• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Тамыз, 2018

Ақмолалық диқандар астық үшін арпалысып жатыр

1097 рет
көрсетілді

Сарша тамыздың жуан ортасында егістік алқаптары сарғыш реңге боянып, пісіп-жетілгеннен хабар бере бастады. Облыстың бірқатар ауданы сұлы, арпаны жығып жатыр.

Биыл облыс диқандары 4316,6 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар тұқымын еккен болатын. Ерте көктемде диқандардың көңілінде үміт пен күдік арбасып тұрды. Бұлай болатындығы, биылғы көктем, жаздың басы салқын болды. Тіпті көпті көрген көнекөз диқандар да дәл осы жылдағыдай ауа райының ерекшелігін естеріне түсіре алмады. Шілденің өзінде күндіз ауа­ның температурасы 25-28 градус ыстық болса, түн күрт салқындап, 10-15 градусқа дейін төмендеп жүрді. Ал өсімдік атаулы түнде ғана бой салып өседі емес пе?!

Маусым, тамыз айлары жауын-шашынды болды. Салқын көктемде булығып өсе алмаған дәнді дақылдар осы айларда күрт көтерілді. Олқылықтың орны толған соң кейбір алқаптардың масақтары кереқарыс болып көз қуантып тұр. Құтты қарсақтың құйрығы тәрізді басындағы дәнді көтере алмай иіліп тұрғанын көргенде биыл қамбамыз ақық дәнге толатын-ақ шығар деп іштей тәубе етесің. Мамандардың алдын ала болжауына қарағанда, барлық егістік алқаптың 82 процентінің шығымы өте жақсы. Өткен жылы дәл осындай көзқуантарлық көрініс 45 процентті құраған болатын. Ал 18 проценті қанағаттанарлық.

Ақмолалық диқандар гектар берекесі 13 центнерден айналатын болса, 5,5 миллион тонна астық жинаймыз деп дәмеленіп отыр. Майлы дақылдар 279 мың гектар жерге егілді. Оның да шығымы жақсы. Барлық алқаптың 78 проценті немесе 218,3 мың гектары жап-жақсы өніп тұр. 21 проценті немесе 58,3 мың гектарының шығымы қанағаттанарлық. Үстіміздегі жылы көктен тілегенімізді жерден берсе, майлы дақылдардың әр гектарынан 8,3 центнер өнім жи­нап, жалпы көлемін 202 мың тон­наға жеткіземіз деп үміттенуде.

Жаз жауынды болған соң егістік алқаптарын арамшөп басып кету қаупі туған-ды. Ылғал мол жылдары бой бермей кететін арамшөппен күрес оңайға түскен жоқ. Әйтсе де, диқандар тарапынан осы бір сойылдай салмақты мәселеге жеткілікті назар аударылды. Барлық егістік алқап химиялық өңдеуден өткізілді. Шығыны көп болғанымен шығымдылығы тәуір.

Ендігі мәселе, жерде өнгенді жерде қалдырмай, ысырапсыз жинап алу. Бұл үшін ең басты қажеттілік – техника. Облыста машина-трактор паркін жаңалау туралы мәселе жыл сайын көтеріліп келеді. Әйтсе де көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жетер емес. Осы жерде сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер дерек келтіре кетелік. Дәл қазір ақмолалық диқандардың қолында 15270 трактор, 8463 астық жинайтын комбайн, 1201 егіс кешені бар. Былай қарағанда, қыруар күш тәрізді. Дегенмен жыл басынан бері 6252 ауылшаруашылық техникасының іске жарамсыз екендігі анықталып, есептен шығарылғандығы ойландыратын-ақ жайт. Қаусаған техника әр жылдағы егін орағы кезінде қатты жұмысқа шыдас бермей келеді. Оған өкпелей де алмайсың. Пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан тракторлардың үлесі 66,7 процентті құрайды. Ал астық жинайтын комбайндардың жартысы ескірген. Демек, саны көп болғанымен, жапырып жұмыс істеуге қауқарсыз.

Облыс диқандарының әр жыл сайын егін орағын белгіленген уа­қытта аяқтай алмай, науқанның соңы күзгі қара жаңбырға ұрынып жа­татындығының ең басты себебі – осы. Қарашаның соңында жау­ған қардың астында да астық жинап жүрген диқандарды көзіміз көрген.

Кейбір жеке шаруа қожа­лық­тары әупірімдеп ат төбеліндей жер­ге егін еккенімен, өзімдікі деген астық жинайтын комбайн­дары жоқ. Олар көршілес шаруа­шылықтар қашан өз егінін жинап болғанша күтеді. Оған дейін Арқаның ақ жауыны да бас­талып кетеді. Бұл қиын­дық­тан шығатын ең төте жол – ауылдық кооперативтерге бірігу. Бірақ оның да аздаған қиындығы бар екен.

– Бұл өзі өте дұрыс мәселе, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруашы­лығының жетек­шісі Біржан Болатов, – Көк­шетау қаласындағы «Вектор» ком­байн зауытынан шығатын «Вектор 410 КZ» астық жинау комбайнының құны 44 мил­лион теңге шамасында. Бірақ оны шағын шаруашылықтар ала алмайды. Алу үшін еккен егістік көлемі 500 гектардан кем болмауы ке­рек. Алдымен 15 процент алғаш­қы жарнасын төлейсіз, он жыл мерзімге жылына 10,9 процент­тік үстемемен, кепілге комбайн­ның өзі қойылады. Бұл, әри­не, диқандар үшін тиімді. Бірақ кішкентай қожалық­тар­да мұншалықты егістік алқап­тары жоқ қой. Сондықтан көпші­лік­тің қолы жетпей отыр. Жері аз ди­қандар комбайнды сатып ал­ғаннан да бірер күнге жалдағанды тиімді көреді. Өйткені 44 мил­лионға алған комбайның бар болғаны бір аптаға ғана керек. Қалған уақытта ешқандай табыс бермейтін техника. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша таппай, босқа тұрады.

Шаруа қожалығы жетекші­сі­нің айтуына қарағанда, жыл­дағы әдетінен жаңылмай дизель отыны тағы қымбаттап кет­кен. Көктемде әр литрін 120 тең­ге­ден алса, дәл астық үшін ар­палыс бас­та­лар сәтте қымбат­тап, әр литрінің құны 166 тең­геге жеткен. Қожа­лық бас­шы­сы­ның айтуына қарағанда, бір мың гектар егістік алқабына 15 миллион теңгенің көлеміндегі химиялық тыңайт­қыш жұмсалған. Егер тұқымын, жанар-жағар­майын, еңбекақыны, қажетті құрал-жаб­дықт­арды қосып есептегенде, осынша егіс­тік алқапқа 40 миллионға жуық қара­жат жұмсалады екен. Ал қайтарымы ше? Бұл енді күздегі астықтың бағасына байланысты.

– Баға саясаты бізді қатты алаңдатады. Бір көзіміз жыл сайын ойнап тұратын баға­да болса, бір көзіміз егістік алқапта, – дейді шаруашылық жетекшісі Біржан Болатов, – былтыр 4-клас­ты ас­тықты 35 мың теңгеден сат­тық, ал үшінші класты астық 42-43 мың теңгеге өтті. Негізінде, әр гек­тардан 7 центнерден өнім ал­сақ, өз-өзін ақтап шығады. Он­да да бидайдың бағасы жақсы болса.

Астық орағындағы шешуші мәселенің бірі комбайншыларға да байланысты. Соңғы жылдары ком­байншылардың жетіспеуші­лігі қатты білініп тұр. Ескікөз әл­деқашан зейнет демалысына шы­ғып кеткен. Өтпелі кезеңде ком­байншыларға дұрыс еңбекақы тө­ленбеді де, жастар жағы бұл маман­дыққа қызығушылық таныта қоймады. Әрі бұл науқан­дық жұмыс, жылына әрі кетсе бір ай ғана жұмыс істеуі мүм­кін. Шалғайдағы шағын ауыл­дар­да комбайншылар түгілі бесас­пап механизаторға да науқан­дық жұмыстардан басқа жұ­мыс табыла бермейді. Облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масы дәл қазір қанша комбайн­шының қажет екендігі­нен бейхабар. Ондай есеп жүр­гі­зіл­мейтінге ұқсайды. Рас, кәсіп­тік-техникалық колледж­дер­де механизаторлар мен комбайн­шылар даярлануда. Осы сала­ның тізгінін ұстап отырған облыс­тық білім басқармасы да нақты қа­жет­тілікті біле бермейді. Істің қо­жырауы да міне осы үйлес­ті­рудің жоқтығынан болып отыр.

Облыстағы 67 астық қабыл­дау кәсіп­орны қазір соңғы даяр­лық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 4,4 миллион тонна астық қабылдай алады. Одан өзге ауылшаруашылық құры­лым­дарында екі миллион тоннаға жуық астық сақтауға мүмкіндік бар. Биыл ауа райы жауын-шашынды екендігін ескерсек, астық кептіретін құрылғылардың жылдағыдан көбірек қажет болатын түрі бар. Дәл қазір тәулігіне 100 мың тонна астық кептіруге қуаты жететін 240 құрылғы әзір. Алдын ала болжамға қарағанда, 2,5 миллион тонна астық ылғалды күйінде түсуі әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз қыруар жұмыс.

Сөз соңын түйіндей келе, облыстың бар байлығы алтын астық екендігін ескерсек, алдағы уақытта біз айтқан қадау-қадау мәселелер кең отырып кеңесетін, кешіктірмей шешетін шаруа.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»