• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Байқоңырдың ертеңін бүгіннен ойлайық

295 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен  Л.Г.Полторабатько Сенат депутаты болып тағайындалуына байланысты  оны Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Күн тәртібінде  «Индустрия­лық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және оған ілеспе заң жобаларын депутаттарға Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орын­ба­сары Альберт Рау таныстырды. Одан белгілі болғандай, Үкімет, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың ин­дустриялық-инновациялық қызмет саласындағы құзыретін регламенттейтін нормалар нақтыланып отыр. Депутаттар сөзжарыс барысында мемлекеттік қолдау жекелеген кә­сіпорындарға емес, инновациялық жобаларға жасалғаны жөн екендігін баса айтты.  Біраз талқылаудан кейін заң жобасы қолдау тапса, ілес­пе заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. «Ғарыш  қызметі  туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша баяндаманы Ұлттық ғарыш агент­тігінің төрағасы Талғат Мұсабаев жасады. Заң жобасымен ғарыш қыз­меті саласындағы қызметті лицензиялау, ғылыми-зерттеулер жүр­гізу, ғарыш жүйелері мен ғарыш  зымыран кешендерін жасау және пайдалану көзделеді. Қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін жауап­ты­лық, ғарыш қызметі үшін жер санаттарын белгілеу, ғарышкерлер мен олардың отбасын тұрғын үй­мен қамтамасыз ету және өзге де көптеген нормалар заңдық құжатта көрініс тапқан. Сондай-ақ Т.Мұсабаев депутат­тар­дың көптеген сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Ресеймен бірлескен кәсіпорын негізінде «Бәй­терек» зымыран ғарыш айлағын салу жұмыстары жалғасуда екен. Қазіргі таңда 200-ге тарта қазақ­стандық маманның осы бағытта тер төгіп жүргені де белгілі болды. Сонымен қатар, 771 тонналық «Ан­гара» зымыранын жасау да қолға алынған. Сенатор Ғани Қасымовтың сұрағына орай жауабында агенттік төрағасы «Протон» зымыран ұшыр­ғышын ұшыруға тыйым салу әзірге мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей осы зымыран ұшырғыш тү­рін жылына 15 рет ұшырады екен. Зымыранды жетілдіру нәтижесінде оның   жерге құлауынан бұрын 10 тонна гептил жерге төгілсе, қазір оның мөлшері 1,5 тоннаны ғана құ­райтыны атап өтілді. Бұдан басқа, «Байқоңыр» ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алып отырған Ресей жылына 300 миллион доллар төлейді. Депутаттар сондай-ақ «Қазақ­стан Респуликасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қа­былдады. Қолданыстағы заң­дар­ға  зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толық­ты­руларды көздейтін заңдық құжат та  қолдау тапты. Отырыста, со­нымен қатар, қаржыландыру ту­ралы негіздемелік келісім (ҚАЗ: ОАӨЭЫ 2 көлік дәлізі (Маңғыстау облы­сы­ның учаскелері) инвес­ти­циялық бағдарламасы) ратифи­кацияланды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.