• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2011

«Саясаттың бір тілі – дәнекерлік»

294 рет
көрсетілді

Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВПЕН әңгіме – Құрметті елші мырза, біз – Ресеймен іргелес, ежелден көрші, аралас-құралас жатқан, тарихымыз да, тағдырымыз да ортақ елміз. Кеден одағында болуымыз, Біртұтас экономи­ка­лық кеңістікке кіруіміз, сол сияқты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік жылдарының елең-алаңында көрегендікпен негізін қалаған Еуразиялық одаққа бірігудің Ресей тарапынан қолға алынып жатқан бүгінгі қадамдары бұған айқын дәлел бола алады. Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы қазір қай кездегіден де биік өрістеп, жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекетаралық осы игі қарым-қатынастардың жай-күйі, даму барысы туралы баяндап берсеңіз. – Қазақстан Республикасы мен Ресей Феде­рациясы арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі ахуалын «барлық салада оң үрдіспен серпінді даму үстінде» деп бағалап, осылай сипаттауға болады. Жалпы, жан-жақты қатынастарымыздың қалыпта­сып, дамуында екі құжаттың айрықша маңызы бар, олар – Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт, сондай-ақ ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларация. Бұл тарихи құжаттарда әр елдің егемендігін өзара құрметтеудің, тең құқылықтың, тату көр­шіліктің, екі жаққа да тиімді ынтымақтас­тықтың негізі қаланған. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті Д.А.Медведевтің биік дең­гейдегі кездесулері мен келіссөздері келелі тыныс ашып, кең өріс беріп отыр. Соның нәтижесінде барлық сала бойынша қол жеткен уағдаластық­тарды абыроймен іске асыруға толық мүмкіндік туды, өзара байла­ныстарымыз барынша жетіліп, тереңдей түсті. Мыса­лы, 2010 жылы ғана Қазақ­стан мен Ресей Президенттері 11 мәрте кездесті. Әлбетте бұл кездесулерде ең алдымен екі жақты ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары кеңінен талқылана­тыны сөзсіз. Ел басшыларының таяуда ғана өткен кездесуі барысында Біртұтас экономикалық кеңістіктің 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауына негіз қалайтын іргелі құжаттарға қол қойылды, Еуразиялық эконо­микалық комиссия құрылды. Бұл – Кеден одағын­дағы үш мемлекет интеграцияның неғұрлым жаңа сатысына көтерілді деген сөз. Негізгі жұмыстар Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жос­пары аясында атқарылады. Бұдан басқа, өңірлер арасында әртүрлі салалардағы ынтымақ­тастық бо­йынша екі жүзден астам келісімдерге қол қойыл­ған. Көрші елдердің өзара береке-бірлігінің өзекті мәселелері үкіметтер деңгейінде де оңтайлы шешімін табуда. Ұзақ мерзімдік бағдарламаларды орын­дау, экономикалық ынты­мақ­тастықты дамыту, шекара бойындағы байла­ныс­тарды жетілдіру, бірлескен мәдени-гумани­тарлық жобаларды жүзеге асы­ру бұған елеулі ықпал етуде. Сауда-эконо­микалық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері бірлескен Үкімет­аралық комиссия шеңберінде, сондай-ақ әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс істейтін комиссияларда жүйелі талқыланып тұрады. Біздің эконо­микалық ынтымақтастығымыз ұлттық экономи­калар мен экспорттың шикізаттық бағытын бірлесіп еңсе­руге, экономикалық дамуды инновациялық жолға көшіруді қамтамасыз етуге бағдар ұстай отырып, принципті жаңа биікке шықты дей аламыз. – Қазір мәдени-гуманитарлық байланыс­тардың ұтымды дамып, жан-жақты жетіле түс­кені анық байқалуда. Осының аясында соңғы жылдары елшілік Қазақстанның, қазақ хал­қының тарихына қатысты елеулі мәдени жо­баларды жүзеге асырғаны мәлім... – «Бәрі өтеді, бәрі өзгереді» десек те, халық тарихының уақыттың өзі ұмыттырмайтын кезең­дері болатыны белгілі ғой. Соның бірі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы дер едім. Соғыс­тың аяқталғанына 66 жыл болды, бірақ әлі күнге дейін сол қаһарлы жылдарда қаза тапқан қаһар­мандар есімі толық белгілі емес. Хабарсыз кеткен, сүйегі қайда жатқаны белгісіз жауынгерлер жетіп арты­лады. Бұрынғы майдан далаларын аралап, іздеу жұмыстарын жүргізетін ресейлік отрядтар жыл сайын соғыстың белгісіз солдаттарының сүйегін табады. Үстіміздегі жылы іздеушілер тапқан 1054 кеңес солдаттары мен офицерлерінің сүйегін Тверьдің мемориалдық кешенінде салта­нат­ты жерлеу рәсіміне өзім де қатыстым. Бұлардың арасында өз отандастарымыз, қазақтар да аз кездеспейді. Біз Тверь облысының Ржев қаласында қазақстандық 100 және 101-дербес атқыштар бригадаларының жауынгерлері құрметі­не ескерткіш орнату идеясын көтергенде, кейін оны ақтөбеліктердің қаржылай көмегімен жүзеге асырғанда ең алдымен жерлес­теріміздің ерлігін басқа жұртқа паш ету мақсатын көздедік. Оның үстіне екі бригада қатысқан қантөгісті шайқас сыры 2007 жылдан кейін ғана біртіндеп ашылды, жалпы нақ осы майдандағы соғыс барысының деректері 2017 жылға дейін жабық деп есептеледі. Оның үстіне жауынгерлер­дің толық тізімі не Қазақстанда, не Ресейде сақтал­ма­ған екен. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, біз ең алды­мен ескерткіш орнату жөніндегі келісімге қол жеткіздік. Одан кейін Елшілік дипломаттары Ресей Қорғаныс министр­лігінің Подольскідегі мұраға­тын­да бірнеше ай шұқшиып отырып, қос бригада жауынгерлерінің аты-жөнін жауынгерлік журналдардан, әртүрлі анықтамалардан, сол кездің басқа да құжаттарынан мысқалдап жинады. Нәтиже­сінде он мың жауын­гердің есімі анықталды, оларды Ржевтегі ескерткіш қабырғасына жаздық, бұлардың 8600-ден астамы өз қандастарымыз. Сөйтіп, осы арқылы ұлы соғыс­та ұлттың атын шығарған қаһарман аға-аталардың есімін мәңгілік есте қалдырдық, ұрпақтары тағзым етіп келетін қасиетті орынға айналдырдық. – Жергілікті биліктің ескерткішке қазақ­стандық он мың адамның аты-жөнін жазуға көп уақытқа дейін келісім бермей келгені белгілі. Мұның жолын қалай таптыңыз? – Ескерткішке қазақстандық жауынгерлердің тегін түгел жазамыз дегенде, көршілеріміз әуелі кібіртіктеп қалды, бірден кесіп айтпаса да, іштей бұған қарсы екендіктерін сездім. Бара-бара адам аттарын жазудың мүлде қажеті жоқ деп шықты. Өйткені, Ржевтегі осы тектес басқа ескерткіштерде жауын­герлердің аты-жөні жоқ деуге болады. Ресейлік әріптестер соны алға тартып, көп уақытқа дейін «ескерткіш орнатумен ғана шектелейік» деген пікірден таймады. Әрине, мұның белгілі-белгісіз себептері бар екенін сездім. Өзіңіз ойлаңыз, соғыс жылдары Ржев шебінде 1 миллион 350 мың­нан астам адам қаза тапқан деп есептеледі, қаладағы кешенді ескерткіштердің бәрі де ортақ мазмұнға сай салынған. Ал сол кезде қазақстандықтардың ескерткішінде Ржев үшін қан төккен қаһармандардың аты-жөні жарқырап тұрады... Әріптестеріміздің ойында не тұрғанын түсіндім, соған қарамастан, қайта-қайта барып, кездесіп, үздіксіз келіссөз жүргізу нәтиже­сінде қалай да ескерткішке он мың жауынгердің тегін жазу қажеттігіне көндірдім, көздерін жеткіздім. Қа­зақ­стандықтар тұрғызған ескерткіш қазір басқа­лар­мен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды, әлде­қайда еңселі көрінеді. Оның мазмұнын ашып тұрған ең басты артықшылық – жауынгерлердің аты-жөні­нің жазыл­ғаны. Ескерткіш тақтасына біз қаза тапқан жауынгер­лерді ғана емес, осы бригадалар сапында соғысқан, көзі тірі, бүгінде алды тоқсанға келген ақсақал-қаҺармандарымыздың есімін де қоса жаз­дық. Ескерт­кіштің ашылу рәсіміне орай ұйымдас­тырылған «Жеңіс пойызымен» Ржевке келген атақты бригада­лардың тірі жүрген санаулы солдаттарының тас тақтадан өз аты-жөндерін көргендегі толғаныс­тарын тілмен айту жеткізу тіпті мүмкін емес... Жалпы, бұл жобаны халқымыздың ерлік тарихын есте қалдыру жолында атқарылған маңызды іс болды деп санай­мын. Көп ұзамай біздің ұсынысымызға сәйкес Ржев қаласының бір мектебі қазақстандық бригада­лар­дың атымен аталды. Жерлестеріміздің соғыс жылдарында Ржев-Тверь-Вязьма майданында көрсет­кен өшпес ерлігін есте қалдыру үшін осы шепте шайқасқан басқа да қазақстандық алты дивизия жауынгерлеріне байланысты Ржев-Вязьма мұра­жайын ұйымдастыруға қатысты пысықталып жатқан жобаларымыз бар. Елшіліктің жүйелі, табанды жүргізген нәтижелі жұмыстарының арқасында былтыр Мәскеудің № 229 орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Баукең – бүкіл хал­қымыз батырым деп таныған қайталанбас тұлға. Оның атын алғаш шығарған Мәскеу түбіндегі шай­қастар. Сондықтан өзі жан аямай соғысып, қан төгіп қорғаған Мәскеудей қалада Бауыржандай батырды мәңгілік есте қалдыратын бір белгінің болуы керек еді. Мұны бүкіл халқымыз күтіп жүрген. Біз Елбасымыздың тапсырмасымен халықтың сол тілегін жүзеге асыруға дәнекер болдық... – Зауытбек Қауысбекұлы, сөзіңізді бөлейін, көпшілік біле бермейтін бір жәйт еске түсті, қа­зақтың «тіл – елшінің қылышы» деген мәйекті сөзінің мәнін ашатын сәттің орайы келіп қалды... Мәскеу мэриясында шаһарбасының қатысуымен Баукеңе мектеп атын беру туралы мәселе қара­лып жатқан күрделі сәтте Юрий Лужков: «Бұл кісіге осы уақытқа дейін неге атақ берілмеген?» деп сұраған еді. Сонда сіздің: «Бауыржан Момышұлы ақиқатты ту еткен, ешкімнен тайсалмайтын, бірбеткей, өз пікірін ешкімнің бет-жүзіне қарамай батыл айтатын нағыз батыр еді. Сіз сияқты әділетті адам болатын», деген сөздеріңіз белгілі бір шамада мәселенің тезірек, оңтайлы шешілуіне ықпал еткенін білетін едік. – Ол рас, жоғарыда айтқанымдай, Ресей аума­ғында қандай да бір ескерткіш белгілер орнатудың өзін­дік қиындығы бар, бұған биліктің де, басқа­лардың көзін жеткізу оңайға түсе қоймайды және ол тез шешілетін мәселе емес. Сондықтан мұндай ретте әсерлі деп саналатын, адамдарды иландыра алатын кез келген қолайлы әдісті, оңтайлы сәтті пай­да­лануға тура келеді. «Алматы» метросына байланыс­ты айтыл­ған әңгіме ше? Оған кейінірек тоқталар­мын. Бауыржан Момышұлы туралы әңгімемізді жалғас­тырсақ, осы ретте Елшіліктің қолдауымен жарық көрген «Леген­­дарный батыр» жинағының тұсаукесер рәсіміне жиналған ресейлік ардагерлер­­дің кейін Мәскеу әкімшілігіне біздің ұсынысымызды қолдап хат жазға­нын айтпай кетуге болмайды. Сол сияқты Баукеңе мектеп атын беру туралы мәселе Мәскеу мэриясында қаралған кезде батыр туралы шындықты айтуым белгілі бір жеңіске жеткізгендей болып еді. Бұл іс ойдағыдай шешілген соң, біз Жамбыл және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің қолдауымен және Мәскеу үкіметінен де қосымша қаржы бөлдіріп, Бауыржан мектебінің және Ә.Молдағұлова атындағы № 891 орта мектептің қазіргі заманғы оқу-техника­лық құрал-жаб­дықтармен жан-жақты жарақтандыры­луына, түбегей­лі жаңаруына басшылық жасадық. Бір жаздың ішінде екі мектепті бұрынғы күйінен адам танымастай етіп өзгерту оңай емес, сонда да, еліміз­дің атына лайық болу үшін барынша жауапкершілікпен атқардық. – Мектептерге байланысты сөзіңізде сіз «ата-аналардың көзқарасы» дегенді айтып қалдыңыз. Бұл шынымен шешуші фактордың бірі болып санала ма? – Ресейде кез келген объектіге, соның ішінде мектепке ат беру кезінде қоғамдық пікір, жалпы жұрт­шылықтың ойы жан-жақты зерттеледі және мұндайда ата-аналар пікірі шешуші дауысты болып саналмаса да, белгілі бір дәрежеде ескеріледі. Ал Баукең атындағы мектеп алдын ала белгілі болған соң, біз елімізді жұртшылыққа жақсырақ танысты­рып, тұр­ғын­дардың мектеп атына қатысты оң пікірін қалып­­тастыру үшін Зеленоград қаласында қазақ­стандық бірнеше өнер ұжымдарының концертін ұйымдастыр­дық, мектепте ата-аналарды жинап кездесу өткіздік. Осы кездесуде Қазақстан мен Ресейдің бүгінгі қарым-қатынасы, Бауыржан Момышұлының өмірі, ерлігі туралы кеңінен әңгімеледім. Жиналған ата-аналар, тұтастай деуге болады, мектепке Бауыр­жан Момыш­ұлының атын беру туралы ұсынысты толық қолдады. Бірақ, әлі есімнен кетпейді, кенет бір апа­мыз: «Мен немеремнің аттестатында белгісіз бір адамның атындағы мектепті бітірді деген жазу жазылғанын қаламаймын», деп айтып қалды. Кімнің аузына қақпақ боласың?!. Мұндай пікірлердің бола­тынын білгенмін. Айтқан сөзімізде тұра алмасақ, қарсылықтың тіпті көбейетінін сезгенмін. Сол себепті, жоғарыда айт­қанымдай, оқу жылы аяқталысымен бүкіл жаз бойы Баукеңнің мектебін түбегейлі жаңар­тып, жаңа оқу жылына ойдағыдай дайын еттік. Мектеп басшылығы маған: «Жан-жақтан басқа мектеп­тер­дің мұғалімдері, ата-аналар келіп, қарап, таң­қалып, қазақстандықтарға риза болып жатыр», деп хабарлады. Оқу жылы басталған күні салтанатты линейкаға қатысып, сөз сөйледім. Сол кезде баяғы қарсылық білдіріп, немересі туралы айтатын апайды сұрастырдым. «Ол кісі мектептің мынадай түрлен­генін көріп, бір кезде айтқан сөзінен ұялып, келмей қалды», деп мектеп директоры кешірім сұрады. «Бермегенді беріп ұялт» демеуші ме еді қазақ осындайда. – Елші мырза, ұлтымыздың талай арыста­рының өмір-ғұмыры Ресеймен байланысты бол­ды ғой, қатал замандар құдыретімен сүйегі осы елде қалған азаматтарымыз қаншама?! Осы ба­ғыт­­та жасалған жұмыстар жөнінде айта отырсаңыз. – Елбасымыздың тапсырмасымен, Қазақстан Үкіметінің қолдауымен өткен жылы Орынборда 1917-1920 жылдары Алашорда үкіметі отырыстар өткізген, бірінші және екінші жалпы қазақ съездері өткен үйге, сондай-ақ 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редак­циясы орналасқан, Ахмет Байтұрсы­нов тұрған үйге мемориалдық тақталар орнатылды. Орынбор жұртшылығы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов және басқа қайрат­кер тұлғалардың абзал бейнесі мен адал істері жө­нінде танымдық, тағылымдық, тәрбиелік әңгімеге қанықты. Осы салтанатты рәсімде мен орынборлық әріптес­терге Достық саябағын ашу жөнінде ұсыныс жаса­дым. Ондағы ойым – өмір жолы Ресеймен байла­­нысты болған қазақтардың, соның ішінде Алаш арыстарының, сондай-ақ Қазақстанға қатысы бар ресейлік белгілі тұлғалар ескерткіштерінің аллея­сын жасау еді. Болашақ халықаралық жоба Орынбор және Астана қалалары әкімдіктерінің оң қолдауына ие болды, қазір екі тарап та мұны жүзеге асырудың жолдарын пысықтауда. Тәрбиелік маңызы зор бұл бастама Қазақстан мен Ресейдің достық байланыс­тарының түп-тамыры қайда жатқанын өскелең ұрпақтың біліп өсуі үшін аса қажет деп ойлаймын. Үстіміздегі жылы Мәскеуде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Тұрарды кеңес зама­нын­да мемлекет басшылығында жауапты жұмыстар атқарған, Ленинмен, Сталинмен қатар жүрген жалғыз қазақ деу­ге болады. Соған қарамастан, ол да отызыншы жылдардағы сталиндік саяси қуғын-сүргінде жазық­сыз жазаға ұшырады. Мәскеуде Тұрар тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылуы екі елде де халықтың өз ұлына көрсеткен құрметі және Тұрар сынды арманда кеткен азаматтардың бәріне қойылған ескерткіш-белгі деп қабылданғаны содан болса керек. – «Ескерткіш тақта орнатылды» деп жай айтыла салғанымен, бұған қол жеткізгенше елшілік тарапынан көпшіліктің көзіне көріне бермейтін көлемді ұйымдастыру шаралары жүргі­зілгенінен жақсы хабардармыз. Бұл бағыт алда да жалғастырылатын болар деп ойлаймыз. – Әрине, жеке тұлғаларға жаппай ескерткіш ашу, мемориалдық тақта орнату, т.б. осы тектес шара­ларды іске асыру міндетті шарт бола қоймас, бірақ оларды ұмытпай, ұдайы ұрпақтар есіне салу, мүм­кіндікті ескере отырып, есте қалдыру шараларын қолға алу – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл орай­дағы ортақ мәселе – әрдайым елдік рухты көрсете білу, ұлттық қасиетіңді білдіру, сәті түсіп тұрған іске себепші болу. Бір мысал келтіре кетейін: үстіміздегі жылы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың асыл ұлда­рының бірі Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің 78 жыл бойы Мәскеудің Дон зиратында тұрған күлі Қазақ­станға жеткізілді. Зираттан күл салынған құтыны алудан бастап, оны ұшақ бортына шығарып салуға дейінгі барлық қажетті рәсімдік жұмыстарды ұйымдас­тыруға Елшілік дипломаттары бір кісідей атсалысты, марқұмның рухына арнап ас беруге жәрдемдесті, кейін ресейлік қазақтар арасында Смағұлдың өмірі мен қайрат­керлік тұлғасы жайында танымдық әңгімелер өт­кізіл­ді. Мұндай іс-шаралар Елшілік өмірінде үздіксіз жүріп жатады. Барлық жағдайда да біз халық тарихына қатысты әрбір мәселеге, әрбір дерекке құрметпен, ілтипатпен қараймыз және бұл бағыт­тағы кез келген игілікті іске тікелей атсалысамыз, қолдаймыз, көмек көрсетеміз, бастамашы боламыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді халқымыз тегін айтпаған. Соған сәйкес нақ осы бағытта жұртшылық болып, бәріміз бірлесіп атқа­­руға тиісті жұмыстар әлі де аз емес деп ойлаймын. – Елші мырза, бұдан бірер жыл бұрын астра­хандық ағайындармен әңгімелескен кезімізде олар: «Бөкей ханға зират тұрғызу көп жылдардан бергі арманымыз еді, бірақ соның реті келмей жүр...», деп қынжыла айтқаны есімізде. Ал биыл­ғы Бөкей хан зиратының салтанатты ашылу рәсімінде Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин сізді бірнеше мәрте «кесене құрылысының шын мәнінде прорабы болды» деп атап айтты. Өзара тығыз байланысты осы екі пікір елшіліктің бастамасымен таяуда жүзеге асырылған жаңа халықаралық жоба жайына тоқталып өтуіңізді сұранып тұрған тәрізді. – Қазір Ресейде 1 миллионға жуық отандас­тары­мыз тұрады, соның ішінде 160 мың қандас ағайын Астрахан облысын мекендейді. Қазақ саны жағынан Астрахан – Ресейде бірінші орында тұр және олар облыс халқының шамамен 15-16 пайызын құрайды. Елші болып тағайындалған соң бірінші іссапарымда осы отандастармен кездесуге бардым, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасына таяу жерде жатқан, Краснояр ауданының Кіші арал ауылындағы Сейіт бабаның, Бөкей ханның зиратына тәу еттім. Бірақ қазақтың Бөкейдей атақты ханының темір сырық­тармен қоршалған зиратының жалпы түрі көңілге қонбады, ол ханның атына да, атағына да лайық емес екен. Бөкей ордасының тарихын, Бөкей ханның, оның ұлы Жәңгірдің халқымыз үшін істеген еңбегін білетін адам мұны жақсы түсінсе керек. Сұрастырып көрсем, аталған мәселе жергілікті қазақ­тарды да, елдегі ағайынды да көптен толған­­­дырып жүр екен. Бөкей хандай ұлы бабамыздың басына көрнекті кесене тұрғызу идеясы солай туды. Атыраулық бір топ ұлтжанды, елжанды азамат­тар­дың Бөкей хан бейітін жаңадан тұрғызуға қар­жылай көмек көрсету ниеттері бар екенін әрі Елшілік қолға алғалы тұрған істің жергілікті халықтың тілек-мүддесіне де сай келетінін сәті түсіп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айттым, Елбасы­мыз біздің ұсынысымызды бірден қолдады. Сөйтіп, 2010 жылғы қыркүйекте Президентіміздің тапсырма­сымен Астрахан облысында іссапарда болып, облыс губернаторы Александр Жилкинмен кездестім. Кездесу барысында Бөкей ханға көрнекті кесене тұрғызу жөніндегі уағдаластыққа қол жетті, кейіннен облыс губернаторымен бірге құрылысты бастау рәсімін өткіздік. Кесене салынып жатқан кезде оның әртүрлі ұйымдастыру жұмыстарына байланысты Астраханға тағы да оншақты рет жол түсті, Мәскеуде шешуге тура келген мәселелер қаншама?! Мұның бәрін айтудың қажеті бола қоймас, алайда, Астрахан облысы губернаторының «құрылыстың прорабы болды» деуінің сыры осында шығар деп ойлаймын. Сөз орайында мына мәселені де айта кетейін. Көпшілік «Бөкей ханға осы уақытқа дейін неге кесене тұрғызылмай келді?» деп сұрап жатады. Мәселен, Қазақстанда батырларға, билерге, өнер қайраткерле­ріне, т.б. атақты тұлғаларға ескерткіш орнатып, кесене салудың өз реті бар. Ресейдің қазақ көп қоныс­танған өңірлерінде де сондай естелік белгілер орна­туға болады. Қазір Астрахан облысы аумағында Құрманғазының кесенесі бар, Құрманғазы атындағы халықаралық мәдени орталық кешені салынған, қала ортасында атақты күйшінің ат үстіндегі ескерткіші тұр. Бірақ бұл ретте Бөкейдің жөні бөлек, ол – ішкі қазақ ордасының ханы, кейде тұтастай Кіші жүздің ханы деп де атап жатады. Бұрынғы Бөкей ордасының аумағы қазіргі Ресей мен Қазақстанның көптеген өңірлерін қамтиды. Демек, Бөкей хан – Еділ мен Жайық арасына орналасқан мемлекеттік құрылым – Бөкей ордасын басқарған саяси қайраткер, саяси тұлға. Осының бәрін ескере келгенде, өз аумағында Бөкей ханға кесене тұрғызуға келісім беруі үшін ең алдымен Ресей тарабының саяси шешімі керек еді. Ал қай уақытта да саяси шешім қабылдау оңай емес, ол мәселенің барлық қырын, көзге көрінбейтін, көпке білінбейтін ішкі иірімдерін жан-жақты саралап, салмақтап, сараптауды қажет етеді. Кездесулер кезінде мен Елбасымыздың бүкіл­әлем­дік беделін, тиісті тапсырмасын алға ұстап, екі мемлекет арасында орныққан бүгінгі жақсы қарым-қатынасты негізге ала отырып, ресейлік әріптесте­ріме Еділ бойын жайлаған қандас ағайынның, Қазақ­станның батыс облыстары тұрғындарының көңіл күйін, арман-тілегін жеткізуге тырыстым. Бөкей ханға көрнекті кесене тұрғызу, әсіресе, белгілі бір шамада Ресейдегі әртүрлі саяси науқандар кезінде оң нәтижеге жетуге ықпал ететіндігіне ерекше назар аударуға тура келді. Бөкей ханның жаңа кесенесі шекаралық аймақтағы ынтымақтастықты арттыраты­ны да сөзсіз еді. Осыған байланысты Сейіт баба мен Бөкей хан жатқан жерге бұрыннан да екі мемлекеттен тәу етіп келетін адамдар санының енді күрт артаты­нын, сөйтіп облыста туризм жаңаша дамитынын дәйектеп, негіздеп бердім. Жасыратыны жоқ, ресейлік әріптестер тарапынан маған: «Сіздер анау ескерткішті алып тастадыңыздар ғой», «Анау қаланың атын өзгерттіңіздер ғой, сондай жағдайда біз қалай Бөкей ханға кесене салуға рұқсат беруіміз мүмкін», деген сияқты зілсіз уәждер айтылмай қалмады. Түсіністікке қол жеткізу үшін осының бәрінің тігісін жатқызып, сенімді дәлел келтіруге, нанымды жауап беруге, ниетіміздің дұрыстығына әріптестеріміздің көзін жеткізуге тура келді. Біздің мақсат-мүддемізді, тари­хы­мызды құрметтейтін ұлт­тық қасиетімізді жақсы түсінетін Астрахан облы­сының губернаторы, Қазақ­станның «Достық» орде­нінің иегері Александр Жилкинге ең алдымен осы саяси шешімі үшін шын ризашылығымызды білдіргеніміз жөн. Губернатор екеуміз көп ұзамай Елшілік пен Астрахан облысы әкімшілігінің Бөкей хан кесенесінің құрылысы жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіттік. – Бөкей ханға кесене салуды қолға алған кезде, сіздің Бәйдібек баба, Домалақ ана, Бес ана, Шаш­ты Әзиз кесенелерін жаңғыртуға, «Орда­басы» монументін орнатуға, Өзбекстанда Әйтеке би кесенесін тұрғызуға, Төле би кесенесін қайта қалпына келтіруге басшылық жасаған тәжіри­­беңіз көмекке келгені сөзсіз. Бұлар өзара желілес әңгімелер ғой. Енді Өзбекстанда орайын келтірген игілікті істеріңізден де хабардар ете кетсеңіз. – Үш биіміздің екеуі Өзбекстан жерінде. Ташкентте – Төле баба, Нұратада – Әйтеке баба, Түркіс­тан­да – Қазыбек баба жатыр, үшеуінің географиялық кіндігі іспетті ортада қазақты біріктірген Ордабасы тұр. Жаратылыстың өзі бұларды осылай дамылдауға жазған тәрізді. Сондықтан ескерткіш не кесене қай елде салынса да, қазақ халқының тарихына, атақты тұлғаларға деген көзқарас біреу ғана болуға тиіс. Мұндайда «ол анау өңірдің адамы ғой», «ол пәленшенің бабасы ғой»... деген сияқты қыңыр әңгіме елдік мұратқа қызмет ете алмайды. Әрбір қандасымызға бәріміз бір қазақтың баласымыз деп қараған жөн. Нағыз ұлтты биіктететін қасиет осы. Біз жалпы намысқой халықпыз ғой. Бабалардың басы қараймай, белгісіз жатуы бір жағынан намысты да оятпай қоймады. Өзбекстанда болсын, Ресейде болсын, әйгілі тұлғаларға кесене тұрғызу ісін қолға алған сәтте, менің алға қойған мақсатым да, мұратым да осы ел намысы, ұлт намысы болды. Екінші жәйт – шет елде өз халқыңның тұлға­лары­на кесене салудың көзге көріне қоймайтын белгілі бір шектеулері бар. Оның шет-жағасын айтып өттім ғой. Қай кезде де мұның қолайлы сәті болады, соны дер кезінде көре білу керек. Қазақстанда Әйтеке биге кесене салу жөнінде талай мәрте әңгіме болғанын, бірнеше қор бар екенін, қаржы жинал­ғанын білетінмін. Бірақ зиратына барғанда өзім де көрдім, «осы жерге Әйтеке би жерленген» деген мәрмәр тастағы жазудан басқа ештеңе жоқ еді. Шынында бұл ақшамен бітетін дүние емес, тіл табысудан шығатын дүние еді. Жеті жігіт жиналып, қаржымызды қосып, игілікті іске талаптанып жатқанымызда, бұрын Өзбекстанда көп жыл жауапты қызметтер атқарған қандасымыз Ибадулла Қалыбеков есімді азаматтың: «Әй, бұл бітпейтін іс қой... Өзбек ағайындар бұған рұқсат бере қояр ма екен?» деп күмәнданғаны әлі есімде. Жергілікті халықпен сөйлесіп көргенімде, олар­дың Әйтеке биден гөрі Сейітқұл әулиені көбірек біліңкірейтінін байқадым. Бұл маған өзбекстандық әріптестердің алдына мәселені бас­қаша қоюға себепші болды. Өзбек бауырларға әуелі Әйтеке би Бәйбекұлы шыққан Әлім ұлысы­нан бастап, тарих­ты әріден қозғадым. Әйтеке бабамыздың қазақтың әйгілі үш биінің бірі болып тарихқа енгенін, түбі бір түркі халықтарына ортақ тұлға екенін айттым. Ол бүкіл түркі-парсы халық­тары мойында­ған, кезінде Нұратаны басқарған атақты Сейітқұл әулие­нің ұрпағы екенін, ал Сейітқұл әулиенің атасы Ораз қажының Әмір Темірге бас кеңесші болғанын, Ораз қажының ұлы Ақшаның Қоқанға хан болғанын атап көрсеттім. Ақшадан Бәйбек, Бәйбектен Әйтеке би туған дедім. Сондай-ақ Самарқанды 47 жыл билеп, сондағы атақты мешіттерді салдырған Жалаңтөс баһадүрге Әйтеке бабамыз аталас туыс болып келетінін тәптіштеп түсіндіруге тырыстым. Сөйтіп, Нұрата жерінде кесене салуға рұқсат алдым, құрылыс барысында оның аумағы ұлғайып, тұтас кешенге айналды. Кейін барып көргенімде байқадым, Әйтеке биге көрнекті кесене салынған соң, өзбек бауырлар да сол маңайдағы бұрынғы ескі үйлерді бұзып, бәрін ретке келтіріп, жаңартып, жақсартып жатыр екен. Әулиенің әруағы қолдады деген осы шығар... Ал Төле баба Өзбекстанда Қарлығаш би ретінде белгілі. Облыс әкімі болып жүргенде алғаш рет баба кесенесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аула­сын кеңейтіп, осы жерге айбан, мешіт салдырған ретім бар еді. Сол кезде-ақ маған кесенеге жөндеу жүргізбек түгілі, бір шеге қағуға болмайды деген еді. Елші болып келген соң баба басына тағы бардым. Кесене тозып, су мен сор іргетасын кеміріп, кірпіштері мүжіліп, күйі кетіп қалған екен. Білетіндер кесене енді бес жылдан артық тұра алмайды деді. Әуелі «апатты жағдайда тұр» деп жабылады, адам кіргізбейді, содан кейін тұрған орны бір түнде тегістеліп шыға келеді, із де қалмай­ды, десті олар. Осының бәрін зерделей келіп, туралап барғанда, Төле би кесенесін жөндеуге рұқсат ала алмайтынымды білдім. Басқа жолын іздеу керек болды. Дәл сол жылы Ташкенттің 2200 жыл­дығы мерекеленгелі жатыр еді. Осыны пайдаланып, бұл тойға бізден өзбек бауыр­ларға сыйлық болсын, деп Шейхантауыр кесенесінің іші-сыртын жаңарту жұмыстарын жүргізуге, оған қоса, қатар тұрған Төле баба кесенесін ретке келтіруге рұқсат алдым. Ол кезеңдегі ұйымдастыру шара­ларының, атқарылған құрылыс жұмыстары­ның бәрін қазір егжей-тегжейлі айтудың қажеті болмас, ал түптің түбінде нәтижесі өзіміз күткендей болып шықты. Шейхантауыр кесенесі жаңғырды, ХVІІ ғасыр­дың кірпішін тауып, Төле баба кесенесін тұтас­тай қайта қалпына келтірдік, жаңарттық. Басына жеті тонна көктас орнатып, бұған дейін Қарлығаш бидің кесенесі аталып келген қазақтың ұлы қайраткерінің мәңгілік дамыл тапқан мекенінің босағасына бірінші рет Төле би баба­мыздың шын атын жаздырдық. Қазір ол Ташкентке келетін шетелдік туристердің қызыға тамашалайтын сәулет ескерткіштерінің біріне айналды. – Енді Мәскеу метросындағы «Алматы» стансасы туралы айтып берсеңіз. Жаңа кейінірек тоқталармын деп едіңіз. – Мәскеу метросының бір стансасына қазақ­стандық атау берсек деп соңғы жылдары мақсатты жұмыс істегенімізді көпшілік біледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстанда» да жазылды («Мәскеудегі – «Ал­ма­ты», Алматыдағы – «Мәскеу» – 15.07.11). Әуелі «Қазақ­стан» деген атау үшін күрестік, одан кейін «Астана» атауы үшін әрекет жасадық. Еке­уінің де сәті түспеді, қоғамдық пікірді жеңе алмадық. Мәс­кеудің заңы бойынша, станса атауы жер үстіндегі объек­тілердің атауымен үндесіп тұруы керек және мұндай жағдайда сол ауданда тұратын халықтың қоғамдық пікірі қатаң ескеріледі. Ойластыра келе, оңтайлы деп тапқанымыз болашақ Братеево станса­сы болды. Бұл 1985 жылы Қазақстанның бұрынғы астанасының құрметіне қойылған Алматы көшесіне жақын орналасқан еді. Сондықтан «Братеевоны» «Алматыға» қарай бұру әрекетін бастадық. Алдымен Братеево ауданында тұратын мәскәу­ліктерді өзімізге тартып, тығызырақ қарым-қаты­нас жасай бастадық. Жаңа оқу жылы басталғанда осы аудандағы №975 мектепке барып, мұғалім­дермен, ата-аналармен танысып, үстіміздегі жыл­ды Қазақстанмен танысу жылы деп жариялау туралы ұсыныс айттым. Бұл ұсынысты мектеп ұжымы да, ата-аналар қауымы да қолдады. Бұдан кейін аудан тұрғындарының қатысуымен Панфилов дивизиясы­ның Мәскеу үшін шайқастағы ұлы ерлігіне 70 жыл толуына байланысты үлкен іс-шара өткіздік. Осы іс-шараларға қатысқан Кеңес Ода­ғының маршалы, КСРО-ның бұрынғы Қор­ғаныс министрі Дмитрий Язов, Мәскеу қалалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Владимир Долгих жұртшылыққа атақты Панфилов дивизиясының Алматы қала­сында құрылғаны туралы баса айтып, «Алматы» атауының Мәскеу жұртының жүрегіне сол қаһарлы жылдардағы қаһар­мандық ерлікпен бірге жеткенін баяндады. Ресейге танымал «А-студио» тобы өнерпаздарының концертін ұйым­­дастырып, бұл топтың да тұсауын кескен Алматы қаласы екені көрермен есіне салынды. Сөйтіп, қоғамдық пікірді стансаға қазақ­стандық атау берудің орындылы­ғына қарай бейімдей алдық. Соның өзінде, арнаулы комиссияда қаралған кезде, таразы басы тең түсіп тұрды. Комиссия мүшеле­рінің жартысы қолдады, жартысы қарсы болды. Мәскеу мэрінің орынбасары, өз жерлесіміз Людмила Швецованың: «Мен де Алматыда тудым, сон­дықтан станса атауының «Алматы» бо­луын қалай­мын. Ал Алма­ты метросында «Мәскеу» стансасы болады», деген сөзінен кейін қолдау­шылар жағы жеңіске қарай бір табан жылжыды. Соған қара­мастан, қарсылық­тарын білдіріп, Мәскеу мэріне Братеево атауын өзгертпеу туралы хат жазушылар аз болған жоқ. Сөзді түйіндей келгенде, метро атауын алу ауыр болды, бірақ оған қалай да қол жеткіздік. Мәскеу үкіметі 2011 жылғы 29 қарашада «Алматы» атауын түпкілікті бекітті, аманшылық болса, 2012 жылдың соңына қарай Мәскеу метро­сында еліміздің атын шығарып тұратын «Алматы» стансасы пайда­лануға беріледі. – Елші мырза, сұхбатымызды түйіндей келе, мазмұнды әңгімеңіз үшін ризашылығымызды білдіре отырып, саясат деген жалпы ұғымның өзіңіз ұстанатын, өзіңіз тұты­натын тілін қалай тұжырымдар едіңіз? – Қай салада еңбек етсең де, егемен еліңнің жақсы атағын биік ұстап, өскелең ұлтыңның қадір-қасиетін құрметтеп, отаншыл рухыңды түсірмей, халқыңның мүддесіне сай келетін әрбір игілікті іске қолыңнан келгенше жәрдемдесіп, ықпалыңды тигізіп жүргеннен, өмірде жақсылыққа жол ашқаннан артық не бар?! Саясат дегеніңіздің тілі, бәлкім кілті де нақ осы адалдыққа, ізгілікке дәнекерлік ету болса керек.

Әңгімелескен Серікқали БАЙМЕНШЕ,  «Егемен Қазақстан».

Мәскеу.