• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Шілде, 2018

Ақтөбеде өткізілген Үкімет мәжілісінде өңірдің жай-күйі талқыланды

295 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні ел экономикасын одан әрі дамыту әрі оған жаңаша тыныс беру үшін жобалық басқаруды жүзеге асырудың маңызы жоғары. Өткен жұма күні Ақтөбеде республика Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың төрағалығымен өткізілген Үкіметтің көшпелі мәжілісі осы мәселеге арналды. Жобалық басқару ісіне тән басты өзгешеліктер қандай?

Бақытжан Әбдірұлының айтуынша, бұл Мемлекет басшысы тапсырмасынан бастау алатын терең де жан-жақты ұғым. Яғни жобалық басқару дегеніміз - жоғары өнімділік деңгейінде қызмет атқара алатын өндіріс пен өзге де қарқынды жұмыс орындарын жаппай құру деген сөз.

Оның басты арнасы мен тұтқалары – базалық индустрияландыруды өркендетуге және еңбек ресурстарын тиімді түрде пайдалануға, сонымен бірге әртүрлі кедергілерді жоюға бағытталған. Жобалық басқару ісі инвесторлардың тиімді де оңтайлы ұсыныс-пікірлерімен ұштастырылса – көздеген мақсатқа жету біршама жақындай түседі. Әрі бұл – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тезірек теңелудің басты бір тұтқасы деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Елімізде жобалық басқаруды жүзеге асыруды талқылауға арналған - Үкімет мәжілісі үшін неліктен Ақтөбе облысы таңдалған?. Өйткені өңірде бүгінде өз жұмысын бастап кеткен жобалық кеңсенің қызметінде өзге аймақтар да тағылым мен тәжірибе аларлықтай тұстар бар. Бұл жөнінде мәжіліске қатысушыларға Ақтөбе облысының әкімі Б.М.Сапарбаев баяндап берді. Облыста экономикалық өсім биылғы жарты жылдықта республикалық орташа көрсеткіштен асып түсіп, бес пайыздық өсімді құрады. Мұнда 12 бағыт бойынша белгіленген басты индикаторлар жобалық басқарудың тиімділігін одан әрі көтеруге және экономиканың даму қарқынын бірқалыпты, тұрақты түрде ұстауға септігін тигізуде. Сондай-ақ табыстың қосымша көздерін іздестіру жөніндегі іс-шаралар кешені де оң нәтижелер беріп келеді.

Аймақта жобалық басқару жүйесін одан әрі тереңдету үшін қосымша шаралар алынған. Бұл бірінші кезекте жұмыссыздық деңгейін азайту мен еңбек өнімділігін көтеру мақсатын көздейді. Мәжілісте салалық министрлік өкілі тарапынан айтылғандай облыста еңбек етуге қабілетті 495 мың жұмыс күші тіркелген. Оның 415 мыңы тиісті қызметтер мен жұмыс орындарына тартылған. Яғни есептеулер мен талдаулар тек 20 мың адамның ғана өндірістен тыс қалғанын көрсетеді. Салыстырмалы түрде алғанда мұның өзі республика өңірлері арасындағы төменгі көрсеткіш, яғни оң тұрғыдағы жоғарғы көрсеткіш болып табылады.

Өңірде өндірістік кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жобалар да мәжіліс кезінде Үкімет басшысы тарапынан қолдау тапты. Мұндағы түпкі мақсат – бұған 500 миллард теңге қаражат бөлу болмақ. Биыл бұл іске 55 миллиард теңге қаражат тартылған. Соған сәйкес 35 кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Негізінен республикамыздағы кез-келген өңір басшысы қызметінің рейтингісі өңірге тартылған инвестиция мөлшеріне байланысты болатынын ескерсек, бұл ретте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жүзі жарқын дей аламыз. Айталық, өткен жылы өңір экономикасына тартылған шетелдік және ішкі инвестицияның мөлшері 480 миллиард теңге құраған болса, биыл оның көлемі 510 миллиардтан кем болмайды деп күтілуде.

Өмір болған соң атқарылған істің тиімді де, тиімсіз де тұстары болмай тұрмайды. Егер тиімсіз, пайда әкеле бермейтін қызметтің көлемін кеміту Ақтөбеде жобалық басқаруды жүзеге асыруға байланысты өткізілген мәжілістің басты арқауының бірі екенін ескерсек – мұнда тек соңғы бір жылдың ішінде тиімсіз жұмыстың үлесі 60 пайызға дейін қысқарғаны атап айтуға тұрарлық мәселе.

Үкіметтің көшпелі мәжілісі үстінде Ақтөбе агломерациясын одан әрі дамытудың толғағы жеткен мәселелері де жан-жақты талқыланды. Қазіргі кезде бұл іс 8 бағыт бойынша жүргізілуде. Түйіп айтқанда Ақтөбеде индустриалық аймақтың құрылғаны бұл жайт агломерацияның өндірістік базасын өсіруге әсер еткені атар таңдай шындық. Аймақта оңтайлы туристік-логистикалық орталықтың болуы және медициналық кластердің құрылуы агломерацияның қалыптасу үдерісін тездете алады.

Мәжіліс үстінде Ақтөбе еліміздегі төртінші мегаполис ретінде таңдалып алынып отырғаны бірнеше дүркін аталып өтті. Ендеше оның бұрынғы жай-күйі мен бүгінгі және келешектегі даму бағдары Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевтың төрағалығымен өткізілген мәжілістің басты арқауына айналуы – өңірдің кемел келешегін айқындай алары хақ.

Осы орайда республикадағы салалық министрлер осы мәселеге орай Үкімет және облыс басшылары мен мәжіліске қатысушылар алдында есеп бергені Ақтөбеде өткізілген Үкімет мәжілісінің тағы бір ерекшелігі болмақ. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстыра қарағанда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі біршама жоғары екеніне ешкім талас туғыза қоймас. Әйтсе де бұл тұжырымның өзі өңір экономикасы мен мәдениетін өркендету ісінде ешқандай мін мен кемшілік жоқ деген ұғымды туғызбаса керек. Әрі бұлай болуының өзі табиғи үдеріс екені белгілі.

Үлкен жобалар мен жұмыстар болған жерде кейбір түйткілдер мен кемшіліктер де болмай қалмайды. Мәжіліс үстінде бірқатар республика министрлері мәселенің осы жағына көңіл аударғандарына да түсіністікпен қарауға болатын секілді. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев атап көрсеткендей мұның өзі бір-бірімізден кемшілік іздеу емес, керісінше әлі де болса өңірде түпкілікті шешімін таба алмай жүрген мәселелерді бірлесіп оң жолға қою болып шығады.

Атап айтқанда өңірдегі білім беру жүйесіне инвестиция тарту мәселесінде кемшін түсіп жатқан тұстар жоқ емес. Сондай-ақ білім беру ісіне мемлекет-жекеменшік әріптестігі тұтқаларын енгізу деңгейінің төмен екендігі де белгілі болып отыр. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен туризм салаларында да түбегейлі түрде қолға алатын мәселелер бар екені мәжіліс үстінде ашық айтылды. Мұның алғашқысы өкпе ауруларын емдеу диспансері құрылысын аяқтауға және жоғары медициналық оқу орындарын бітірген жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау деңгейін көтеруге қатысты айтылса екіншісі өңірде туристік-ақпараттық орталықты құру ісі кешеуілдеп жатқаны жөнінде және облыста туризм саласын дамытуға тек екі қызметкер тартылғанына қатысты қозғалды.

Мәжіліс үстінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарапынан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың назарына бірнеше ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның біріншісі облыста төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесіне қатысты қозғалса, екіншісі елу жылдан астам уақыт бойы газ тасымалдаумен айналысып келе жатқан Бұқара-Орал магистралды газ айдау құбырының мүмкіндігі мен әлеуеті шектеліп бара жатқанына байланысты айтылды.

Ал үшіншісі алтын өндіретін тау-кен байыту өндірістік комбинатына қосымша қаражат бөлдіру тұрғысынан көрініс тапты. Оған қайтарылған жауапта Премьер-Министр алғашқы мәселеге орай білдірілген ұсыныс-тілектің жауабы алдағы күзде белгілі болатынын жеткізді. Екінші мәселеге қатысты салалық мемлекеттік құрылымдар тиісті талдау-сараптау жұмыстарын жүргізуді қолға алмақ. Ал алтын өндірісіне қатысты мәселеге орай бұған қажетті қаражат ресурстарын өңірдің өз ішінен қарастыру ұсынылды.

Мәжілісті республика Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаев қорытындылап, алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Соның ішінде Бақытжан Әбдірұлы тұтастай республикада және өңірлерде цифрландыру деңгейін одан әрі тереңдету қажеттігі туралы ой түйді. Яғни Үкімет басшысының тұжырымдауынша цифрландыру тек өндіріс саласын ғана емес, сонымен бірге экономика мен әлеуметтік ортаның барлық салаларын қамтуға тиіс. Сондай-ақ сапалы өнім өндіру арқылы бәсекелестікке төтеп берудің де орны айрықша. Мемлекеттік қолдау сапалы экспорттық өнімдер шығаруды игерген тауар өндірушілерге ғана жасалады деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Ақтөбе облысына сапары кезінде Б.Ә.Сағынтаев өндіріс, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласында жаңадан пайдалануға берілген нысандармен танысты. Әрі Б.Ә.Сағынтаев облыс пен оған қарасты аудандардағы даму көрсеткіштеріне жоғары баға берді.

Темір Құсайын,

"Егемен Қазақстан"