• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Азаттық таңына арналды

252 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін та­рих­тың әр тұсында осы елді, осы жерді қор­ғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз» деген еді. Шынында, тәуелсіздігін атап өтіп жатқан ел азаматтары осы күнді көру үшін небір жанкешті күрестерге барған баба­лар­дың, оларға тірек болған аналардың алдында қа­рыз екені рас. Осындай мәртебелі күні елордада қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйыт­­­қы болуымен «Жаса мәңгі, Қазақстан!» атты әдеби-музыкалық кеш Конгресс-Холл сарай­ында өтті. Алғашқы сөзді Парламент Сенатының депу­таты Әділ Ахметов алып, ұлттық мерекені ұлық­тап жатқан зал толы жұртты құттықтап, Пре­зи­денттің сындарлы ішкі, көп векторлы сыртқы саясаты туралы ой тербеп, 20 жыл ішіндегі та­бысымызға жан-жақты тоқталып, Ұлыбритания саясаткерінің соңғы он жыл ішінде Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамыған үш елдің бірі деп бағалағанын алға тартты. Елдік – бірлікте, ырыс – ынтымақта екенін, қазақ үшін мұңды шақ, шерлі кезең артта қалғанын да атап өтті. Бұдан кейін Д.Мұқанов Біржан салдың «Айтбай» әнін әуелетсе, Қ.Ахметов «Туған елім» әнін шыр­қады. Жыраулық дәстүрдің үзілмей келе жат­қан үлгісін А.Елшібаева «Наурызбектің термесі» арқылы дәйектеді. Ал белгілі әнші М.Арапбаева К,Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» деген әнін келістіре айтты. Бір сәт сахна төріне данышпан Абай, ой­шыл Шәкәрім, отаншыл Ғұмар Қараш шығып, санаңа сәуле түсірер сөздерді төгіп-төгіп жібергенде ұлтымыздың ұлы да ұлық екеніне көз жеткендей болды. Кеңестік саясат ойыңды шырмап, басыңды құрсаулап тұрғанның өзін­де ұлттың тілі, рухы деп жар салған Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шона Сма­ханұлы сияқты алыптардың да аты аталып, Шоң Шөкең мен Әбиірбек Тінәлиевтің «Анам­ның тілі» әні орындалғанда өн бойыңдағы қа­зақ­тың асыл қасиеттері қырандай түлегені анық. Сол секілді М.Мақатаевтың сөзіне жаз­ған Т.Рахимовтың «Қазағым-ай!» әні де әсерлі естілді. Сондай-ақ ақын А.Асылбеков пен композитор Ә.Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» атты әні де жұрт көңілін бір серпілтіп өтті. Қазақтың осы заманғы хас батыры, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сахнаға шыққанда көрермен жұрт оған өзінің ерекше ілтипатын көрсетті. Сарай ішінің тең жартысынан көбін алып отырған жігерлі ұл мен қайратты қыз өздеріне үлгі тұтқанынан болар, дуылдата қол соғып жатты. Ғарышкер оларға  намыс бар жерде бәрін жеңуге болатынын айта келіп, біз бақытты адамдармыз. Тәуелсіздікті көріп, жемісін жеп отырмыз. Елдіктің туы қолымызда берік тұр. Осы күнге жеткенге дейін қаншама алдыңғы толқын азап шекті. Соларды құрмет­теп жатқанымыз, бұл – қазақтың ұлылығын көрсетеді. Қазақстан 20 жыл ішінде алға өрлеп келеді. Үлкен елде, үлкен жерде байлықты кө­бейтетін, жас ұрпақ сендерсіңдер! Қазақтың мәң­гілігі де сендердің қолдарыңда, деді. Ба­тыр аға құрметіне ақын әрі сазгер Ерғожа Ті­леп­бердиевтің «Асыл аға» әнін Н.Тұрлыбеков, Н.Балапанов, Г.Мырзабекова, М.Хайролда, Д.Ілияшевтер асқақ рухпен орындады. Кештің ажарын кіргізген Ұлықбек Есдәу­леттің «Қазақ тілі», Серік Ақсұңқарұлының «Азаттық», Серік Тұрғынбекұлының «Жаса­сын, қазақ, жасасын!» өлеңдерін Қ.Қуа­ныш­ба­ев ат­ын­дағы қазақ драма театрының әртістері ор­ын­даса, қазақ өлеңінің ақиығы Фариза Оң­ғар­сы­нова елдігіміздің ерекше қырларын ай­тып, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің жас дарын Әйгерім Ибадуллаға алғыс хатын тапсырды. Алаш баласының рухын асырған тәуел­сіз­дікке арналған кеш Жанат Шыбықбайдың ор­ындауындағы жыр жампозы Қадыр Мырза Әлі мен белгілі композитор Ескендір Хасанға­лиев­тің «Атамекен» әнін бүкіл жұрт қосылып айтып, ерекше көңіл-күймен тарады. Сүлеймен МӘМЕТ.