Ақмола облысында биылғы көктемде өріске 500 мыңнан астам қой шықты. Облыстың елді мекендерінде мыңдаған тонна жүн, малдың терісі босқа шіріп жатыр.
Қабырғалары ырсиған қара тоқтыны үлкен қырықтық қайшымен қырқып жатып, бір уақ белін жазған Жәдігер ағам қораның іргесіндегі айырды ала салып, қоқым-соқым араласқан бір айыр жүнді қосқабат қораның жел кеулеп үңірейген қабырғасына тыға салды.
– Жеңгеңнің жыл он екі айда айнымай екі айналып келер қызыл танау екі шаруасы бар. Бірі – көктемгі қой қырқу, екіншісі – күзгі қаз жұлу, – деп көзінің астымен үй жаққа бір қарап алған Жәдігер ағам, – екеуі де қазір қадірсіз, бағасыз болып кетті. Мына жүн жарықтық тірі пендеге қажет емес. Сосын осылай қораның ашық-тесігін бүтіндейміз. Қалғанын өртейміз, төгеміз. Әйтеуір құртып тынамыз. Ал қой терісін бүгін ит те жемейтін болып алған.
Жәкең айтса айтқандай, бүгінде малдың терісі мен жүнінен қадірсіз зат жоқ. Ал он миллион қой бағатын Ұлыбритания тері мен жүннен сан алуан бұйым жасап, оларды әлемдік брендке айналдырып, даңқы жер жарып тұр.
Заманында облыс орталығындағы кәсіпорында қой жүні тәп-тәуір өңделген. Ол уақытта қой жүнінен негізінен, пима, киіз басылған. Жалпы, қой жүні қалдықсыз кәдеге жарайтын өнім. Қой жүнінің шайыры да пайдаға асады. Жуу агрегаттарында тұнып қалған шайырды арнайы ыдыстарға толтырып, косметика жасайтын кәсіпорындарға жіберетін. Демек, қой жүні шаруашылықта, тұрмыста көп нәрсеге қажет. Бүгінгі заман талабына сай есеп-қисабын ойластырсақ, өзін өзі ақтайтын, ақтап қана қоймай, кәсіпорынға табыс әкелетін сала.
Қой жүні негізінен, екіге бөлінеді. Биязы және қылшықты жүн. Оның ішінде қадірлісі биязы жүн. Бірақ, биязы жүнді қойды өсіру шаруалар үшін оңай емес. Ол үшін жайылымның ерекшелігі, жайлылығы қажет. Айталық, ақселеу, қаудан өсетін біздің дала биязы жүнді қой үшін оншалықты жайлы емес. Себебі, ақселеудің, қауданның басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, оның ауруға ұшырауына себепші болады. Біздің өлкеде қылшық жүнді қой өсірудің басты себебі осы. Дәл қазір облыста биязы жүнді қойдың саны 15 проценттен аспайды. Қылшықты жүн де көзін тапса, кәдеге асады. Ертеректе іргедегі Ресей қарулы күштерінде қызмет ететін жауынгерлерін осы қылшықты жүнді іске жарату арқылы киіндіретін. Білетіндердің айтуына қарағанда қазір олар да алмай қойыпты. Яғни өркениет өрістеген сайын сан ғасыр бойы халқымыздың игілігіне айналып келген қой жүнін синтепон сияқты қолдан дайындаған материалдар ығыстыра бастады.
Күн көріс тіршілігі төрт аяқ малмен тығыз байланысты халықтың көңіліндегі жалғыз медеу – соңғы уақытта табиғи жылу беретін материалдарға деген сұраныстың арта түсуі. Бұрындары жұрттың сән көріп, еденге тастайтын кавролан төсеніштері мен өзге де материалдарды қазір табиғи жылуы мол, сәні өзгеше бұйымдар ауыстыра бастаған.
Облыста игерілмей жатқан байлық көзі осы қой терісі мен жүні. Елге Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, іргедегі Ресейден және басқа да елдерден ата-жұртқа қайта оралған қандастарымыз үшін арнайы «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде салынған мекенжайларда қоныстанған ағайындар жұмыссыздық проблемасын қайта-қайта көтеріп жүр. Егер күні бүгінге дейін игерілмей жатқан ен байлықты ел игілігіне айналдыру үшін осындай жерлерден Үкіметтің қолдауы арқылы шағын кәсіпорындар ашса, баршаға бірдей тиімді болмас па еді.
– Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайды, – дейді сексеннің сеңгіріндегі Қабдолла Уақапұлы ақсақал – күні бүгінге дейін біз бағымдағы малдың терісі мен жүнін пайдаланып келдік. Киген киіміміз, үйдегі күнделікті тұтынатын тұрмыстық бұйымымыз тері мен жүннен жасалды. Одан кемдік көрген жоқпыз. Аллаға шүкір, «тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» демекші, ұрпағымыз таза табиғи киім киіп, экологиялық жағынан мүлтіксіз жүннен жасалынған бұйымдарды кәдеге жаратып, бүгінгі күнге жеттік. Рас, қазір жалғыз біз ғана емес, жұмыр жердің кез келген түкпірінде қаржылық қиыншылық болып жатыр деп естиміз. Көпті көрген басым бар, сексенге келген жасым бар. Мына балалар киіз үй жасайтын кәсіпорын ашса, тамаша емес пе? Тау басып, асу асып келген ағайындар өздерімен бірге нешеме жыл бойы бастарына пана, жандарына қорған болған алты қанат, сегіз қанат киіз үйлерін қанжығаларына бөктеріп ала келді. Жергілікті жұрт той-томалағына, асына, басқа да жабдығына пайдалануға қатты қызықты. Өйткені ыңғайлы-ақ дүние. Әрі қой жүнінің иісі шыққан жерге кене, қоңыз жоламайды. Ауасы кең, киіз жарықтық жел өткізе қоймайды ғой.
Сұңғыла ақсақал сыр ғылып шерткен шаруаны реті шынымен істің көзін табатын жан болса, өз-өзінен жолға түсіп кететін бизнес жоспар дерсіз. Шын мәнінде облыстағы елді мекендердегі тілек білдірушілерді киіз үймен қамтамасыз ету үшін оның қаншасын шығару керек. Оның үстіне біздің ел – табиғаты тамаша өлке. Айдыны асып-тасқан көгілдір көлдің жиегінде, ерке Есілдің жағасында, самсаған аққайыңдардың ортасында ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, мұртымыз көкке шаншылып, шәниіп жатар едік. Демалуға келгендерге қапысыз қызмет көрсетер едік. Туризмді дамытудың төте бір жолы сол емес пе?.. Киіз үй жол жиегіндегі сауда-саттық көрігін қыздыратындарға да, қымызхана ашатындарға да қажет. Демек, киіз үй жасайтын шағын кәсіпорын ашылатын болса, қаншама адамға күнделікті жалақы алып, жан бағатын жұмыс орны пайда болып, әрі ең далада есепсіз, қажетсіз, іріп-шіріп жатқан қой жүні барар жерін таппас па еді. Сол сәтте мал баққан ағайын да әр қойдан орта есеппен үш килограмнан қырқатын қылшықты және биязы жүндерін нарық бағасына сәйкес бағалап өткізіп, жоқтан бар жасап, қоңданып кетпесе де, талғажау қылар нәпақа табар еді.
* * *
Жәдігер жәкем қой қырқымын аяқтаған соң, қыс бойы ат ізін салмаған бізге арнап бір марқасын сойды. Терісін іреп, қоянша тұтас сыпырғаннан кейін, теріні шарбақтың арғы бетіне атып жіберді. Төрт сирақ бірге кетті. Одан соң іш-тұрман, ішек-қарын. Жәкеңнің бетіне адырая қарадым. Маңдайынан аққан терін қолының сыртымен сүртіп жатып, күңк етті. «Жеңгең тазалағысы келмейді. Ал сен қайдағы бір ит тартатын теріні ерінбей әңгіме қылып тұрсың». Иә, қазір солай екен-ау...
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы