Соңғы жылдары мейрамхана бизнесі кеңінен қанат жайды. Түні бойы дүркіреген музыка, одан қалса тарсылдата атылған отшашулар сол ауданның тұрғындарына маза бермейтіні белгілі. Тіпті жолдың жиегінен асып кетіп, жаяу жүргінші жолына жақын жерден заңсыз түрде созыла салынған сауда үйлері де айтыла-айтыла жауыр болды. Бір жағынан шағын және орта кәсіпкерлік – экономика тірегі. Десек те, кәсіпкерлер қарапайым тұрғындардың пікіріне құлақ асуы керек сияқты. Өйткені қалада өрт қауіпсіздігі мен газ шаруашылығының мәселесі ушығып тұр.
Жуырда Семей қаласының қоғамдық кеңес отырысында ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарындағы осы мәселе туралы кеңінен айтылды. Кемшіліктер өте көп. Айталық, қаладағы көптеген сауда орындары, дәмханалар бұқаралық орындарда, халық демалатын, көпшілік тамақтанатын нысандарда қолдануға болмайтын газ баллондарын пайдаланып отыр. Тексеріліп, ескерту берілсе де, сыннан қорытынды шығарып жатқан кәсіпкерлер жоқ.
«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң құқықтары туралы» Заңға біршама өзгерістер енгізілгені мәлім. Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өрт сөндіру қызметі мамандарының айтуынша, 2016 жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, төтенше жағдайлар басқармасы шағын және орта бизнес өкілдері салған жаңа нысандарды өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру құқығынан айрылған.
Соңғы жылдары жекеменшік – мемлекеттік әріптестік негізінде балабақша ғимараттары тұрғызылып жатыр. Яғни, кәсіпкер өз қолымен салған, заң бойынша тексеруге болмайтын нысан қатарына балабақша ғимараттары да кіріп отыр. Осыған орай өрт сөндірушілер балалар бақшасының тілсіз жауға қауіпсіздігін мүлде тексере алмайтын болған.
Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын өрт сөндірушілер кез келген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде, ғимаратты қабылдап алатын комиссия құрамында бірге келіп, қауіпсіздік шаруашылықтарын тексеретін еді. «Қазір өрт сөндірушілер жаңа нысанды қабылдап алмайтыны, тексермейтіні өте өкінішті. Семейде кәсіпкерлер тұрғызып, қолданысқа беріп отырған 300-400 орындық балабақшалар бар. Биыл жаңадан 39 шағын орталық пен балабақша ашылып, пайдалануға берілді. Бұл ғимараттарды өрт қауіпсіздігіне неге тексермеске? Өрт шығып кететіндей ақаулары бар ма, жоқ па, қорытындысын берулері керек қой», дейді ол.
Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі бөлімінің бастығы Ернар Жалеловтың айтуынша, 2016 жылдан бері заңнамадағы өзгеріске орай, басқарма мамандары шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге тиісті комиссия құрамына кірмейді. Ал Ресейдің Кемерово қаласында қаншама бала отқа оранып, көз жұмғаны белгілі. Бұл оқиғадан еліміз де сабақ алып, әсіресе балалар жүретін жерде өрт қауіпсіздігін күшейтуі керек еді. «Бір өкініштісі, бұл мәселелер ел заңнамасында өзгерістер болған кезде ғана шешілмек», дейді өртке қарсы қызмет бөлімінің басшысы.
Расында, қалада газ шаруашылығының жұмыстарын тексеретін инспекцияны құру өте өзекті. Осы мәселе жөнінде журналист Вера Кропачева да өз пікірін білдірді. Оның уәжінше, өртке қарсы күрес қызметінің мамандары көптеген олқылықты осы уақытқа дейін тек сауда орталықтары мен ойын-сауық нысандарынан ғана анықтаған. Ал балалардың өмірі үшін кім жауап береді?
Қазіргі уақытта көпқабатты үйлердің барлығында дерлік тұрғындар үйлеріне газ баллон сатып алып, ай сайын ауыстырып отырады. «Жаман айтпай жақсы жоқ», рұқсат қағазы жоқ үйлерде газ баллон жарылып жатса, тұрғындардың өміріне қауіп төнері анық. Сондықтан да қала әкімдігі, қоғамдық кеңес және төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері құрамына кіретін арнайы инспекция құрған абзал. Өскеменде газ шаруашылығының инспекторы жұмыс істейді. 2012 жылдан бастап жаңа заңға орай, Семейде газ мәселесін қадағалау жергілікті әкімдік құзырына берілген.
– Семейде қазір екінің бірі газ сатумен айналысады, – деді Ернар Жалелов, – бұрыш-бұрышта баллондарын қарбыз сатқандай қысы-жазы сатып жатады. Ондағы баллондардың қауіпсіздігін қарап жатқан ешкім жоқ.
– Семей қаласында газ қызметін бақылайтын инспектор штаты әзірше жоқ болып тұрғаны өкінішті, – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков, – біз облыстық әкімдікке газ инспекторының штатын беру жөнінде өтініш жазған едік. Әзір жауап жоқ. Расында да газ баллондарды сату және тасумен айналысатын жеке кәсіпкерлік нысандарды тексеруге құқымыз жоқ. Олар рұқсаты болса да, болмаса да көппәтерлі үй иелеріне баллон сатып жатады. Рұқсатсыз жерде газ баллон ұстағаны үшін тағы да қанша айыппұл салынуы керек, оны қалай жүзеге асырамыз, осының бәрі белгісіз болып отыр. Себебі нақты осы іспен айналыcатын инспектор жоқ. Бұрын табиғи газ семейліктердің үйіне дейін жеткізілетін. Газгольдерлер жұмыс істеп тұратын және көппәтерлі үйлер арасында газ құбырлары тартылып, бұл шаруашылықтың өзіндік жүйесі бар еді. Бүгінде осы газ баллондар рұқсат етілмеген жағдайда пайдаланылады. Газгольдері бар үйлер өз өтініштерімен пәтерлеріне сұйық газ түрін тартып алды. Ал көп жерде газгольдерлер босқа тұр. Газ құбырлары қиылып тасталған. Сондықтан ондай орындарда газгольдерлерді алып тастап, орнына балалардың ойын алаңын да салған жөн сияқты. Айта кетер мәселе, егер газ баллон рұқсат етілмесе, пәтер ішіне электр плиталары қойылады. Бұл үшін электр қуаты сапалы берілуі керек. Электр сымдары төзімді, заманауи түрі таңдалынып алынғаны жөн. Біз электр плиталарына орай Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясы өрт қауіпсіздігі үшін пәтер иелері кооперативіне салған айыппұлдарын, ескертпелерін дұрыс деп есептейміз. Бұл да тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаевтың айтуынша, көптеген дүкендер, бизнес нысандары көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналасқан. «Өрт қауіпсіздігі бойынша, бұл дүкендердің есігі сыртқа қарай ашылуы керек. Мәселен, төтенше жағдай орын алғанда сыртқа қарай лап қойған жұртқа есік ішке қарай ашылып, бөгет болмауы тиіс. Себебі өрт кейде санаулы минутта адам өмірін жалмап кететіні анық. Бірақ Семейдегі дүкендердің көпшілігінің есігі ішке қарай ашылады. Кәсіпкерлікті дамытқан да, қолдаған да, қорғаған да жөн, бірақ ең алдымен адамдардың игілігіне, қауіпсіздігіне қызмет етуі керек», деді Н.Исаев.
– Біз Үкіметке және Парламентке қала құрылысы, сәулет мәселесіне орай заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап хат жазып отырмыз, – деді қалалық қоғамдық кеңес төрайымы Жанна Жибраева, – тым болмағанда балабақша, шағын орталықтар сияқты орындар пайдалануға берілген кезде өрт қауіпсіздігіне тексеруге мүмкіндік берілсе дейміз. Газ баллондарды көппәтерлі үйлерде пайдаланудың дұрыс-бұрыстығын тексеретін инспектор қызметінің қажеттігі, балабақша мен шағын орталықтардың қауіпсіздігі, есік алдында қаңтарылып тұрған газгольдерді алып тастаудың керектігі, бір сөзбен айтқанда, қаламыздың қауіпсіздігі, тыныштығы осы мәселелерге тікелей байланысты екендігін мойындап, көптеген дүниені қайта қалыпқа келтіру бағытындағы жұмыстарды қолға аламыз.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ