5 қыз, 1 ұлды өмірге алып келген Айман Әбдіразаққызы, “Балаларым Тәжіхан мен Сәуле апаларының және Иманбек атасының арқасында өсіп жатыр. Сәуле апам мен Иманбек атам бүгінде алты немере сүйіп отырса, Тәжіхан апам алты шөбересінің қызығын көруде” – дейді.
Жаңа жылдың алдында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Яғни, 2010 жылдан бастап күшіне енетін заң жобалары еліміздің тұрғындарына үлкен жеңілдіктер беріп отыр. Бұрынғы заң бойынша балалары сегізден асқан аналар “Күміс алқаның”, оннан жоғары болса “Алтын алқаның” иесі атанатын. Жаңа жылдан бастап күшіне енген заңға сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан алты баласы бар аналар “Күміс алқа”, жеті немесе одан көп баласы бар аналар “Алтын алқа” алатын болады. Бұл жөнінде қала әкімдігі жанынан құрылған заң жобасын насихаттау тобы қаламызда және қалаға қарасты ауылдарда “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбелгілерінің берілу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы марапатқа лайықты аналардың тізімін алып, құжаттар қабылдап жатыр.
29 жастағы, яғни 1981 жылы туылған Жүзтаева Айман Әбдіразаққызы қала әкімдігінің жанындағы арнайы құрылған жұмыс тобына “Күміс алқа” марапатын алуға өз құжаттарын тапсырған. Бүгінде қалалық әкімдіктің ұйымдастыру және мамандар бөлімінің бас маманы Ғалия Төнтекова Айман Әбдіразаққызының марапатқа лайықты екендігін сөз етіп, алдағы уақытта “Күміс алқа” тағатынын айтып отыр.
Жүзтаева Айман қаладағы Б.Момышұлы атындағы №12 мектепте білім алған. Қазіргі кезде алты баланың анасы. Алғашқы қызы Бектасова Айжанның жасы тоғызда. Ол Әл-Фараби атындағы №14 мектептің 4 сыныбында оқиды. Ал Сымбат жетіге келсе, Жалғасбектің жасы бесте. Үшке келген Назерке қызықты қылығымен атасы мен әжесін күлдіріп жүрсе, бірге толған егіз қыздар Мөлдір мен Жәудір қаз-қаз басып жүр.
5 қыз, 1 ұлды өмірге алып келген Айман Әбдіразаққызы, “Балаларым Тәжіхан мен Сәуле апаларының және Иманбек атасының арқасында өсіп жатыр. Сәуле апам мен Иманбек атам бүгінде алты немере сүйіп отырса, Тәжіхан апам алты шөбересінің қызығын көруде” – дейді.
Айманның жолдасы таксист болып жұмыс істейді. “Әр баланың өз несібесі бар” – деп санайтын отбасы мүшелері Айманға “Ұлыңа серік керек” деп қолқа салып отырған көрінеді. Ал Айман болса, бұл ұсынысқа қарсы емес.
Елбасымыздың қолдауымен жүзеге асып отырған бұл бастаманы Мемлекет басшысының қамқорлығы деп бағалаған Айман Әбдіразаққызы, Елбасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтуда.
Міне, қазіргі кезде әртүрлі сылтаулармен бала санын бір-екімен ғана шектеп қоятын кейбір аналар Айманнан үлгі алса екен дейміз.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ, Кентау.
Бәрекелді!
АБАЙТАНУ: АЙРЫҚША АРНАЛАР
Мархабат БАЙҒҰТ.
Өткен жылғы күздің жаймашуақ бір күнінде Шымкент шаһарындағы “Хакім Абай музейінің” алдында “Хакім Абай тағылымдары” атты конференция ұйымдастырылғанын “Егемен Қазақстан” газеті жазған болатын. Сол конференцияға Мекемтас Мырзахметұлы, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков, Төкен Ибрагимов, Сәбит Оразбаев сынды саңлақтар қатысқан.
Бүкіл өмірін Абайтануға арнап келе жатқан білімпаз ғалым, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметұлы елді елең еткізген. Абайтанудың тың тұжырымдамасын түсіндірген. Данышпан ақынның хакімдігін тереңдей танып-білмектің, мұраларын меңгермектің, айналымға түсірмектің жаңаша жүйелерін ұғындырған.
Президенттік мәдениет орталығының директоры, қайраткер-қаламгер Мырзатай Жолдасбеков Абай қалдырған қазынаға қарап отырып, оқып отырып, ойлап отырып, қалайша қайран қалатынын Мұқағалидай құбылыспен байланыстыра мағлұмдап, көпшілікті одан сайын таңырқатқан. Сөйтіп, Оңтүстіктегі оңды істердің қатарын рухани саладағы серпілістермен нығайта түспек жөнінде ұтырлы ұсыныс білдірген. “Хакім Абай музейі” Шымкенттің Абай саябағында еңсе көтеріп, мынадай мәністі басқосу жасап жатырмыз. Енді Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Абайтану кафедрасын немесе Абайтану орталығын ашу керектігі өзінен-өзі сұранып тұр емес пе? Уәлихан, сен бұған қалай қарайсың?” – деп, осынау оқу орнының ректоры, У.Бишімбаев мырзаға қараған.
Мінекиіңіз, содан бері үш айдан сәл ғана астам уақыт өтті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да Абайтану ғылыми оқу орталығы ашылды. Оның директоры болып филология ғылымдарының кандидаты Саттар Өмірзақов тағайындалды. Жігерлі, жас ғалым ә дегеннен-ақ талпынысын, талапшылдығын танытты. ОҚМУ студенттері екінші оқу семестрін Абайтанудың айрықша арналарына арналған дәріспен бастады. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы жүргізген бұл дәріске тек студенттер ғана емес, осы университеттің, Шымкенттегі өзге де оқу орындарының оқытушылары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қызыға қатысты.
Мекемтас ағамыз қазан айында, “Хакім Абай музейі” алдында өткен конференцияда ортаға салған Абайтанудың тың тұжырымдамасын, жаңаша жүйелерін тереңдете, әсерлі әңгімеледі. Тұран жерінде туындап жетілген жәуанмәртлік ілімінің, толық адам ілімі бастау-бұлақтарының қайнар көздерін ашып, сусындатқандай болды. Қорқыт абыз, Қожа Ахмет Ясауи, Әл-Фараби, Жүсіп Хас Хаджип, Жүсіп Баласағұндар ғасырлар қойнауларынан сыр шерткендей. Абайдағы иманигүл немесе үш сүю мәселесінің мәні, Абай негізін салған толық адам ілімін дамытудағы Шәкәрім ойларының орны, ақыл, әділет, рақым сынды үш қасиеттің күрделілігі, жүрек пен жәуанмәртлік (хал) жайындағы баяндары баршаны баурады. “Жан азығын аяқасты етуден тән құмары үстем түсіп отырғанын, адамдықты надандық, ділді дүниеқұмарлық басып, тұншықтырып бара жатқанын көріп-біліп жүрміз. Бұдан арылудың жолы – рухани тазару жолы. Рухани тазару жолы – Абайдың толық адам ілімін арнайы курстар, семинарлар арқылы мектеп пен жоғары оқу орнында айрықшалап, жүйелеп, жаңашалап жаппай оқыту, жастар санасына сергек сіңіру”, – деді ғұлама ғалым.
“ПАРАСАТТЫ ЖАСТАР” БАЙҚАУЫ
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті биыл бірінші рет студенттердің “Парасатты жастар-2010” атты конкурсын ұйымдастырды. Онда студенттер жасаған инновациялық бизнес-жобалар талқыға түсті. Байқаудың екінші шешуші турына өткен он бес жұмыс құрамына облысқа белгілі кәсіпкерлер, банк бас- шылары, қоғамдық кәсіпкерлік, экономикалық ұйымдар жетекшілері, депутаттар, билік өкілдері кірген беделді комиссия құзырына берілді.
Комиссия мүшелері алдымен студенттердің жұмыстары инновациялық және шығармашылық сипатқа ие деген баға берді. Қазылардың кәсіби деңгейдегі сүзгісінен өткен осы он бес жұмыстың бесеуі алғашқы студенттер конкурсының жеңімпазы деп танылды. Олардың арасында студенттер құрылысқа кететін цемент шығынын азайту технологиясын, ауыл шаруашылығы дақылдарын сатудың электрондық алаңын ұйымдастыруды, тазалық қағазын шығаратын шағын зауыт салуды, бәсекеге қабілетті жастардың тұлғалық әлеуетін дамыту технологиясын жасауды көтереді. Комиссия мүшелері жобалардың кейбірін қаржыландыру қазірден-ақ басталуы керектігін де айтты.
“Парасатты жастар” студенттердің инновациялық жобалары байқауы алдағы жылы жалғасын табады және ол тек Қостанай университеті емес, облыстағы басқа да жоғары оқу орындарын қамтитын болады.
Қостанай.