• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2018

Думан АНАШ. Шоғырлана түскен шаһар

391 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «2018 жыл –елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз» деді. Әлбетте, кез келген қаланың халықтың алғашқы қоныстануына, іргесінің қалануына және қалыптасып дамуына байланысты тамырлы тарихы болады. Астананың көне көмбедегі жәдігерлерімен хатталған түп-тамыры Бозоқ, Қараөткел секілді мәдени ошақтардан басталатыны, бергі бекініс болған кезеңінде Хан Кененің атой салғаны, ХХ ғасырда одақтық тың игерушілердің кіндік қаласы атанғаны белгілі. Кеңестік Целиноград, кейінгі қазақстандық Ақмола қаласына астана мәртебесі мен атауының бірге беріліп, тәуелсіз ел тұсында тұғырлы елордаға айналуы шын мәнінде осыған дейін облыс орталығы қызметін атқарып келген шағын шаһарға ендігіде еліміздің түкпір-түкпірінен, шет мемлекеттерден келген тұрғындардың шоғырлануына, олардың жаңа қонысқа орнығуына жол ашты.

Егер елорда болып еншісін бөлек алып шыққан 20 жыл бұрынғы уақытқа көз салсақ, 1998 жылы қаланың жалпы аумағы 300 шаршы ша­қырымды ғана құраған екен. Бүгінде үш есеге жуық өскен қаланың жалпы ауданы 799 шаршы шақырымнан асты. Сәйкесінше халқының саны да 3,4 есеге ұлғайды. Қазақстан Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен жаңа астана болып хабарланған күннен бастап халық саны 730 072 адамға өсті. Яғни, 1998 жылдың басында 300 505 адам ғана тұратын елорда халқы жиыр­ма жыл ішінде 2018 жылдың басындағы көрсеткішке сай 1 032 475 адамға дейін көбейді. Әкім­шілік бөлініс бойынша айтар­лықтай өсім қаладағы Алматы ауданына тиесілі, бұл аудан бойынша халық саны – 379,2 мың болса, Сарыарқа ауданында – 317,8 мың, ал Есіл ауданында 183,9 мың адам тұрады. Сондай-ақ биыл 27 ақпанда құрылған Байқоңыр ауданында 211 мың тұрғын бар.

Осыдан екі жыл бұрын Саида есімді сәбидің Аста­наның миллионыншы тұрғыны болып дүниеге келгені белгілі. Қаладағы №1 перинаталдық орталықта өмір есігін ашқан сәби қаланың қарапайым тұрғындары, Астана РЭК электр жөндеушісі Олжас Мұхамедияр мен №9 бала­бақшаның тәрбиешісі Арай­лым Мұхамедиярдың тұң­ғышы. Мегаполиске айналған елорданың миллионыншы тұрғынын Елбасының өзі құттықтап, шаһар бас­шысының жас отбасыға пәтер кілтін табыс еткені есте. Мил­лионыншы тұрғынның анасы Арайлыммен сөйлескенімізде, ол құлыншағының өсіп келе жатқанын, күзде өзі еңбек ететін балабақшаға беруді отағасымен бірге жоспарлап отырғанын жеткізді. Қостанайдың тумасы Олжас пен Павлодарда туып-өс­кен Арайлымның елорда тұрғыны атанғандарына он жылдан астам уақыт өткен екен. Қос жастың Астана тө­рінде шаңырақ көтерген соң шаттықтары да еселене түсті. Арайлым қала әкімі Ә.Исекешев К.Байсейітова атындағы көшеден сыйлаған пәтер өздеріне құтты қоныс болғанын айтып, елорданың бақытты отбасылары көбейе беруіне, шаһардың көркейе беруіне тілектестігін білдірді.

Адам капиталы алға шық­­қан уақытта халықтың өсі­мімен бірге сапалылығы да маңызға ие. Мәселен, әр аста­наның немесе қалалардың өздеріне тән ерекшелігі бо­­ла­тыны жасырын емес. Бұл жағдай сырттан келген мейманға бірден сезіліп тұ­рады. Айталық, Нью-Йорк, Париж, Токио, Бейжің сияқты ірі қалалар тұрғындарының мәдениетінде де өзіндік өрнек, мәнер, болмыс ерекшелігі бай­қалады. Бұл ретте астана­лықтардың да қатаң табиғи ортаға қарамастан меймандос, қонақжай қасиеті қалыптасып үлгерді деуге болады. Өйткені Астана – бүгінде іскерлік пен қайнаған еңбектің де ордасы. Астана қалалық статистика департаментінің басшысы Құндысбек Әбдірәсіловтің айтуынша, жыл басындағы көрсеткішке сәйкес, қала­да еңбекке қабілетті тұрғындар­дың үлесі басым. Олардың жал­пы есебі 652 339 адамды құрайды. Бұл қала халқы­ның 63,3 процентіне тең. Сондай-ақ елорда жастар ша­­һарына айналды. Бүгінде тұрғындардың орташа жасы 29,6 жасты құрайтынын ескерсек, нағыз еңбек қазанында қайнайтын тұрғындардың белсенділігі мен әлеуетін тани түсеміз. Ал қала халқының бір шаршы шақырымға орналасу тығыздығы 1289,8 адамды құрап отыр.

Бүгінде бағаналы ордадағы ұлт пен ұлыстар арасындағы басымдық мемлекет құраушы ұлтқа тиесілі. Қазір қалада қазақ ұлтының үлесі 805 718 адамға жетті (78,2%). Ал орыстар – 138 175 (13,4%), украиндар – 14 176 адам (1,4%), татарлар – 11 624 адам (1,1%), өзбектер – 10 642 адам (1,0%), немістер – 9 243 адам (0,9%). Жалпы халықтың табиғи қозғалысы бойынша қарасақ, 20 жылда Астанада 281 069 бала дүниеге келді. Бұл республика өңірлері арасындағы тоғызыншы көрсеткіш. Елордада 4,5 мыңдай «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналар тұрады. Сондай-ақ бұл жылдары 124 900 неке тіркелді. Осылайша, 1998 жылғы тіркелген некенің санынан 6,4 есеге артып отыр (1 794 неке). Халықтың көші-қоны бойынша 1998-2017 жылдары аралығында елор­даға 1 010 967 адам ке­ліп, 480 665 адам кеткен, ал көші-қонның өсімі 530 302 адамды құрады. Мектеп саны 57-ге көбейіп, барлығы 105 орта білім беру ошағы жұмыс істейді. Қалада дарынды балаларға арналған үш мектеп – физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі және Астана халықаралық мектебі зияткер ұрпақтың жаңа буынын тәрбиелеуде.

Мемлекет басшысының болжамынша, 2050 жылға дейін Астанада 2 миллион халық тұруы тиіс. Демог­рафтар мен қала билігі бұл мақсатқа жетуге негіз бар екенін айтады. Ең бастысы, қала аумағымен бірге жұмыс орындары да, экологиялық тазалық шаралары да арта түсуі, халыққа қолайлы орта қалыптасуы қажет. Осыған орай қала инфрақұрылымымен бірге ақылды ұлт тұратын ақылды қала құрудың да маңызы зор. Бұл бағытта қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, жасыл энергия, көлік хабы және инновацияны дамыту Астананың Орталық Азия аймағындағы өзіндік төл стра­тегиясына айналмақ. Мұ­ның бәрі алдағы уақытта да шаһарда адамға қажетті игіліктердің шоғырлануы арта түсетінін байқатады.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»