете түскені шындық. Елбасы Н.Назарбаев – көп мәселеде тәуекелге бел байлаған батыл қайраткер. Бірінші тәуекелі – Қазақстан алғаш ядро­­­лық қарудан бас тартқан мемлекет. Әлі есімде, сол кезде Түркиядан журналистер келіп: «Сіздер бірден-бір ядролық қаруы бар мұсылман мемлекет едіңіздер. Неге одан бас тарттыңыздар? Сіздер сол арқы­­­лы-ақ беделді мемлекет болар едіңіз­дер...», деп бізді сұрақтың астына алып еді. Бұл – Назарбаевтың ерлігі. Бүкіл дү­­­ние жүзі халқының бәрі де біздің Елба­­­сы­­­на сол үшін құрметпен қарайды. Меніңше, осы ерлігі үшін ғана Елбасына Нобель сыйлығын беру керек деп ойлаймын. Екінші тәуекелі – еліміздің елордасын Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы ше­шімі. Әуелгіде бұл жаңалықты Парла­­­мент­­тің жиналысында естіген жұрт бір-біріне қарап, таңқалысқан. Тіпті сол кезде «Ай­да­ладағы Ақмола қалай астана бола­­­ды?» дегендер де болды. Сөйтсек, Елбасы бәрін те­рең ойластырған екен. Бүгінде Астана қа­ла­сы – Еуразия жүрегіндегі әдемі, сұлу қалаға айналды. Астана – түрлі ха­лық­аралық жи­ындар мен басқосудың ор­­­да­­­сы. Былтыр ғана еліміз он бір жыл үзілістен кейін ЕҚЫҰ Саммитін абыроймен өткізіп, Астана Декларациясын қабылдау арқылы тарих беттерінде алтын әріппен жазылып қалды. Қазақстан мемлекеті бүгінде тотали­­­та­­­­ризмнің ескі қалдықтарынан бойын аулақ ұстап, барлық ұлттық мәдениеттердің тең құқылы, толыққанды дамуын қамтамасыз етуде. Яғни, ең басты ерекшелігіміз – ұлттар, халықтар арасындағы татулықты, бірлікті сақтау. Ұлттық келісім – Қазақ­­­­станның тұрақтылығы мен дамуының негізі, біздің ішкі саясатымыздың өзегі. 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Елбасы ассамблея құру туралы ойын ашық білдірген еді. Сол кезде біз Елбасының халықтар достығын сақтау саясатына оң көзқарас танытып, «Мұндай ұйым басқа қай елде бар екен?» деп бір-бірімізге сұраулы кейіппен қарадық. Шынында да, тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда құ­­­­рылған Ассамблея посткеңестік мемлекет­­­тердің ешқайсысында жоқ екен. Бұл Қа­­­­зақстан үшін, Қазақ елінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қаншама ұлт өкілдері үшін ең қуанышты, бақытты сәт болды. Сөйтіп, Қазақстан Президентінің «Қазақ­­­­стан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этнос­­­аралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жа­нын­­дағы кеңесші орган болды. Қазір ойласам, Елбасы бірінші болып Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған кезде оның Ассамблея екенін ешкім де білген жоқ. Тіпті, «Мұның бізге қажеті бар ма?» деген де сұрақ туындады. Бірақ Ел­­­­басы ұлт мәселесінің тым нәзік екенін сол кезде жете сезген екен. Ол елде, ең алды­­­мен, татулық болса, бәрі дұрыс болатынын түсінді. Бүгінде Қазақстанның Ассамблея құ­­­­рудағы тәжірибесін көптеген мемлекеттер қолданып отыр. Мәселен, 2003 жылы Ассамблеяның делегациясымен Мәскеуге барған кезімде сол тұстағы Ресей халық­­­тары ассамблеясы атқарушы комитетінің төрағасы, ұлты тува Ч.Ондар: «Біз өз ассамблеямызды Қазақстанның тәжірибе­­сіне сүйеніп құрдық», – деді. Еліміз ту­ралы осындай жылы сөз естігенімде, төбем көкке жеткендей болып, қуанғаным бар. Ал Астанада өткен «БАҚ этнос­­­ара­­­лық төзімділікті нығайту жолында” халық­­­­аралық семинарына келген Ресей Феде­­­­рациясы халықтары ассамблеясының төр­­­ағасы Рамазан Әбдулатипов мырза да: «Біз Ресей халықтары ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған болатын­быз. Біз одан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйткені, сіздердің ассамблеяларыңызды Президенттің өзі басқарады. Сондықтан сіздерде барлық жағынан мүмкіндік жоғары», – дегенді айтып еді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы тура­­лы» Заң осыдан төрт жыл бұрын қабыл­данып, нәтижесінде, Парламент қабырға­сына Ассамблеядан 9 депутатқа мандат берілген болатын. Аталған заңнамалық құ­­­жат елдің әрбір азаматына халық үшін аян­­­бай қызмет етумен қатар, осы елдің пат­рио­ты болуға шақырып, нақты іс-қи­­­мыл ба­ғыт­­­тарын ұсынды. Мемлекеттік жә­не өзге ұлт тілдерін, салт-дәстүр, мәде­­­ниет­­­­­­ті өр­кен­де­туге толықтай мүмкіндік қарасты­рыл­ған. Ассамблея туралы заңна­­­ма­лық құ­жаттың жобасын әзірлеуге Парламент Мә­­жі­лісіне Ассамблея атынан сай­­­ланған депутаттар, еліміздегі барлық этно­­­­мәдени бір­лестік өкілдері, қоғамдық ұй­­­ым­­­­дар белсене қаты­­­­сып, ауқым­ды жұмыстар атқарды. Ассамблеяның, әсіресе, ұлт­ара­лық қатынасты нығайта түсуге көп еңбек сіңіргенін атап өту керек. Ассамблеяның негізгі міндеті – еліміздегі этностар мен диаспоралардың бірлігін сақтау. Екіншіден, мемлекеттің күнде­­­лік­ті жүргізіп отырған саяса­ты, әсіресе, мемлекеттік тілді үй­рену жайы Ассамблеяның тікелей қадағалауында. Мұнда өтетін басқо­сул­арда тек мақтап-мадақтап, сөйлеп кету ғана емес, кең пікірталас болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы құ­­рыл­­ғаннан кейін әрбір ұлттың өз мә­дени бірлестіктері ашыла бастады. Тек егемендік алғаннан кейін ғана әр ұлт өз тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін меңгеруге бет бұрды. Этнос­тардың өз жәдігерлерімен қауышуына Ассам­блея­ның қолдауы мен көмегі толық­қан­ды мүмкіндік туғызды. Бұған, әлбетте, әу баста Елбасының жанынан кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА-ның уақыт өте келе конституциялық орган дәре­же­сін алғаны септігін тигізді. Демек, Ассам­блеяның негізгі бағы­ты – мәдени-ағар­ту­шылық – тілдер мен ұлттық мәде­ни­ет­­терді, салт-дәстүр­лер­ді қайта жаңғыр­­­ту және насихаттау; тәрбиелік – қа­зақ­­­­стандық және ұлттық отансүйгіш­тікті қалыптастыру; этнос­аралық қаты­нас­­­тар­­­­ды қадағалау негізінде ұлтаралық тату­­­лық пен келісімді нығайту; Қазақ­стан­ды мекен еткен эт­нос­тар өкілдері арасында достық қа­рым-қатынастардың дамуына негіз бо­ла­тын мемлекеттік саясат жүр­гізу жө­нінде ұсыныстар дайындау. Ассамблеяның мұрындық болуы­мен Қазақстанның әр аймағынан тіл үйрететін 300-дей жексенбілік мектеп ашылды. Әр ұлт өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай, өз ана тілін де құрмет тұтқаны дұрыс. Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі қазақ тілінен тегін курс оқытуды бастады. Біздің газетте “Ұйғыр балалары, ұйғыр мектебіне ба­рыңыздар!” деген сарында материалдар көп жарияланып тұрады. Бұл тұр­ғыда республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі Ассамблеяның алдына мына­дай ұсыныс қойды. Атап айтқанда, ұйғыр мектептерінде қазақ тілін үйрету дәрежесін тура қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқытатын деңгейге жеткізу керек деген. Білім және ғылым министрлігі мұны құптап-қолдап, қазіргі таңда ұйғыр білім ұялары қазақ тілін бұрынғыдан гөрі тереңдетіп оқытып жатыр. Біз ұйғыр балаларына: «Егер сен ұйғырша білетін болсаң, қазақ тілін де үйрену қиынға соқпайды», дегенді ұғ­ын­­­дыруымыз керек. Себебі, екі тіл де бір-біріне өте жақын түркі тілдес тіл. Бірақ ұйғырдың арасында қазақ тілін білу, білмеу деген мәселе жоқ. Қазақ, ұйғыр мектебінде оқыған жастар қазақ тілінде таза сөйлейді. Ауылда тұратын ұйғырлардың кейбірі қазақ тілін қазақ­тардан жақсы біледі. Ал ұйғырша білмейтін ұйғырлар қазақ тілін де білмейді. Сол себептен де республикалық этно­мә­дени бірлестік біздің редакциямен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. ҚХА Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностың мәдениетін, тілін да­мытуға қолайлы жағдай жасау бағы­тын­да Қазақстан халқының фестивальдерін, тілдер фестивальдерін, басқа эт­ностардың мемлекеттік тіл мен ана тілін білу дәрежесін анықтайтын байқау­ла­рын, тіл саясаты мәселелері бойын­ша халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар, т.б. өткізіп келеді. Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін республикалық, аймақтық, қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Мәселен, ұйғыр ұлтының республикалық орта­­лы­­­ғы, Астана, Алматы қалалық мәдени орталығы жұмыс істейді. Одан өзге 12 облыста, сондай-ақ ұйғырлар тығыз ор­наласқан аудандарда да осындай орта­лықтар бар. Олардың жанында ақса­қал­дар кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар кеңесі, жігітбасылар кеңесі жұмыс істейді. Мәселен, жігітбасыны бір көше­­­­де тұратын тұрғындардың басшысы десе болғандай. Бұл лауазымды мәртебе емес, бірақ жауапты жұмыс. Яғни, кө­­ше­­­дегі бір тұрғынның үйінде адам қай­тыс болса немесе аяқ астынан басқа бір жағдай болып қалса, жігітбасы тез арада ұйымдастырып, көрші-қолаңдардан ақша жинап, жәрдем көрсетеді.

Юлдаш АЗАМАТОВ, республикалық қоғамдық-саяси  “Уйғур авази” газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.