• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Қазақстан 10 пайыз үлес алды

369 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қазақстан Үкіметі мен Karachaganak Petroleum Operating консорциумы арасындағы проблемалық мәселелерді үйлестіру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісім-шарт бойынша Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы үлесі 10 пайызды құрайтын болды. Қарашығанақ мұнай кон­ден­са­ты кеніші әлемдегі ірі кен көз­дерінің бірі болып табылады. Он­дағы сұйық көмірсутегінің қоры (мұнай мен конденсат) 1,2 млрд. тоннадан астам газ қоры 1,35 трлн. текше метрді құрайды. Жо­бадағы Бритиш-Газдың үлесі 32,5 пайыз, Аджип үлесі 32,5 пайыз, Шеврон 20 пайыз, сондай-ақ Лукойлдың үлесі 15 пайыз дең­гейінде. Қазақстан Үкіметі Қара­шы­ғанақ жобасындағы аталмыш мердігер компаниялармен 2009-2011 жылдар аралығында бірқа­тар даулы мәселелер бойынша ұзақ келіссөздер жүргізген бо­ла­тын. 3 жылға созылған талас-тартыс нәтижесінде Қазақстан 10 пайыздық үлеске қол жеткізді. Мұның сыртында 100 млн. доллар салықтық наразылықтар төле­не­тін болды. Бұл маңызды құжатқа Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, «БиДжи груп» ком­па­ниясының атқарушы вице-президенті Эшли Алланзе, «Эни» ком­па­ниясының бас операциялық ди­ректоры Клаудио Дескальци, сондай-ақ ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев, «Лукойл» ком­па­ния­сының вице-президенті Андрей Кузяев, «Шеврон» ком­па­ния­сының басқарушы ди­ректоры Скотт Дэвис қол қойды. Құжат бойынша консорциум бұдан бұ­рынғы келіспеушіліктерді реттеу мақсатында Қа­рашығанақ жоба­сын­дағы 5 пайыз үлесін Қазақ­стан пай­да­сына беруге, сондай-ақ нарық­тық баға бойынша қо­сым­ша тағы 5 пайыз үлесті сатуға келісті. Осылайша Қазақстанның жобаға қатысу үлесі 10 пайызға дейін жеткізілді. Қол қою рәсімінен соң Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев журналистерге арнайы бас­па­сөз мәслихатын өткізді. Егер Қазақстан Республикасы мүддесі тұрғысынан алатын болсақ, 5 пай­ыз үлесті мемлекеттік орган­дар­дың наразылығын реттеуге алмастыратын болдық. Қалған 5 пайызын рыноктық бағамен еш салықсыз 1 млрд. долларға сатып алатын боламыз. Нәтижесінде, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 10 пай­ыз­дық үлеспен жобаның қаты­су­шысына айналып отыр. «Қаз­МұнайГаз» АҚ осы 5 пайызды сатып алу үшін консорциумнан заем алады. Сонымен қатар, бұған дейін бізде кедендік баж салығы бойынша келіспеушіліктер туын­даған болатын. Консорциум осы кедендік төлемдерді төлемейтін болды. Бұл мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға қаржы түсі­мі­нің төмендейтіндігін білдірмейді. Қолданыстағы келісімде әділдік индексі деген бар. Осы индекс арқылы аталмыш төлемдер пайда түсіретін мұнайды арттыру арқы­лы өтелетін болады, деді Сауат Мыңбаев. Консорциум «Қаз­Мұнай­Газ» АҚ-қа 3+3 жыл шар­тымен 1 млрд. доллар заем беретін болды. ҚМГ осы заемды жо­бадағы 10 пайыздық үлестен тү­се­тін қаржы есебінен және қыз­мет көрсету арқылы өтейтін бо­лады. Сонымен қатар, Қазақстан жобаға қатысушы ретінде кіре отырып, Каспий құбыр желісі консорциумына жылына 0,5 млн. тонна көлемінде қосымша квота бөлуге келісті. Болашақта бұл квота жылына 2 млн. тоннаға дейін артпақ, деді министр. Ал Қаржы министрі Болат Жә­мішев Қарашығанақ жобасы бой­ынша 500 млн. АҚШ дол­ла­ры­нан астам салықтық наразы­лық­тардың 100 миллион дол­ла­ры­на жуығы төленетіндігін жет­кізді. Қаржы министрі қол қой­ыл­ған келісім-шартқа бай­ланыс­ты Қазақстанның ұтымды жағ­дай­да екендігін атап өтті. Венера ТҮГЕЛБАЙ.