• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Тамыз, 2018

Көшпенділер ойындарының көші түзеліп келеді

956 рет
көрсетілді

Биылғы 2 қыркүйекте Қырғызстан­да ІII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Әр түрлі іс-шаралармен қосталған ұлттық ойындар Ыстықкөл облысындағы айнала тау етегі шыршалармен көмкерілген табиғаты ғажайып Қыршын жайлауын­да және өлкенің бірден-бір курортты қаласы – Шолпанатада, осы қаладағы спорт кешендерінде және Ш.Айтматов атындағы «Рух Орда» мәдени орталығында өтпекші. Осы үлкен оқиғаның алдында ІII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына даярлық және өткізу бойынша хатшылықтың жетекшісі Нұрсұлтан Аденовпен әңгімелескен едік.

– Нұрсұлтан мырза, ІII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына санаулы күндер ғана қалды, әзірлік қалай?

– Жыл басынан бері жүргі­зіл­ген әзірлік жұмыстары аяқталып келеді. Ойындардың қатысушыларын, қонақтарды және көрушілерді қабыл алу­ға сақадай-сай әзірміз. Ұлт­тық рухымызды көтерген, ата-баба дәстүрін жаңғыртқан көшпенділер ойындарына республикамызда ерекше кө­ңіл бөлініп отыр. Қыр­ғыз­ Республикасының Пре­зи­денті Сооронбай Жээн­беков, Премьер-ми­нистр Мұхаммедқалый Абыл­ға­зиев даярлықтың барысын бақылап отырды. Бізбен қа­тар ұйымдастыру істерімен Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министр­лігі де айналысуда. 

Биылғы өзгешелік Үшін­ші ойындар кезінде 3 қыр­күйекте, Қырғызстанда Түркі тілдес мемлекеттердің ын­ты­мақтастық кеңесінің VI саммиті өтеді. Алқалы жиынға ке­летін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түр­кия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Пре­зи­денті Ильхам Әлиев және Өзбекстан Президенті Шав­хат Мирзиёев ІII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысады. Сондай-ақ Венгрия Пре­мьер-министрінің де келеті­ні белгілі болып отыр. Шетел­дер­ден басқа да жоғары дә­ре­желі қонақтардың келуі күтілуде. Бұл бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. 

Көшпенділер ойындары­ның ойдағыдай өтуі үшін бар­лық мемлекеттік мекемелер, ірі корпорациялар және бірқатар жеке кәсіпкерлер өз үлестерін қосты. Шолпаната қаласының іргесіндегі Бақты-Долоноты ауылындағы ипподром жөндеуден толық өт­кізілді. Осы Үшінші ойын­дар­ға арналып Бостері ауы­лын­да «Дордой-Номад» амфи­театры салынды. Қыршын жайлауында мыңға жуық боз үйлер (киіз үйлер) тігі­ліп, этноқала құрылды. Жай­лауда мәртебелі мейман­дар­ды қабылдау үшін ұлттық ою-өрнектермен әдіптелген ар­найы үлкен шатыр әзір­ленді.

– Көшпенділер ойында­рында спорттың қандай түрлерінен жарыстар өтеді?

– Бұл жылы әлем халық­тары­ның ұлттық спортының 37 түрінен жарыстар өтеді. Негізгілерін атай кетсек, олар: ат шабыс, құнан шабыс, ат үстінде садақ ату, жор­ға салу, көк бөрі (көкпар), қыр­ғызша күрес, қазақ күресі, сумо (жапонша күрес), ар­қан тарту, қол күрестіру, эр эңиш (ат үстіндегі ауда­рыс­пақ), тогуз коргоол (тоғыз­құ­малақ), ордо (асық ойындары), тайган жарыш (тазы салу), бүркіт салу, т.т. Жа­рыс­тарға 44 мемлекеттің спортшылары қатысады. 80 өл­кеден қонақтар күтілуде. Спортшылар 174 алтын медаль, 173 күміс медаль, 247 қола медаль үшін сайысады.

Бәйге қорына жалпы алғанда 26 миллион 615 мың сом қаржы бөлінген, Атап айтқанда, көкпарға – 6 миллион сом. Мұның жартысын жеңген команда алады. Екінші орын алғандікі – 1,5 миллион сом. Қола ме­даль иесі – 1 миллион сом. Төр­тінші орынға – 500 мың сом. Сондай-ақ «Көкпардың атақ­ты ойыншысы» және «Көк­пардың ең күшті аты» ата­лымдары бойынша 100 мың сомдық бәйгелер бар. Кү­рестің түрлері бойынша­ жеңгендер 70 мың сомнан, екін­ші орындағылары 35 мың сомнан, үшінші орын­да­ғылары 17,5 мың сомнан­ сыйлық алады. Күрес ойын­дарындағы жаңалық, «Көш­пен­ділердің ұлық күресі» деген сайыс өткізіліп, жеңген балуан 1 миллион сомға ие болмақшы.

– Ойындарды өткізуге бюд­жеттен қанша қаржы бөлінді?

– Ойындарды ұйымдасты­ру үшін мемлекеттік бюджеттен 307 миллион сом қаржы бөлінген. Сондай-ақ осындай көлемде бас демеушілерден қаражаттың түсуі күтілуде. «Құм­төр» компаниясы мен «Мегаком» ұялы байланыс операторы және «Аю-Хол­­­динг» сияқты жүздеген отан­дық компаниялар, банктер демеушілік көрсетуде.

– Биылғы көшпенділер ойындарының тағы қандай жаңалықтары бар?

– Биылғы ойындарда үш­ бағыт қамтылып отыр. Бі­ріншісі – ұлттық спорттың түрлері бойынша жарыстар. Екіншісі – мәдени іс-шаралар, үшіншісі – ғылыми форум. Мәдени іс-шаралардың аясында «Көшпенділер әлемі» атты этнографиялық фестиваль өтеді. Мұнда 20-дан астам мемлекет өз елдерінің фольклорын, ұлттық биін, киім­дерін сахнаға алып шы­ға­ды. Төкпе ақындардың ха­лықаралық айтысы өте­ді. Қыршын жай­ла­уында эко­логиялық тақы­рып­қа ар­налған фильмдер­дің «Мөңгү» («Мұздық») ­фору­мы ұйымдастырылады. ­Үш­ін­шісі – Алтайтану фору­мы. «Алтай текті әлемнің халықтық ойындары, оларға байланысты салт-дәстүрлері» деп аталған ғылыми жиналыс 27 тамызда Бішкектегі Қыр­ғыз Республикасының «Ала-Арша» мемлекеттік ­ре­зи­денциясында басталды. Оған қатысып жатқан 17 өлкенің 185-тен астам оқы­мыс­ты­лары жиын аяқтаған соң ІII Дү­ние­жүзілік көшпен­д­ілер ойын­дары­ның қадірлі қо­нағы ­болады.

Реті келгенде айта кетейін, Қыршын жайлауында ұйым­дастырылған өткен жыл­дар­дағы Көшпенділер ойындарында түркі халықтарының салт-дәстүр, әдет-ғұрып­та­ры­ның көрмелері және театрландырылған қойылым­да­ры («Бесікке салу», «Шаш өру рәсімі», «Ерулік», «Киіз үй тігу», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Ала киізге хан көтеру») ұйым­дастырылған. Биыл да көшпенділердің тұрмысын бейнелеген осы сияқты іс-шараларды өткеру белгіле­ніп отыр. Солардың бірі – бес күнге созылатын «Әлем көш­пенділерінің асханасы» фестивалі. Он елдің (Әзер­байжан, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Моңғолия, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея) әрбірінен 3-тен аспаз қатысатын жарыста сол ел­дердің көшпенді дәуіріндегі тамақ-астары әзірленеді.

Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындарының өткізі­ліп жатқанына Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас Ассам­блеясы жоғары баға беруде, ЮНЕСКО да бұл жолғы ойындарға қолдау көрсетіп отыр. «Көкбөрі» ойыны Қыр­­­ғызстанның атынан ЮНЕСКО-ның адамзаттың ма­­­те­­­риалдық емес мәдени мұ­ра­ларының тізіміне кіргізілді. 

Дүниежүзілік көшпенді­лер ойындары аймақтағы қа­рым-қатынастарды кеңей­туге, түркітілдес елдердің ауыз­бір­лігін нығайтуға, көшпенді елдер мәдениетіне және салт-дәстүріне негізделген идеологияны қалыптастыруға жаңа серпін берері сөзсіз. Екі рет ұйымдастырылып, тәжірибе жинақтаған «Көшпенділер ойындарының» көші түзеліп келеді.

ІII Дүниежүзілік көш­пенді­лер ойындары 9 қыр­күйек­те салтанатты түрде жабылады.

– Әңгімеңізге рахмет. Көш­­­­пенділер ойындары­ның­ игілікті өтуіне тілектес­піз.

Әңгімелескен 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы