• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2018

Аждаһаның азабы

345 рет
көрсетілді

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында британдық режиссер А.Сингердің Семей ядролық полигоны туралы түсірген «Жел қайда соғады?» атты деректі фильмінің көрсетілімі болды. 

Көрсетілімге Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен фильмнің басты кейіпкері, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков қатысып, сөз сөйледі.

Адамзаттың басына төнген атом аждаһасының зардабын дүние жүзіне жеткізуде режиссер көп тер төккені көрініп тұрды. Фильм Семей ядролық полигоны маңындағы халықтың қасіреті жалпы адамзаттық зұлмат екенін әлемге паш етуге тырысқан. Кәріпбек Күйіков сияқты атомдық алапаттың зардап шегушілерінің қазақ даласында мыңдап саналатынын көрсетумен қатар, режиссер олардың аянышты тағдырына адамзаттың назарын аударады. «Не үшін, кім үшін кейбір елдің билеушілері атом аждаһасын шығарып, оны қолданғысы келеді? Әрбір қолданған атом бомбасынан кейін жарымжан адамдар туғанын қалай ма? Оның қасіреті барлық адамзатқа бірдей емес пе?» деген сұрақтарды өзді-өзіне қойған А.Сингер АҚШ-тағы «Невада» ядролық полигон аймағының, Жапонияның Хиросимо, Нагасаки қаласы тұрғындарын да сөйлетіп, олардың қандай қасіретке ұшырағанын түсірген. Кәріпбек те фильмде басынан өткен жайларды ашық айтып, әр бомба сыналған сайын өздерінің үйлері жүріп кеткендей болатынын, барлық шыны ыдыстар сыңғырлап, жиһаздар теңселіп, төбе селкілдеп, үй дірілдеп кететінін айтты. Алдында екі баласы өлі туған анасы жаңа шаранасының екі қолы жоқ екенін көргенде есі шығып кеткенін, дәрігерлер баланы мәңгілікке ұйықтатып тастау туралы кеңес бергенін, тек әкесі жаны бар шақалақты өлімге қимай, үйіне алып келгенін айтқан кезде естіп отырғандар ауыр күрсініп отырды. Бет ауызы бітеу ісікті балалар, аяқ-қолы ғана емес көз-құлақтары жоқ жандар атом қасіретін барша әлемге айдай етіп әшкерелеп тұр. 

Бұл фильм БҰҰ-да көрсе­тілуі­мен қатар, әлемнің талай ірі орталықтарында ұсынылып, қазақстандық АТОМ жобасын қолдаушылар санын көбейткен екен. Фильмді түсірген бри­тандық киностудияның атауы «Spring Films». Әрине басқа да бірнеше студия осы тақырыпта фильмдер түсірген, бірақ мына студияның өнімі айрықша екен. Ол басынан аяғына дейін көрермендерді жалықтырмайтын, тартымды туын­ды екені көрініп тұрды. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».